ЭКСПО: Астанаға Соломон аралдарының өнерпаздары келді

ЭКСПО: Астанаға Соломон аралдарының өнерпаздары келді

ЭКСПО: Астанаға Соломон аралдарының өнерпаздары келді
ашық дереккөзі
 Бүгін «ЭКСПО-2017» көрмесінде Соломон аралдарының ұлттық күні тойлануда. Осыған орай, Астанаға Соломон аралдарының танымал Inamauri Panpipers тобы келді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі. Салтанатты ашылу шарасының ресми бөлігі екі елдің әнұранымен ашылды. Бұл шараға ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ақылбек Камалдинов пен Соломон аралдарының Тау-кен, энергия және ауылдық жерлерді электрлендіру министрі Дэвид Дэй Пачи қатысты.   «Соломон аралдарының қалада да, ауылдық жерлерде де жаңартылатын арзан энергия көздеріне қол жеткізуді қамтамасыз ете алатын әлеуеті бар. Қазіргі уақытта ауылда да, қалада да электр қуаты шектеулі және біздің министрлік сенімді әрі қолжетімді энергия жеткізілімдері үшін бірқатар жобаларды іске асырып жатыр.  Провинцияларды энергетикалық дамыту, Тина өзенінің гидроэнергетикасын дамыту секілді бірнеше жоба бойынша Соломон аралдары донорлармен тығыз байланыс орнатқан. Бізге Тәңір сыйлаған ресурстарды нығайту және пайдалану мақсатында біздің үкіметпен және Соломон аралдарының халқымен жұмыс істеу үшін барлық әлеуетті инвесторларды және әріптес донорларды шақырамыз», - деді Дэвид Дэй Пачи. Ашылу салтанатының ресми бөлігі аяқталған соң, танымал Inamauri Panpipers тобы және вокалист Эван Манунуа өнер көрсетті. Олардың экзотикалық образдары мен ырғақты әуендері келушілерді тәнті етпей қоймады.   Концерттік бағдарламадан кейін екі ел делегациялары Соломон аралдары бұрышы орналасқан Тынық мұхиты аралдары павильоны мен Қазақстанның ұлттық павильоны «Нұр Әлем» сферасын аралап көрді. Айта кетерлігі, Соломон аралдары - Тынық мұхитының оңтүстік батысында орналасқан 992 аралдан тұратын мемлекет. Қазақстан мен Соломон аралдары арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастар 2012 жылы 17 тамызда орнады. 2015 жылы қыркүйек айында Самоада «Тынық мұхитын дамыту жөніндегі форумның көшбасшылары саммиті» аясында ҚР Сыртқы істер министрі Е.Ыдырысов пен Соломон аралдарының премьер-министрі Манассэ Согаваре кездесіп, екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамытудың басты бағыттары белгіленді.