Жаңалықтар

Швейцарияда Қазақстанның елтаңбасы бедерленген сағат жасалды

ашық дереккөзі

Швейцарияда Қазақстанның елтаңбасы бедерленген сағат жасалды

Швейцарлық сағат шеберлерінің қазақстандықтарға құрметі артып келеді. Жуырда атақты «Frank Muller» фабрикасы цифрлық бетінде Қазақстанның елтаңбасы бейнеленген қалта сағатын жасап шығарды. Ерекше туындының саны шектеулі. Айта кетерлігі, швейцарлық сағат брендтері бұған дейін де бірнеше рет қазақстандық нышандар бедерленген бірегей өнімдерді сатылымға шығарған болатын. Олардың ең қымбаты 250 мың АҚШ долларынана дейін бағаланды. «Frank Muller» бренді жасап шығарған сағаттардың бағасы да кез келгеннің қалтасын көтере бермейді. Талғампаздар бұл өнімдерді 29 мың АҚШ долларына сатып ала алады, ал алтынмен апталғандары тіпті қымбат: 39 мың доллар. «Frank Muller» өнімдерін отандық нарықта саудалаушы дүкен қызметкерлерінің айтуынша, Қазақстанның мемлекеттік рәмізі көрініс тапқан қалта сағаты шектеулі данамен жасалғандықтан, қымбатттығына қарамастан сатып алуға тілек білдіргендер көп екен. Швейцарлық сағаттардың танымалдығы артқаны соншалық, Астана мен Алматыда осы ерекше аксессуарларды кепілге алу арқылы қарыз беретін ломбардттар көбейді. Мәселен, оңтүстік астанадағы осындай ломбардтардың бірінің қожайыны швейцар шеберлері жасаған брендтік сағаттарды кепілге қоюшылардың қатары артқанын айтады. Тіпті, бірегей өнімдердің көшірмелері де интернет-дүкендерде белсенді сатыла бастаған. Бірақ көшірмені түпнұсқадан айыру аса қиындық тудырмайтын көрінеді. Өйткені швейцарлар сағат жасауда беті оңайлықпен сырылмайтын сапфир әйнекті қолданады екен.