Жаңалықтар

Ақтөбеліктер Қытайдан келетін 2 мың туристі әлі күтіп отыр

ашық дереккөзі

Ақтөбеліктер Қытайдан келетін 2 мың туристі әлі күтіп отыр

ЭКСПО көрмесі аясында Ақтөбе қаласына 2 мың турист келуі мүмкін екені айтылған болатын. Ақтөбеліктер қытайлықтарды әлі күтіп жүр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі аясында Ақтөбе қаласына туристердің келетіні туралы Димаш Құдайбергеннің анасы Светлана Айтбаева облыстық мәслихат сессиясында мәлім еткен болатын. Сол кезде жергілікті депутат Димаштың анасының қолынан туристерге шай беру ұсынысын айтты. Ақтөбе облыстық сыртқы байланыстар және туризм басқармасының басшысы Ермек Кенжеханұлы өңірге 2 мың қытайлық келетінін, Димашқа арнап арнайы туристік бағдар әзірленгенін жеткізді. Алайда арада бір ай уақыт өткенімен, қытайлық туристерден хабар жоқ. «Әлі хабар жоқ, күтіп отырмыз»,- деді Ақтөбе облыстық сыртқы байланыстар және туризм басқармасының басшысы Ермек Кенжеханұлы. Негізгі туристік маршрутты дайындаған «Зере тур» компаниясының директоры Ботагөз Крамбаеваның айтуынша, олар әнші Димаш Құдайберген білім алған мектебін, музыкалық колледжін қытайлықтар тамашалайтын орындар қатарына енгізген. «Туристік маршрутты дайындап, қытайлықтарды қабылдауға әзір отырмыз. Бірақ олардан хабар жоқ. Алдымен шілде айында деді, кейін тамыз айында деп айтты. Анығын ешкім білмейді»,- деді ол.