Жаңалықтар

Алматы қоғамдық кеңесі жолақысын 150 теңгеге көтеру туралы ұсынысты қолдады

ашық дереккөзі

Алматы қоғамдық кеңесі жолақысын 150 теңгеге көтеру туралы ұсынысты қолдады

Алматыда қоғамдық кеңес мүшелері «Қаладағы жолаушы тасымалдау көліктеріндегі жолақысының дифференциалды төлемін енгізу» мәселесін талқылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Кеңестің Фэйсбуктегі парақшасында көрсетілгендей, жұмыс тобының отырысы барысында Жолаушылар тасымалы басқармасы мен «Алматы көлік холдингі» ЖШС мамандары қоғамдық кеңес мүшелерінің ұсынымдарын тыңдап, сауалдарына жауап берді. Отырыстың соңында қоғамдық кеңес Алматыдағы қоғамдық көліктердегі жолақысын қолма-қол ақша болған жағдайда 150 теңгеге көтеру туралы ұсынысты қолдады. «Алматы көлік холдингі» АҚ директорының орынбасары Б. Бекешев Алматы метросында СМС арқылы немесе банк карталары арқылы төленген жағдайда жолақысын 80 теңге көлемінде қалдыру туралы айтты. Отырыс қорытындысында Қоғамдық көлік және автомобиль жолдары басқармасына жолақысы жайында халық арасында кең көлемдегі түсіндіру жұмыстарын жүргізу тапсырылды. Сондай-ақ, жүргізушілердің жұмысын, Оңай аппараттарының дұрыс жұмыс жасауын қадағалау табысталды. «Егер Оңай аппараты дұрыс жұмыс жасамаса, барлық жолаушылар аталған көлікте тегін жүруі тиіс. Бұл өз кезегінде аппаратты қасақана істен шығаруды тоқтатады», - деді мамандар. Айта кету керек, осыдан бірнеше апта бұрын Алматыдағы жолақысы қымбаттайтыны туралы қаулы шығарылған болатын. Қаулы қазір қоғамдық талқылауда жатыр. Қоғам тарапынан мақұлданған жағдайда қаулы әділет органдарында тіркеліп, бекітіледі.