Өзбек университеттері хиджаб таққан, қысқа юбка киген абитуриенттердің құжаттарын қабылдамады
Өзбек университеттері хиджаб таққан, қысқа юбка киген абитуриенттердің құжаттарын қабылдамады
Өзбек университеттері хиджаб таққан, қысқа юбка киген абитуриенттердің құжаттарын қабылдамады. Би-Би-Сидің өзбек редакциясының хабарлауынша, Әндіжан мемлекеттік университеті биыл хиджаб таққан абитуриент қыздардың құжаттарын қабылдамады. Аталған білім мекемесінің өкілдері бұл ақпаратты растады. Олар осындай талап Ташкенттен түскенін айтты.
Өзбекстан жоғары және арнайы орта білім министрлігінің бір қызметкері елдің қоғамдық орындарында діни киім киюге ресми түрде тыйым салынған деп қысқа жауап берді.
Өзбек заңдарына сәйкес, қоғамдық орындарда діни киім киіп жүргендерге айыппұл салынады немесе 15 күнге дейін әкімшілік қамау жазасы қолданылады.
Жыл сайын Өзбекстанда жоғары оқу орындарына құжаттар қабылдау 15 маусымнан 15 шілдеге дейін созылады. Құжат қабылдау орындарындағы дереккөздердің мәліметіне қарағанда, биыл шорты және қысқа юбка киген абитуриенттер де құжаттарын тапсыра алмаған. "Менің бір туысым шортымен Жизақ политехникалық институтқа тапсыруға барған, оның құжаттарын қабылдамай қойды. Ол құжаттарын бесінші мәрте дегенде әрең тапсырды", - деді Жизақ тұрғыны.
Өзбек жоғарғы оқу орындарының өкілдері ашық киіммен келген абитуриенттердің құжаттары қабылданбағанын растады.
"Киім кию этикасын абитуриент кезден білу керек. Өйткені олар кейін бала оқытатын болашақ мұғалімдер ғой", - деді Навои қаласындағы Мемлекеттік педагогикалық институт қызметкері.