Алатау баурайында – «Тергеушілер»

Алатау баурайында – «Тергеушілер»

Алатау баурайында – «Тергеушілер»
ашық дереккөзі
Алматыда «Хабар» агенттігінің тапсырысы бойынша Қазақстан тарихында алғаш рет детективтік оқиға жанрында қазақ тіліндегі отандық сериалдың түсірілімі басталды. Фильмді түсіруді «Adam Media Plus» командасы қолға алды. Шынайы оқиғаға негізделген сериал «Хабар» телеарнасында биыл көрсетілмекші. Бұл тұрғыда «Хабар» арнасының директоры Сандуғаш Рахымжанова: «Детектив жанры көрермендер үшін қашан да қызық, бұған көрерменді сюжетке толықтай елітіп әкетуі, логиканы қолдануға және кейіпкерлермен бірге жұмбақтың сырын ашуға итермелейтіні себеп болса керек. «Тергеушілер» сериалы – осындай жобалардың бірі. Сондай-ақ, осы сериал арқылы көрермендер құқық қорғау жүйесі қалай жұмыс істейтінін, түрлі жағдайларда қандай әрекеттер қабылдайтынын біле алады», – дейді. Бір айта кетерлігі, фильм неміс көрермендерінің арасында 10 жылдан астам уақыттан бері танымалдығын жоймаған неміс франшизасының негізінде түсірілуде. Ал қазақстандық жобаға халықаралық команда жұмылдырылған. «Тергеушiлер» («Следователи») қазақстандық детектив сериалы өмірі мен денсаулығын қатерге тігетін қарапайым азаматтарды қорғау үшін ерлік істерге барып жүрген полицейлердің күнделікті жұмысын көрсетеді. Әр серияда көрермендерді түрлі тергеу оқиғалары, аға тергеуші Кәмшат Мырзабекқызы бастаған жас та батыл тәртіп сақшыларынан құралған команданың қылмыскерлердің ізіне түсуі, оларды әшкерелеу оқиғалары күтіп тұр. Басты рөлдегі Кәмшатты – белгілі актриса Гүлшарат Жұбаева ойнады. Кәмшаттың қарамағында төрт әмбебап сарбаз бар. Олардың әрқайсысы ерекше қабілетке ие. Адал, табанды және әділ ІІД тергеушісі Ермек Байназар (актер Азамат Шарғынов), көңілді және тартымды жедел қызметкер Нұрлан Ақберен (актер Ербол Садырбаев), мәнсапқор және бикештердің сүйіктісі Асқар Еділбай (актер Нияз Шайсұлтанов), маман-криминалист – Гауһар Елжанқызы (актриса Гүлбахрам Байбосынова) детектив жанрының көркін қыздыруға кәсіби тұрғыда атсалысады. «Біздің сериалдың басты кейіпкерлері – жасанды, мінсіз полицейлер емес. Олар біздің қоғамда өмір сүретін қарапайым ұл-қыздар. Дегенмен олар өз қызметтерін адал атқаруда. Біздің актерлер  түрлі картинаға түсіп жүрген тәжірибелі мамандар. Сондықтан бұл сериал еліміздегі детектив жанрына жол ашады деп үміттенеміз. Бұл біздің алғашқы қарлығашымыз, жобадан күтеріміз мол», – дейді «Adam Media Plus» компаниясының бас продюсері Динара Адам. Сериалдың екі режиссері бар. Оның бірі – «Короны Карпат» Бас жүлдесін «Хайтарма» картинасы арқылы жеңіп алған украиналық режиссер Ахтем Сейтаблаев. Бүгінде танымал режиссер 20-дан астам фильмнің түсірілу жұмысына қатысқан. 2014 жылы Термоли қаласындағы италиялық «Кимер» фестивалінде үздік режиссер аталымын жеңіп алған оның туындылары бертін келе ресейлік «Ника» сыйлығын да еншілеген. Ал биыл көктемде режиссер «Чужая молтива» атты фильмінің тұсауын кесіп, көрерменнің қошеметіне бөленген еді. Ал екінші қазақстандық актер әрі режиссер Антон Митнев те осал емес. Еуразиялық конкурста актерлік шеберлік аталымы бойынша күміс лауреаты атанған оның шығармашылық әлеуеті де, мүмкіндігі де жоғары деп бағалайды мамандар. Қоюшы-операторы – Максим Задарновский, қоюшы-суретшісі – Мұхтар Мырзакеев, Қайыртас Хамза. Ал алғашқы детектив жанрында түсіріліп жатқан сериалдың сценарийін Константин Ефимов және Перизат Мырзахметова жазған. Ендеше білікті һәм тәжірибелі мамандар жұмылдырылатын фильмнің көрерменді баурап алатыны сөзсіз.