Ресей павильоны: Қоршаған ортаны сақтайық

Ресей павильоны: Қоршаған ортаны сақтайық

Ресей павильоны: Қоршаған ортаны сақтайық
ашық дереккөзі
Ресей павильонының алдында күн сайын кезек. Кемі отыз-қырық адам тұрады. Нені қызық көретінін кім білсін, әлде құдайы көршінің астаналық ЭКСПО-ға не әкелгенін білуге құмартатын болар. Бәлкім, жаздың аптабында Арктиканың мұзын қолмен ұстап, көзбен көруге ынтығатын шығар. Иә, Ресейдің бұл көрмеге алып келген ең ірі әрі ерекше экспонаты – Арктиканың мұзы. Үлкен де, кіші де, жас та, кәрі де кішігірім мұзтаудың жанында суретке түсіп, мұзын ұстап көріп, таңдай қағысып, таңданып жатқаны. Мұзтаудың айналасындағы қабырғаға жағалай LED-экрандар ілінген. Онда қатпар-қатпар мұздарды бұзып-жарып, жол салып жүрген мұзжарғыш кемелердің бейнесі. Осынау көріністен соң Астанадан Арктикаға бір-ақ жол тартқандай әсерде қаласыз. Бірақ ресейлік павильонның мазмұны Арктика тақырыбымен шектеліп қалады деудің қисыны жоқ. Табалдырықтан ене бергенде, қонақтар алып жер шарының макетіне маңдай тірейді, онда үш тілде – қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде «Ресей – энергияның бірыңғай тасқыны» деп үлкен әріптермен жазылыпты. Осының өзі көз алдыңызға көршінің амбициясын елестетіп тұрғандай. Оның айналасындағы экрандар мен түрлі қондырғыларда сирек кездесетін жануарлардың бейнесі. Осылайша, Ресей табиғаттың адамзатқа берерін алып қана қоймай, өзге тіршілік иелерін қорғап, қоршаған ортаға зиян келтірмей қуат өндіруге шақырып отырғандай. Мұның өзі «Болашақтың қуаты» аталған астаналық көрме аясында көтерілген тың тақырып. Әрі «алмақтың салмағы бар» дейтін қазақы пәлсапамен үндес. Мал өсіріп, шаруашылық жүргізуде жайылымның өзін кезекпен пайдаланып, жердің тозбауына мән беретін қазақы тұрмыстың жай-жапсарын осындайда айтып-жеткізе алсақ жөн еді... Сонымен, Ресей павильоны астаналық көрме қонақтарының көбісі үшін соқпай кетпейтін орын сияқты. Екі елдің арасындағы тығыз байланыстың әсері болар, әйтеуір, павильонды тамашалаушылар қатары үзілмейді. Оның үстіне, Ресей Қазақстаннан кейін өз жерінде ЭКСПО көрмесін өткізуге өтініш бергенімен, діттіген мақсатына әлі жете қойған жоқ. Сондықтан Ресей үшін ЭКСПО тақырыбының маңызы бөлек. Ал бұл орайда Қазақстанның өз көршісіне үлгі боларлық жөні бар. Құдайы көршінің Астана ЭКСПО-сына не жаңалық алып келгенін өз көзімізбен көру үшін бұл павильонға арнайы бас сұқтық. Одан соң павильон директоры Юлия Лопареваны әңгімеге тарттық. Юлия ЛОПАРЕВА:

АСТАНАҒА АРКТИКА МҰЗЫН АРНАЙЫ АЛЫП КЕЛДІК

– Астаналық ЭКСПО-ға қатысушы әр мемлекет «Болашақтың қуаты» тақырыбында өз идеясын ұсынып отыр. Мысалы, АҚШ «Қуат көзі – өзіміз» десе, Ұлыбритания, Катар сияқты елдер де басты қуат көзі ретінде адамды қарастырады. Ал Ресейдің концепциясы не? – Ресей энергетиканың көптеген салаларында әлемдегі көшбасшы елдердің бірі саналады. Сондықтан біздің астаналық ЭКСПО көрмесінен тыс қалуымыз мүмкін емес еді. Біз 2015 жылдың соңында осы көрмеге қатысатынымызды мәлімдедік, сол уақыттан бастап дайындық жұмыстарына қызу кіріскен болатынбыз. Ресейден Қазақстанға арнайы делегация өкілдері талай рет келіп-кетті, сонымен қатар көрменің ұйымдастырушыларын өзіміздегі шараларға шақырдық. Астанадағы ЭКСПО көрмесіне қатысуды ұйымдастыру үшін Өнеркәсіп және сауда министрі басқаратын арнайы ұйымдастыру комитеті құрылды. Осы комитет құрамында сарапшылар кеңесі бар, оның құрамына Күн сәулесі энергетикасы қауымдастығы, Жел энергетикасы қауымдастығы сияқты ұйымдардың өкілдері кірген. Ал «Ресей осы көрмеге не алып келді?» деген сұраққа келер болсақ, Ресей болашақтың қуаты деп атауға лайықты технологияларды, яғни атомдық мұзжарғыш флот пен 2019 жылы іске қосылатын атомдық станция жобасын таныстырып отыр. Сонымен қатар біз Ресейдің аймақтарын таныстыруды мақсат еттік. Яғни, болашақтың қуаты туралы айтқанда, әр аймақтың қабілет-қарымын барынша ашуды ойлау керек сияқты. Мысалы, Арктиканы алайық. Бұл аймақта қуаттың сан түрлі көзі бар. Бірақ оларды игеру оңай іс емес. Орыс Арктикасының қойнауында жатқан байлығы мен қуат көздерін іске қосу үшін біз заманауи технологияларды пайдаланамыз. Бұл жерде біз тұтынушылық санадан қол үзіп, қоршаған ортаны барынша күтіп ұстап, оған залал келтірмей жұмыс істеуге үндеп отырмыз. Сондай-ақ, Арктика біз үшін тек су-көміртек көзі ғана емес, бұл аймақ күн сәулесінен қуат жинайтын құрылғылар орнатуға өте қолайлы, онда су энергетикасы станцияларын салуға болады. Осы орайда, біз ешкімде жоқ соны технологияларды жасадық. Мысалы, күн панельдері әдетте бір бағытта қозғалмай тұрады, ал біз оны басқару жүйесін жасадық яғни тәуліктің әр сағатында күннің қозғалысына қарай күн панельдері де қозғалады, сөйтіп, барынша мол қуат жинайды, сонымен қатар бұл панельдер жыл мезгілдеріне де бейімделе алады. Бұл біздің панельдерді суық жерлерде, яғни Арктикада орнатуға болады деген сөз. – Бұл жобаның авторы кім? – Томск политехникалық институтының ғылыми қызметкерлері. Сонымен қатар, біздің экспозицияда «Ротек» компаниясы жасаған технология бар, бұл – кішігірім шабаданға сыйып кететін «суперконденсатор», оны әлемнің кез келген түкпіріне тасымалдауға болады және ол – 50 градус температурада жұмыс істей береді. Бұл құрылғы шағын ұшақтың моторын іске қоса алады. – Сонда ресейлік павильон ең әуелі Арктиканы зерттеу мен оның табиғи қорларын пайдалану тақырыбына арналған ба? – Тек Арктика тақыбыры деуге болмас енді... – «Арктикадан әкелінген» деген мұзтаудың өзі неге тұрады? Айтпақшы, осы мұзды Арктикадан Астанаға арнайы әкелді деген ақпарат рас па? – Рас. Біз Арктикадан шағын мұзды алып келдік, кейін ол төрт метрге дейін «өсірілді», сонда қазір павильон қонақтары тамашалайтын мұзтаудың негізі – Арктиканың мұзы. – Сонау Арктикадан мұз тасудың не қажеті болды? – Біріншіден, Астанада жазда мұзтауды көру деген... Біз павиьлон қонақтарының таң-тамаша қалғанын көріп отырмыз. Көрме павильондарының ішінде табиғаттың төл туындысын өз көзімен көрген адамдар сүйсініп, қуанып қалсын дедік. Екіншіден, ресейлік мұзжарғыш кемелер осындай алып мұзтаулардың көбесін сөге алады. Осылайша, біз Арктика әлеміне жол ашып жатырмыз. Қазір Арктикада шағын елді мекендер бар, онда адамдар өмір сүріп, ғылыми зерттеулер жасап, жұмыс істеп жүр. Сол жерде тіршілік етіп, тіпті бала өсіріп жатқан адамдарға қуат көзі керек. Оларға азық-түлік, тұрмыстық заттарды тасымалдау керек, атомдық мұзжарғыштарды осындай тасымал жұмыстарына пайдалануға болады. – Павильонның ішінде Амур жолбарысының мүсіні тұр. Кеңсенің бір бұрышынан өзгеше өрнектегі тағы біреуін көріп отырмын. Жолбарыстың ЭКСПО-ға не қатысы бар? – Иә, павильондағы Амур жолбарысының гипстен жасалған мүсіні «гжель» деген өрнекпен әрленген, ал мына жолбарыстың өрнегі «адыгейлік» деп аталады. Жалпы, Ресейде 2017 жыл «Экология жылы» деп жарияланған. Сондықтан биыл көптеген экологиялық жобалар қолға алынды. Оның ішінде сирек кездесетін жануарларды қорғау бағдарламасының орны ерекше. Біз павильон экспозициясы арқылы тек Арктикадағы емес, Қиыр Шығыс сияқты басқа да аймақтардағы жануарлар мен өсімдіктер әлемін қорғау мәселесін көтеріп отырмыз. Табиғат байлықтарын пайдаланып қана қоймай, қоршаған ортаны қорғаудың маңызын түсіндіретін экспонаттар қойдық. Мысалы, Ресей павильонында виртуалды жолбарысты сипауға болады. Сонымен қатар, бинокулярда бір жолбарысты асырау тарихын бастан-аяқ тамашалай аласыз. 2015 жылы Қиыр Шығыста жолбарыстың күшігі табылды, арнайы мамандар оған «Филиппо» деп ат беріп, асырап, бірнеше жылдан соң оны табиғат аясына қайтарды. Бұл уақиғаны бастан-аяқ бейнетаспаға түсірген кішігірім фильм деуге болады. Сондай-ақ, сирек кездесетін жануарлар өмір сүретін аймақтарда құрылған дала станциясының макеті бар, бұл станцияларда жануарларды бақылайтын адамдар тұрады. Бұған дейін Орыс географиялық қоғамы қоршаған ортаны бейнетаспаға түсіруге арнайы байқау жариялаған болатын, осы байқауда жүлдеге ие болған бейнежазбалар павильондағы экрандарда көрермен назарына ұсынылып отыр. – Дегенмен, Амур жолбарысын таңдап алудың қандай да бір себебі бар ма? Әлде оның әлдебір символдық нышаны бар ма? Меніңше, павильонда жолбарыс емес, аюдың мүсіні тұруы керек еді ғой... – Әлбетте, біз барлық жан-жануарларды қорғауға үндейміз. Ресей алып мемлекет, онда қорғауға мұқтаж жануарлар өте көп, оның ішінде аю да, сирек кездесетін өсімдік түрлері де бар. Ал Амур жобарысы біз үшін орасан күштің, мемлекетіміздің тұрақтылығының белгісі сияқты. – Астаналық көрмеде ресейлік павильонды құруға қанша қаражат жұмсалды? – Мемлекеттік бюджеттен осы павильонға 200 миллион рубль (шамамен 3 миллион доллар) бөлінді. Оған қосымша ретінде біз серіктестерден инвестиция тартуға жұмыс істеп жатырмыз. Ресей астаналық көрмеде ірі павильон алған елдердің бірі, павильонның бірінші қабатының өзі 1000 шаршы метр, онда негізгі экспозиция орналасқан, ал екінші қабаттағы 1000 шаршы метрді Іскерлік қарым-қатынас аймағы алып жатыр, мұнда түрлі келіссөздер, форумдар мен жиындар өткізіледі. – Ресей павильонында Татарстан республикасының арнайы бұрышы бар екен. Ал басқа аймақтардың экспозициясын қашан көреміз? – Біз астаналық ЭКСПО-ға қатысу үшін ресейлік 200-дей компанияны және аймақтарды арнайы шақырдық. Аймақтардың бәрі қатысуға талап білдірді. Татарстан павильонда өз жобаларын ұсынып отыр, оны таныстыру үшін республика басшылығы мен ұлттық ансамбльдер келді. Самарадан өнерпаздар тобы мен Омбы қаласынан іскерлік делегация келіп-кетті. Сондай-ақ, жақында Челябинск облысынан кәсіпкерлер тобы, Свердловск облысынан және Мәскеу, Санкт-Петербург қалаларынан арнайы делегациялар келеді. Татарстаннан кейін павильон ішінде Челябинск, Свердловск және Санкт-Петербург қаласының экспозициясы қойылады. Ал басқа аймақтар іскерлік байланыстарды орнату және мәдени бағдарламаларын таныстыру бағытында арнайы делегациялар аттандырады. Астаналық көрме аясында 8 қыркүйекте Ресейдің ұлттық күні атап өтіледі, осы мерекеге орай көптеген аймақтардан арнайы өнер ұжымдары келеді. – Екатеринбург қаласы қандай жоба ұсынған еді? – 2020 жылғы көрмені өткізуге талап білдірген қалалардың бәрі әлемдегі тұрақтылық пен үйлесім тақырыбы бойынша жоба ұсынды. Әр қала осы тақырып аясындағы өз тұжырымын таныстырған болатын, бірақ байқаудағы дауыс беру нәтижесінде 2020 жылғы ЭКСПО-ны Дубай қаласы өткізетін болды. – Алдағы уақытта ЭКСПО көрмесін өткізуге тағы талап білдіру жоспарларыңыз бар ма? – Әлбетте, бұл бағытта Ресейдің жоспары көп. Қазіргі таңда Екатеринбург 2025 жылы ЭКСПО-ны өткізу құқығына таласу үшін дайындық жұмыстарына кірісті. Бәсекелестеріміз де осал емес: Жапонияның Осако қаласы, Әзірбайжанның астанасы Баку қаласы және Францияның астанасы Париж қаласы. Әйтсе де, ЭКСПО көрмесін өткізу ісі өте маңызды, бұл қаланың инфрақұрылымын жаңартуда ғана емес, халықаралық қауымдастықтың назарын өзіне аудару үшін, шетелдік мамандарды, кәсіпорын иелерін, іскер адамдарын әріптестікке шақыру үшін өте тиімді. Сондықтан біз бұл көрмені өз елімізде өткізу үшін барымызды саламыз. – Ресей ЭКСПО қожайыны ретінде неге Екатеринбургті таңдап отыр? Неге Санкт-Петербург немесе Мәскеудің өзі емес? – ЭКСПО көрмесін қай қалада өткіземіз дегенде, ұсынысты аймақтардың өздері береді. Бастапқы кезде бірнеше қаладан ұсыныс түскен, бірақ оларды өзара салыстыра келе, Екатеринбург ең қолайлысы ретінде таңдалды. – Әйткенмен, Екатеринбургтің ерекшелігі неде? Әлде бұл қалада қолға алынған айрықша жоба бар ма? – Бұл жерде әр қаланың көліктік және басқа да мүмкіндіктерін ескеру керек. Мысалы, Мәскеуде онсыз да түрлі деңгейде өтіп жатқан жиындар көп, оның инфрақұрылымы ЭКСПО сияқты көрмені өткізуге онша ыңғайлы емес. Ал Екатеринбуг – Еуропа мен Азияның түйіскен тұсында орналасқан қала, оның даму болашағы өте зор, оның үстіне әуе, жер үсті көліктерінің қатынауына өте қолайлы. – 2025 жылғы ЭКСПО-ға Екатеринбург қандай жоба ұсынады? – Шындығын айтқанда, бұл туралы таратып айту үшін Екатеринбург ресми түрде өтініш беріп, осы мәселеге орай ұйымдастыру комитеті құрылуы тиіс. Қазіргі таңда дайындық жұмыстары жүріп жатыр, ресми өтініш берілген кезде тақырып аясы мәлім болады деп ойлаймын. – Ресейдің ЭКСПО-2017 Астана көрмесінен үйренері не? – Біз үшін ЭКСПО алаңқайының орны ерек. Бұл жерде 115 мемлекеттің өкілдері бас қосып отыр, олардың ішінде біздің бизнес және басқа да салалар бойынша әріптестеріміз көп. Енді ғана байланыс орнатып жатқан серіктестеріміз де бар. Тауар алмасу ісінің аясын кеңейту бағытында талай шаруалар тындыру керек. Ресей ЭКСПО көрмесінің алаңқайын шетелдік әріптестермен болашақ жобаларды талқылау үшін пайдаланады. Көптеген мемлекет басшылары ЭКСПО алаңқайын халықаралық қарым-қатынасты тереңдету үшін маңызды санайды. Оның үстіне, бұл көрмелер озық технологияларды жалпақ әлемге паш ететін, яғни өзіңдегі жақсыны танытып, өзгелерде не бар екенін көруге ыңғайлы орын. Сондай-ақ, технологияларды көріп, тамашалап қана қоймай, таратуға, бір-бірінен үйренудің мүмкіндігі зор. Мысалы, Германияның осы көрмеге алып келген технологияларын Татарстан мамандары көріп, сол зауыттың өкілдерімен кездесіп, арнайы келісім-шарт жасау үшін келіссөздер жүргізіп жатыр. Міне, Ресей үшін астаналық ЭКСПО-ның нақты жемістері осындай. – Бұған дейін ЭКСПО көрмелеріне қатысып көріңіз бе? – Бұған дейін 2015 жылғы Милан көрмесін қонақ ретінде тамашаладым. – Миландық ЭКСПО мен ЭКСПО-2017 Астана көрмесін салыстырар болсақ, нендей ерекшелік көрдіңіз? – Екі көрмені салыстыру қиын, расында. Оның басты себебі 2015 жылғы көрме «үлкен ЭКСПО» болса, астаналық көрме «кіші ЭКСПО» деп саналады. Үлкен ЭКСПО-да әр мемлекет өз павильонын өзі салады, ол жерде қиялға шектеу жоқ. Ал кіші ЭКСПО-да қатысушы мемлекеттер алдын-ала салынған павильон ішінде өз экспозициясын құруды ойластыруға мәжбүр. Бірақ астаналық ЭКСПО аясында әрбір мемлекет діттеген жерден шығып, өз павильонын ерекшелеуде көзге түсті. Мысалы, Таиланд павильонында ғажайып тай әлеміне енгендей күйге бөлендім, онда балаларға ұғынықты тілмен биомассадан қуат алудың жолдарын түсіндіреді, Германия павильонында әрбір қонақ болашақтың қуат көздерін дамытуға өзі үлес қосқандай сезінеді, ал Қытай павильонында мемлекеттік компаниялардың жобалары таныстырылған. Ал Ресей өз аймақтарын таныстырып, нағыз Арктика мұзын көрмеге қойып отыр. Екіншіден, Милан мен Астананың географиялық ерекшелігін айтып кету керек. Қазақстан – Орта Азияда ЭКСПО-ны өткізіп отырған бірінші мемлекет. Бұл – мақтан етуге тұрарлық жоба. Мен 2015 жылдан бері Астанаға талай рет келіп-кетіп жүрмін, осы уақыт ішінде қаланың қалай өзгеріп, қалай өсіп жатқанын көріп отырмын. Қаланың құрылысы, инфрақұрылымы қатты өзгерді, қызмет көрсету сапасы жақсарды. Осыдан он жыл бұрын дәл осындай көрме Астанада өтеді деп ешкім ойламаған болар. Сондықтан Астананың қарыштап өсуіне ЭКСПО көрмесіне дайындық жұмыстары әсер етті деп ойлаймын. – Миландағы көрмеде адам өте көп болды деседі... – Астаналық көрмедегі сияқты, көрменің ашылуы мен жабылу салтанатында адам көп болған шығар, бірақ барлық күндері қонақтардың қарасы үзілмеді дей алмаймын. Оның үстіне, Миландағы көрме алты ай бойы жүрді емес пе, үлкен ЭКСПО-ның бір айырмашылығы сонда. Ал кіші ЭКСПО тек үш ай ғана өтеді, сондықтан көрмені тамашалаушылар санын салыстырудың орайы келмес. Шындығында, Астана көрмесін тамашалаушылар саны туралы ауыз толтырып айтуға болады. Бір ғана ресейлік павильонды күн сайын 7000 адам кіріп көреді. Көрменің алғашқы отыз бір күнінде біздің павильонды 200 000 адам көрген. Сондықтан көрменің қонақтары аз деп айта алмаймын. – Әңгімеңізге рахмет!