Жаңалықтар

«Қызыл кітапқа» енген бағалы құстар тоққа түсіп, жаппай қырылуда

ашық дереккөзі

«Қызыл кітапқа» енген бағалы құстар тоққа түсіп, жаппай қырылуда

Еліміздегі электр бағандарының басым бөлігі құстарды қорғау қондырғыларымен жабдықталмаған. Сол себепті «Қызыл кітапқа» енген бағалы құстар тоққа түсіп, жаппай қырылуда. Салдарынан қарасы сиреп кеткен қанаттылардың мүлдем жойылып біту қаупі төніп тұр. Маңғыстау даласына зерттеу жүргізген қазақстандық және ресейлік ғалымдар осылай деп дабыл қағуда. Мамандар қанаттыларды сақтап қалу үшін электр бағандарын құстарды қорғайтын және үркітетін ультрадыбыстық қондырғылармен жабдықтауды ұсынып отыр.

Отандық және ресейлік ғалымдардан бірлескен топ арнайы жоспар құру қажеттігін айтады. Мамандардың сөзіне сенсек, электр тасымалдайтын желілері бар мекемелерге арнайы жоспар бойынша енді құстарды қорғаудың белгілі бір жылдарға арналған іс-шаралары бекітілу көзделмек. Аталмыш жобаны қаржыландырудың тетіктері де қарастырылып жатқан көрінеді. Маңғыстау жазығын дала бүркіті, қарақұс, ителгі, лашын, үкі секілді сирек кездесетін құстар мекендейді. Олардың басым бөлігі «Қызыл кітапқа» енгізілген. Өлген құстардан табиғатқа 18 миллион теңгедей шығын келген.