Жаңалықтар

Трамп сириялық оппозицияны қаруландыруын доғарады

ашық дереккөзі

Трамп сириялық оппозицияны қаруландыруын доғарады

АҚШ президенті Дональд Трамп Сирия президенті Башар Асад жүйесімен күресуші оппозицияны қаруландыруға арналған құпия бағдарламасын жабады. Washington Post басылымының ресми тұлғаларға сілтеме жасап хабарлауынша, осындай шешімді президент шамамен бір ай бұрын - Орталық барлау басқармасының директоры Майк Помпео және ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Герберт Макмастермен кездесуінен соң қабылдады. Бұл жиын Трамптың 7 шілдеде Гамбургте Ресей президенті Владимир Путинмен кездесуі қарсаңында өткізілген. Помпео да, Макмастер де бұл ақпаратқа пікір білдіруден бас тартты. Дереккөздер мәліметтеріне қарағанда, бағдарламаның аяқталуының "Ислам мемлекеті" содырларымен күресіп жүрген сириялық бүлікшілерге қатысы жоқ. АҚШ сириялық оппозицияны 2013 жылдан бастап қаруландыра бастады. Бұл президент Барак Обаманың Сирияға қатысты саясатының басты бөлігі болды. Мұндай бағдарламаға қарсы шығушылар 2015 жылы Ресей Сирияның үкіметтік күштерін қолдай бастаған уақытта, жобаның тиімді екеніне күмән келтіре бастаған.