Бейтаныс қызды алып қашқан ақтөбелік жігіт 5 жылға сотталды

Бейтаныс қызды алып қашпақ болған ақтөбелік жігіт Санат Өмірзақов 4 жыл 6 айға, досы Алдаберген Жұмажанов 5 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Қазақпарат.

Сот отырысында прокурор Асылхан Сәрсенбаев Өмірзақовқа 6 жылға, досы Жұмажановқа 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасын беруі сұрады.

Жәбірленуші тарап айыпталушыларға жеңіл жаза беруін сұрап, кешірім берді.

Соңғы сөзінде Санат Өмірзақов «Бас бостандығымнан айырмауды сұраймын, басқа айтарым жоқ» деп қысқа қайырды. Жұмажанов кешірім сұрап, өздеріне кешірім берген жәбірленушіге алғысын жеткізді.

Іс «Адам ұрлау» бабы бойынша қаралды. Сот төрешісі Ерлан Бақытжан айыпталушыларды кінәлі деп тауып, мүлкін тәркілей отырып, Өмірзақовты 4 жыл 6 айға, Жұмажановты 5 жылға бас бостандығынан айыруға шешім шығарды.

Сот үкімі шыққан соң жәбірленуші «Істі қайта қарауға болмай ма?» деп сұрады. Үкім заңды күшіне енген жоқ. Тараптар 15 күнде аппеляциялық шағым түсіре алады.

Айта кетейік, 14 маусым күні Өмірақов сүйіктісімен ұрысып қалған соң досы Жұмажановпен ақылдаса отырып, өзге қызды алып қашуы ойластырады. Осылайша базарда жүрген бейтаныс қызды күштеп алып қашпақ болған.

Back to top button