Қызының тойына 2 миллион доллар жұмсаған судья
Қызының тойына 2 миллион доллар жұмсаған судья
Өз қызының тойына 2 миллион доллар жұмсаған судья ақшаны қайдан алғанын айтты. РФ Краснодар сотының әкімшілік ұжымының төрайымы Елена Хахалева қызының екі миллион доллар жұмсалған тойына кімнің шығындалғанын айтып берді, - деп хабарлайды Life.ru.
Судья 2016 жылғы мүлік декларациясы бойынша бір жылда 2 миллион 641 мың рубль ғана (айына 220 мың рубль) табыс тапқан. Елена Хахалеваның түсіндіруі бойынша, тойды ұйымдастырумен бұрынғы күйеуі айналысқан. "Декларацияда бұрынғы күйеуім туралы мәлімет жоқ, біз ажырасқанбыз, оны көрсетуім міндетті емес. Қалай болса да, ол әке. Қызымның тойын ұйымдастырумен толық айналысқан сол. Ол айтарлықтай ірі кәсіпкер. Екі миллион доллар деген бос сөз, көктен алып айта салған. Ешкім "Бентли" сыйлаған жоқ, ал жұлдыздар қонақ ретінде келді", - дейді Хахалева жергілікті басылымдардың біріне берген сұхбатында.
Судьяның сөзінше, бұрынғы күйеу грузиялық. Ресейдің атақты жұлдызы Иосиф Кабзонмен ұзақ жылдан бері дос. Ал күйеуінің табысы толықтай заңды және салық төленеді. "Ал таратылған мына өсекті судьяға деген ашық қысым деп түсінемін", - дейді ол. Айта кетейік, мұның алдында ресейлік БАҚ Краснодар қаласының судьясы қызының ұзату тойына екі миллион доллар жұмсағанын жазған. Тойды Николай Басков жүргізген. Сонымен бірге, Валерий Меладзе, Вера Брежнева және Иосиф Кобзон сияқты жұлдыздар ән салған. Жұлдыздарды тойға шақыруға 115 мың еуро жұмсалғаны да айтылған еді.