«Дарын» жастар сыйлығына өтінімдерді қабылдау басталды

«Дарын» жастар сыйлығына өтінімдерді қабылдау басталды

«Дарын» жастар сыйлығына өтінімдерді қабылдау басталды
ашық дереккөзі
Қазақстандық жастардың ғылыми, шығармашылық және қоғамдық қызметтегі жемісті еңбегі үшін берілетін «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығына өтінімдерді қабылдау басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Бұл туралы ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев өзінің Facebook парақшасында мәлім еткен. «Құрметті достар, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығын алу үшін байқау жарияланғанын хабарлаймын. Үміткерлердің құжаттары 2017 жылдың 19 қыркүйегіне дейін Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Жастар саясаты департаментінде қабылданады. Еліміздегі 29 жасқа дейінгі барша жас дарындарды конкурсқа қатысуға және өздерінің шығармашылық жетістіктерін көрсетуге шақырамын», - деп жазды министр. Атап өткен жөн, екі жылда бір рет тағайындалып келген «Дарын» жастар сыйлығы бұдан былай жыл сайын берілетін болады. Сыйлық алу мәртебесіне ие болу үшін 29 жасқа дейінгі азаматтар ғылым, әдебиет, журналистика, спорт, халық шығармашылығы, дизайн және бейнелеу өнері, эстрада, театр және кино, классикалық музыка, қоғамдық қызмет номинациялары бойынша сынға түсе алады. Жеңімпаздарды салтанатты марапаттау рәсімі Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күніне орай өткізіледі. Оларға «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты» атағы беріледі, диплом, төсбелгі және ақшалай сыйлық табыс етiледi. Әр жылдары «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы Серік Сәпиев, Илья Ильин, Ольга Шишигина, Арын Орсариев, Мейрам Бегентаев, Ғалым Ахмедьяров, Сара Тоқтамысова, Махат Садық, Ринат Кертаев, Дихан Қамзабекұлы, Досымжан Таңатаров, Айгүл Иманбаева сияқты белгілі талантты тұлғаларға және «Муз АРТ», «Жігіттер», «Ұлытау» топтарына берілді.