Жайықтың балықтары жаппай қырылуда

Жайықтың балықтары жаппай қырылуда

Жайықтың балықтары жаппай қырылуда
ашық дереккөзі

Жайықтың Каспийге құяр сағасында балық қырғыны белең алды. Бұл туралы «24.kz» телеарнасы хабарлады. Балықтардың жаппай қырылу себебін анықтау үшін оқиға орнында арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр. Ал балық қорғаушылар мен қорық қызметкерлері су жәндігінің өлекселерін жою жұмыстарын қолға алды. Оқиға «Ақжайық» мемлекеттік қорығының қарамағындағы арналардың бірінде тіркелген. Арнадан шамамен 2 тоннадай балықтың өлексесі анықталды. Олар – табан мен қарагөз. Кеше резерват инспекторлары кезекті рейд кезінде су бетінде қалқып жүрген балықтарды көріп, тиісті орындарға хабарлаған. Бұл арна кезінде кеңшарлардың қажетіне бола қазылғанымен қазір пайдаланылмайды. Дегенмен арна Жайық өзеніне жалғасып жатыр. Қорық қызметкерлері жабылып өлі балықтарды жинауға кіріскен. Себебі Каспий теңізіне тоғыз тарам болып құйылатын Жайық өзенінің тазалығына нұқсан келмеуі тиіс. «30 инспектор, 5 қайық жұмыс жасап, өзекті тазалаудамыз. Алдағы уақытта осындай кішкентай өзектерді қарап шығамыз. Басқа жерде өліп жатқан балық көрінбейді», – дейді «Ақ Жайық» мемлекеттік қорығы директорының орынбасары Әмірғали Дауылбаев. Ихтиолог маман Ирина Аминованың айтуынша, судың, топырақтың сынамасы алынып, зертханаларға жіберілген. Оның қорытындысы аптаның аяғына қарай шығады. Мамандардың пайымдауынша, балықтар тар өзекте оттегі жетіспеушілігінен қырылуы мүмкін.