Қазақстандықтар қажылыққа тікелей әуе рейстерімен баратын болды
Қазақстандықтар қажылыққа тікелей әуе рейстерімен баратын болды
Биыл елімізден 2500 адам қажылық сапарға аттанады. Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы хабарлайды.
"Биыл Сауд Арабия Корольдігінің Қажылық министрлігі Қазақстанға 2500 қажылық квотасын бөлді. Осы 2500 квота ҚМДБ қажылық комиссиясының талабынан өткен қажылық компанияларына үлестірілді. Биыл отандастарымызға 16 қажылық фирмасы қызмет көрсететін болады. Фирмалардың жұмысын Қажылық Миссиясы жіті қадағалап, тиісті тапсырмалар мен нұсқамалар береді. Қажылық маусымында ескерту алған немесе жұмысы талапқа сай болмаған фирмаларға қатысты ҚМДБ Қажылық комиссиясы арнайы шара қолданбақ. Мақсатымыз – қажыларға көрсетілетін қызметтің барлық түрін жоғары деңгейге көтеру", – дейді ҚМДБ Қажылық бөлімінің меңгерушісі Бейбіт қажы Әліпбекұлы.
Қажылық сапарға дәрігерлер де барады. Олардың негізгі мақсаты – жұқпалы, созылмалы аурулардың алдын алу, қажылық кезінде пайда болатын кез келген ауруды алдын алып, анықтау және қонақ үйлердің санитарлық-гигиеналық жағдайын бақылау.
"ҚМДБ мен Сауд Арабия Корольдігі Қажылық министрлігінің арасындағы келісім-шартқа сәйкес, Қазақстан қажыларының жартысын отандық «SKAT» компаниясы, қалған жарты бөлігін қажылыққа шақырушы Сауд Арабия Корольдігі тарапынан «Флай-Нас» халықаралық әуе компаниясы таситын болды", - дейді Бейбіт қажы Әліпбекұлы.
Қазақстандықтар 22 тамыздан бастап Мекке мен Мәдина қалаларына тікелей рейстермен ұшады. Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан жүзеге асатын тікелей рейстер Мекке мен Мәдина шаһарын 4-5 сағатта бағындырмақ.
"Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен ҚМДБ-ның төл «Tawaf travel» атты қажылық компаниясы ашылды. «Tawaf travel» қажыларға жоғары деңгейде қызмет көрсететін болады. Биыл компания 300 қажыны қасиетті сапарға апарады. Әлемдік мұсылман елдеріндегі тәжірибеге сәйкес, қажылық сапарын жергілікті мұсылмандар діни басқармалары ұйымдастырады", - дейді Бейбіт қажы.