Әуежайда бағалар неге қымбат?
Әуежайда бағалар неге қымбат?
Соңғы жылдары Қазақстан әуежайларындағы дәмханалардың бағасына байланысты жолаушылар тарапынан көп сын айтылып жүр. Тіпті, олар кәдімгі қара су құнының да аспандап тұрғанына қынжылады. Бұл мәселе Парламентте де дүркін-дүркін көтеріліп, әуе қызметін жиі пайдаланатын депутаттардың наразылығын туғызғаны есте.
Кез келген елдің нарықтағы бағасын білгің келсе, әуежайына бас сұқсаң жеткілікті дегенді жиі естиміз. Әсте, бұл пікір дұрыс емес. Салыстырмалы түрде айтсақ, бас айналдырар баға біздің еліміздің әуежайларында ғана. Дәлірегінде, Алматы мен Астана әуежайындағы баға көптеген шетелдің даңқты әуежайларында ұсынылған бағадан әлдеқайда жоғары. Осыдан бір жыл бұрын Еуропаға сапар шеккенде бірнеше елдің әуежайы арқылы ұштық. Ондағы бағаның өзі сапарластарымды шошыта қойған жоқ. 3-5 еуроға тіскебасарды да, суды да, шәйді де сатып алған едік. Бұл туристер жиі ат басын бұратын Еуропа мемлекеттері әуежайының бағасы! Ал біздегі баға көңілге қонымды ма?
Алматы әуежайында бір бутербродтыӊ бағасы – 2 мыӊ теңге, бір шыныаяқ кофе – 1200 теӊге шамасында. Ал оған қосымша тәтті алғыңыз келсе, тағы 1500-2000 теңге шығындалуыңыз мүмкін. Дәмхананың бәрі теңгенің бетіне қарамайтын қалталыларға арналғандай. «Тамақ ішу мүмкін емес. Удай қымбат. Алматы мен Астана әуежайына келген адам аш отыруы мүмкін. Бір самсаның өзі 300-400 теңге. Бұл не қымбатшылық?» дейді жақында ғана шетелге жолға шыққан жолаушының бірі. Шарықтаған бағаға наразы жолаушылар мұның себебін түсіндіріп беруін сұрағанда, әуежайдағы саудагерлер тамақты шетелден тасып жатқандығын алға тартқан болатын. Олардың айтуынша, тәттілер – Италиядан, ал бәліштері Францияда пісірілген. Бұл қаншалықты рас? Мұндай бағаға жұрт тамақтана ма? 500 теңгеге бір кесе шәй ішіп, 1100 теңгеге круассан жейтін адам көп пе? Дәм тататын жолаушылар болмаса, бұдан дәмхана иелеріне не пайда? Тіпті, әуежай басшылығы да көпшілік «көрпесіне қарай көсілсін» дегенді меңзегені бар. Яғни, «қымбат болса, қалтасы көтермесе, әуежайда тамақтанбасын» деген жауапты естіген құлақта жазық жоқ. «Қымбат тамақты қалтасы қалыӊ азаматтар алып жейді. Егер ақшасы жетпесе, оны ешкім де қинап жатқан жоқ қой. Ол үшін арзан терминалдар орнаттық» деген сонда әуежай басшылығы. Ал арзан деген терминалдарда тіске басар түк жоқ. Тек сусын ғана сатылады. Оныӊ өзі – үш есе қымбат.
Әуежай өкілдері өз аумағындағы баға саясатын реттеуге келгенде неге дәрменсіздік танытады? 10 жыл бұрын жеке қолға өтіп кеткен сауда алаңдары әуежай әкімдігіне бағынбай ма?
«Бұл мәселе сонау 90-шы жылдары пайда болған. Сол кезде Алматы әуежайындағы сауда орындары жеке ұйымдарға сатылып кеткен. Сондықтан ол орындардағы бағаға ешқандай да ықпалымыз жоқ. Біз бұл орындарды өзімізге қайта сатып алғымыз келді, бірақ иелері өте қымбат баға айтты. Біздің әуежайдағы азық-түлік бағасын ТМД елдеріндегі әуежайдағы бағалармен салыстырдым. Мысалы, Мәскеудегі Домодедово әуежайындағы бір бөтелке су Алматы әуежайындағы судан арзан емес. Біз дәмхана-дүкендермен күресудің жолын ұсынбақпыз. Енді оларға бәсекелес болатын, бағаларды төмендетіп қоятын орындар пайда болады. Бұл іске қоғам өкілдері де көмекке келсе дейміз», – деген-ді «Халықаралық Алматы әуежайы» АҚ президенті Айбол Бекмұхамбетов. Демек, әуежай әкімшілігі заң жүзінде жеке кәсіпкерлікке қол сұға алмайтынын мойындап отыр. Олар «қоғамдық кеңес» құрып, ырық бермей отырған кәсіп иелерін келіссөзге шақырғысы келеді. Кеңес сондай-ақ әуежайдағы жолаушыларға қызмет көрсету мәселесіне де үңіліп, әсіресе шетелден келген қонақтарды күтіп алатын кеден және шекара қызметі мамандарының сыпайы әрі жылы шырайлы болуын қадағаласа екен деген ұсыныс білдірді. Бұл кеңес іске кірісіп, мәселенің шешімін табуға түрткі болды ма? Бұл мәселеге қатысты Алматы әкімдігі жанындағы Қоғамдық кеңес мүшесі Денис Кривошев: «Терминалдар орналасқан аумақта бәсеке жағдайын туғызатындай жаңа сауда нүктесін ашу мүмкін емес. Дегенмен, Қоғамдық кеңес мүшелері сауда орындарының иелерімен келіссөздер өткізіп, 1-ші қабаттан бюджеттік асхана ашуға қол жеткізді. Бұл салада жұмыстар жүріп жатыр, бірақ қалай болғанда да соңғы сөзді сауда орындарының қожайыны айтады», – деген.
Алматы халықаралық әуежайындағы қымбат тағамдарға қатысты дау әлі шешімін таппаған сияқты. Баға сол қалпы. Әуежайдағы аспандап тұрған бағаны алматылық тұрғын Мұрат Белмырзаев та ашына айтады. Ол екі құты сусын үшін 3500 теңге төлегенін растайтын чекті әлеуметтік желіде жариялады. «Мұндағы дәмханалар мен дүкендерде монополистік көзқарас қалыптасып қалған. Баламен немесе қонақтармен жүретін адамдар амалсыз тауар сатып алуға мәжбүр болады. Ал оның құны тым жоғары», – дейді ол.
Әуежайдағы әуелеген бағаны айтпаған адам кемде-кем. Онымен күресіп жатқандардың іс-әрекеті де нәтижесіз сияқты. Алайда әуежай әкімдігі баға саясатын сауда нүктелері иелеріне сілтей бергенше бір амалын тапқаны жөн. Бұл олқылықты былтыр ашылып, жолаушыларға тиімді бағадағы тағамдарды ұсынған асхана шеше алса, қанекей? Қазір жолаушылар мұндағы бағаның да өсіп кеткенін аңғарып жүр.