Қайрат Мәми Қарағанды облыстық сотының жұмысын сынға алды
Қайрат Мәми Қарағанды облыстық сотының жұмысын сынға алды
ҚР Жоғарғы сотының төрағасы Қайрат Мәми төралқа отырысы барысында Қарағанды облыстық сотының жұмысын сынға алды. Бұл жайында Жоғарғы сот баспасөз қызметі таратқан ақпаратта айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қарағанды облысы соттарының қызметін зерделеу нәтижесін Жоғарғы Соттың Қылмыстық істер бойынша сот алқасының төрағасы, көшпелі комиссия бойынша жұмыс тобын басқарған А.Рахметулин таныстырды. Есепті кезеңде істер санының артуы байқалады. Соттар шамамен 5,5 мың қылмыстық істі қараған, соттарға 101 мыңның шамасында азаматтық іс пен 33 мыңнан астам әкімшілік іс келіп түскен. Жаңа құқықтық жағдайлардағы соттар жұмысын талдау, соның ішінде, жеңілдетіп іс жүргізуді кеңейту, медиация қолдану арқылы қылмыстық және азаматтық сот ісін жүргізу тиімділігінің артқанын көрсетті. «Дей тұрғанмен, облыс соттарында бірқатар түйткілді мәселелер де жоқ емес. Атап айтқанда, бұларға сот актілерін әзірлеу барысындағы кемшіліктер мен олардың уақтылы орындалмауы жатады. Сот талқылауына дайындықтың тиісті деңгейде жүргізілмеуі салдарынан қылмыстық істерді қарау мерзімдерін бұзу фактілері анықталды. Азаматтардың өтініштеріне жауапты кешіктіріп беру, мұрағат жұмысы сапасының төмендігі, сондай-ақ, бірқатар аудандық соттар ғимараттары жағдайының төмендігі секілді жағымсыз жайттар да бар», - делінген ақпаратта. Отырысты өткізу барысында Жоғарғы Сот Төрағасы Қарағанды облысына сапар барысында бұйрықтық іс жүргізу, апелляциялық саты жұмысы, сондай-ақ, жекелеген сот практикасының бірқатар мәселелері бойынша анықталған сыни ескертпелерді атап өтті. Талқылау қорытындысы бойынша төралқа тиісті қаулы қабылдады. Жалпы алғанда, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарындағы сот төрелігін жүзеге асыру бойынша соттардың жұмысы қанағаттанарлық деп танылды. Облыстық сотардың төрағаларына, алқа төрағалары мен соттар әкімшілеріне анықталған кемшіліктерді жою бойынша жүйелер шараларды қабылдау қажеттігі айтылды.