«Шайтан алсын, шал алсын...»
«Шайтан алсын, шал алсын...»
Қазіргі уақытта қазақ спортының алға басып келе жатқанына ешкім де күмәнмен қарай қоймас. Әлемдік спорт додаларында Көк Туымыз биікке жиі көтеріледі. Бірақ бұл спорт саласында күрмеулі мәселе жоқтығын білдірмейді. Әсіресе, спорттағы легионерлер мәселесі талай жылдан бері талқыға түсіп келеді.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің әрбір Жолдауында елдегі әлеуметтік мәселелерге ерекше назар аударатыны белгілі. Оның ішінде дене шынықтыру және спорт саласы да басымдыққа ие. «Қазақстан-2050» стратегиясында Елбасы: «Дене шынықтыру мен спорт мемлекеттің айрықша назарында болуы тиіс. Нақ сол саламатты өмір салты ұлт денсаулығының кілті болып саналады. Алайда елде барлығы үшін қолжетімді спорт нысандары, спорт құрал-жабдықтары жетіспейді. Осыған байланысты Үкімет және жергілікті органдар дене шынықтыруды, бұқаралық спортты дамыту және типтік жобадағы дене шынықтыру-сауықтыру нысандары, соның ішінде аула нысандары құрылысы бойынша шаралар қабылдау қажет», – деген болатын. Президенттің тапсырмасын орындау барысында еліміздің Мәдениет және спорт министрлігі қазақ спортындағы легионерлерге бюджет есебінен жалақы бөлуді тоқтатып, сол қаржыны бұқаралық спортты дамытуға жұмсау туралы шешім қабылдады.
Легионер қажет болса, демеуші тап...
Бүгінгі күні кез келген спорт түрін легионерлерсіз елестету мүмкін емес. Қазақстан спортшыларының қатарынан түр-түсі, азаматтығы бөлек ойыншыларды көруге көзіміз де үйреніп кеткен. Әсіресе, отандық футбол клубтарындағы ойыншылардың біразы – легионерлер. Келімсектерден көптеп жасақталған құрамаларды көрген шетелдіктер қазақ баласын спорттан алшақ, доп тебуге қабілетсіз деп есептейтіндігі сөзсіз. Алайда бүгінде салауатты өмір салтын ұстанатын, спортқа жақын балалардың қарасы қалың. Бәрі бірдей кәсіби спортшыға айналмаса да, солардың қатарынан ел үмітін ақтайтын чемпиондардың шығатындығы ақиқат. Қазақ спортының болашағы – сол жастардың қолында. Ал әзірге спорттағы легионерлерге күніміз қарап тұрғаны жасырын емес. Жалпы, спорт әлемінде легионерлерді топқа қосу құбылысы үйреншікті жағдай. Сырттан легионер тарту «дерті» бізге ғана тән дүние емес. Дегенмен, біздің елде ғана келімсек спортшыларға ерекше құрмет көрсетілетіндігін мойындауымыз керек. Қазақ футболындағы шетелдік ойыншыларға миллиондаған теңге жалақы төленетіндігін бұған дейін де бірнеше мәрте жазғанбыз. Тіпті, бұл мәселеге депутаттар да үнемі назар аударып, шетелден келген легионер ойыншыларға бөлінетін жалақыны балалар спортын, ауыл спортын дамытуға жұмсау қажеттігін ескерткен. Өткен жылы Үкімет сағатында айтылған депутаттардың «легионерлердің жалақысын реттеу қажет» деген ұсынысын Мәдениет және спорт министрлігі биыл шындап қолға алған сыңайлы. Өйткені үстіміздегі жылы аталған министрлік «Дене тәрбиесі және спорт мәселелері бойынша ҚР-ның бірқатар заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу жөніндегі» Заң жобасын талқылап, ел Үкіметі легионер футболшыларға бюджет қаржысынан жалақы төлеуді доғару қажеттігін айтты. Бұл жайды Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы: «Біз бюджеттің ақшасына шетелден легионерлер әкелуге қарсымыз. Жеке кәсіпкерлер өз қаражатына легионерлер әкеліп жатса, әңгіме бөлек. Ал бюджеттің ақшасы спорт түрлерін дамытуға жұмсалуы керек», – деп түсіндірген болатын. Яғни, команда құрамынан легионер ойыншыларды көргісі келгендер демеуші табуы қажет.Ниет бар, нәтиже жоқ
Министрліктің легионерлерге мемлекет есебінен жалақы төлеуді тоқтатып, есесіне бұқаралық спортты дамытуға бет бұруы өте орынды. Өйткені өңірлерде дамыған спорт түрлеріне бюджеттен аз қаржы бөлінеді. Легионерлерге осы уақытқа дейін төлеген миллиондаған қаражатқа бүгінде қаншама ауыл-аймақтарда спорт орталықтары салынып, жүздеген, мыңдаған балаларды спортқа тәрбиелеуге мүмкіндік туар еді. Ауылда өскен қазақ баласының спортқа бейім екендігін кәнігі мамандар да, қарапайым жұрт та айтудан жалыққан емес. Тек сол балаларды ары қарай шыңдап, кәсіби спортқа баулитын орталықтар мен мектептер қажет. Министрліктің бастамасы оңды болса, осы мәселе бір шешімін табар деген үміт бар. Еліміздегі футбол клубтарының құрамында жүрген шетелдік ойыншыларды азайтудың тағы бір қадамын 2015 жылы Қазақстан футбол федерациясы жасаған еді. Сол кезде федерация Премьер-лига клубтары ойыншылар қатарына қазақстандық футболдың түлектері болып саналмайтын 8 футболшыны ғана тіркей алатындығын ескерткен. Бірақ биылғы жылдың басында өткен Кәсіпқой футбол лигасы мүшелерінің жалпы жиналысында барлық командалар құрамына қосымша тағы да екі легионерден тіркеу мүмкіндігі берілді. Бірақ әрбір қосымша легионер үшін қомақты көлемде сыйақы төлеу керек. Біздің елде легионерлер санын азайтуға құлық танытқандардың әрекеті аса нәтижелі болып жатқан жоқ. Ал Қытай билігі жыл басында шетелден легионерлер сатып алатын футбол клубтарын қатаң жазалау туралы шешім шығарды. Спорт және дене шынықтыру басқармасы футбол клубтарының трансферлік шығынына және легионерлердің жалақысына шектеу қойып, олардың орнына өз елдерінің спортшыларын тартпақ. «Біз футболшыларды өте қымбат бағаға сатып алғуға шектеу қоямыз. Алдағы уақытта бұндай бассыздық болмайды. Қытайдың футбол клубтарында өз өрендеріміз ойнауы тиіс. Шетелден өте қомақты қаржыға легионер шақырғанша өзіміздің 21-23 жас аралығындағы жастарымызды ойынға тартуымыз керек. Өзге елдің футболшыларын сатып алатын ақшаны өз бапкерлеріміздің біліктілігін арттыруға жұмсаймыз», – деп мәлімдеген болатын Қытай билігі. Көрші елдің бұл бастамасын біздің шенеуніктер де үлгі етсе, нұр үстіне нұр болар еді.Сыпырынды спортшы дегендер кім?
Бұрындары елімізде футболда ғана көрініс табатын легионерлік бүгінде барлық спорт түрлеріне дендеп еніп кеткені айқын. Осы тақырыпқа орай 2016 жылы отандық басылымдардың біріне сұхбат берген ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Несіп Жүнісбай футболдағы бұл құбылысты тоқтату мүмкін еместігін айтыпты. «Футболда легионер дегенді тоқтату мүмкін емес және оның қажеті де жоқ. Бірақ легионерлер біздің командадағы басқа ойыншылардан бір қарыс жоғары ойнайтын, шеберлігі мықты, атақты футболшылар болуы керек. Сонда футболшыларымыз соларға қарап, өздерінің өнерін ұштайды. Бірақ біз көбінесе сыпырынды футболшыларды алып жатырмыз», – дейді Несіп Жүнісбай. Рас, елімізге келетін легионерлердің көбі шеберлігімен көзге түсіп, жұрттың таңдайын қақтырған ойыншылар емес. Орта деңгейдегі ойыншыларды аттай қалап әкеліп, ұлттық құрамаларға қосу қазақ спортының көсегесін көгертпейтіні талай рет дәлелденді. Сырттан келген спортшылардың Қазақстанның абыройын асқақтату үшін еңбек етпейтіндігі айтпаса да түсінікті. Сыпырынды спортшылар үшін ең бастысы – ақша. Легионерлердің бәріне бірдей қара күйе жағудан аулақпыз. Десек те, бұл – шындық. Жасыратыны жоқ, легионерлер қатарында еліміздің жалауын желбіреткендер жетерлік. Тіпті, кейбірі әлі күнге дейін еліміздің спортын дамыту үшін еңбек етіп жүр. Арасында Қазақстан азаматтығын алып үлгергендер де бар.Олимпиадада олжалы қылған легионерлер
Елімізге сырттан келген легионерлер әр өңірдің атынан сынға түседі. Ал оларды аймақтарға бөлу кезінде додалардан топ жарып шығатын спортшылары жоқ өңірлер ескеріледі. Негізінен, легионерлердің көпшілігі Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстарының атына жазылады. Ел қоржынына медаль салған тарландар қатарында легионерлер де бар. Мәселен, 1996 жылы өткен Атланта олимпиадасында Қырғызстанда дүниеге келген Юрий Мельниченко грек-рим күресінен алтын медаль иеленді. Қазақ топырағында әлі күнге дейін табысты еңбек етіп жүрген легионер спортшылардың бірі де бірегейі – осы Мельниченко. 2004 жылғы Афины олимпиадасында 3 легионер спортшы ел қоржынына олжа салды. Олар – грек-рим күресінен күміс медаль алған Георгий Цурцумия, еркін күрестен күміс медаль олжалаған Геннадий Лалиев және грек-рим күресінен қола медаль еншілеген Мхитар Манукян. Еліміз үшін табысты болған 2008 жылғы Бейжің олимпиадасындағы жетістігімізге сырттан шақырылған спортшылардың қосқан үлесі мол. Ауыр атлетикадан Алла Важенина күміс медаль сыйлады. Ресейде бағы жанбаған спортшы Алексей Нидің шақыртуымен елімізге келіп, тіпті, Қазақстан азаматтығын да алған болатын. Бейжің олимпиадасының күміс медалі мен Қазақстан Үкіметі берген ақшалай сыйлықты алғаннан кейін Важенина туған еліне қайта оралды. Спортшы өзінің бір сұхбатында Қазақстаннан кетуінің себебін жалақысының аз болуымен түсіндіріпті. Алла Важенинаның бұл әрекеті «легионерлер елімізге ақша үшін ғана келеді» деген ойымызды айғақтай түскендей. Сондай-ақ, Бейжіңде жүлделі болған легионер спортшылар қатарында еркін күрестен күміс медаль еншілеген Таймураз Тигиев, әйелдер күресі бойынша қола медаль иегері Елена Шалыгина, еркін күрестен қола медаль алған Марид Муталимов бар. Жазғы олимпиада тарихында қазақстан үшін ерекше есте қалған – Лондон олимпиадасы. Бұл жолы ауыр атлетикадан алтыннан алқа таққан қыздардың үшеуі де – легионерлер. Қытайлық Зүлфия Чиншанло, Майя Манеза және орыс қызы Светлана Подобедова Лондонда ел абыройын асқақтатқанымен, былтыр үшеуінің де допинг қолданғаны анықталып, Рио олимпиадасына бара алмады. Лондон олимпиадасында грек-рим және әйелдер күресінен Даниял Гаджиев пен Гүзел Манюрова ел қоржынына қола медаль салды. Ал 2016 жылғы Рио олимпиадасында алтыннан алқа таққан ауыр атлет Ниджат Рахимов Әзірбайжанның тумасы. 2015 жылы Хьюстонда өткен әлем чемпионатында топ жарған Рахимов Риода да елімізге жеңіс сыйлады. Қазақстанға келгеніне бірнеше жыл болған қытайлық ауыр атлет Фархад Харки Рио төрінде қолы медальді қанағат тұтты. Ал моңғол қызы Галбадрах Отцгонцэцэг дзюдодан олимпиаданың қола медаліне қол жеткізген болатын. Айта кетейік, жарыстардан жүлделі қайтқан спортшылардың барлығына ел Үкіметі сыйақы тағайындап, біразына пәтер кілті де табысталды. Қазақстанның атын шығарып, абыройын асқақтатқан спортшыларға үлкен қолдау білдіреді. Олимпиада жүлдегерлеріне сыйақы беруден Қазақстан әлемдегі үздік бестікке енеді екен. Легионерлердің Қазақстан үшін додаға түсуінің бір сыры осында болса керек. Қалай десек те, қазақтың атын қазақ қана шығара алады. Сондықтан, легионер сыйлаған медальді қадір тұтқанша, қазақ жастарының өз деңгейінде спортпен шұғылдануына жағдай жасау керек. Мәдениет және спорт министрлігі жаңа ереже ұсынып, сеңді бұзғандай болды. Тек биліктегілер осы үрдістен айнымаса болғаны... Қазақ ақыны Сәбит Дөнентаев «Жәмила қыз» атты өлеңінде «Шайтан алсын, шал алсын, Төкең байғұс мал алсын» дейтін еді қызын малға сатқан Төкішті сынға алып. Біздің бүгінгі спорттағы жағдайымыз да осыған ұқсас болып барады. «Ең бастысы, Қазақстанның атын шығарса болды» деп, легионер спортшыларға сенім артып, талай жылдарды артқа қалдырдық. Легионер спортшы алтыннан алқа тақса да, бөтеннің аты бөтен. Жас ұрпақ оны мақтан тұта алмайды.