Шымкентте ата-аналардың 30 пайызға жуығы оқулықты өз қаражаттарына алады
Шымкентте ата-аналардың 30 пайызға жуығы оқулықты өз қаражаттарына алады
Шымкенттік оқушыларды кітаппен қамтамасыз етуге қазынадан 1млрд 300 млн теңге жұмсалады. Сөйтіп, биылғы оқу жылында 2,5 және 7-ші сынып оқушылары 100 пайыз кітап беріледі. Бұл туралы Шымкент қалалық білім бөлімінің басшысы Жанат Тәжиева мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.
Бөлім басшысының айтуынша, қазір 12 баспамен келісім-шарт түзіліп, 12 жылдық білім бағдарламасы шеңберінде 1 млн. 4 мың 849 дана оқулыққа тапсырыс берілген. Сондай-ақ, 4-ші сыныптың ағылшын және 9-шы сыныптың «Зайырлы этика және дінтану негіздері» кітабы қайта басылып шықты. Десе де жыл сайын мектеп оқушыларының саны орта есеппен 8000-ға артуына байланысты оқулық жетіспеушілігі туындауы мүмкін. Сондықтан ата-аналардың 30 пайызға жуығы оқулықты өз қаражатына алып беруіне тура келеді. «Бізде оқулық мәселесі ата-аналар тарапынан түсініспеушілік туғызуда. Көбіне 100 пайыз оқулықпен қамтылады делінеді. Дегенмен биыл 1,8-ші сыныптың оқушылары ғана мектептен кітаптарды толық тегін алады.
Ал, қалғандары аз қамтамасыз етілген, көпбалалы отбасынан шыққан балаларға үлестіріледі. Тағы бір бөлігі сауда орындарынан сатып алатын болады. Сондай-ақ білім беруді дамыту бағдарламасы негізінде әр жылы кезең кезеңімен оқулықтар жаңартылады»,-дейді Шымкент қалалық білім бөлімінің басшысы Жанат Тәжиева. Оқулықтарды келісімшарт негізінде «Қазпошта» акционерлік қоғамы тасымалдайды. Мекеме тамыз айының 25-іне дейін қаладағы 128 мектепке кітаптарды жеткізіп үлгеруі тиіс. Ал, қалған сынып оқулықтарын 100 пайыз қамтамасыз ету келер жылдарға жоспарлануда. Жалпы, сала мамандарының сөзінше, Қазақстан 12 жылдық білім беру жүйесіне 2019-2020 жылдары толық көшеді. Алпауыт елдердің тәжірибесі елді осы межеге ұмтылдырады. Бұл реформа қазақстандық оқушылардың жаңа технологияны игеріп, дүниежүзін мойындатуына септігін тигізбек.