Малайзия: Таза қуат өндіру - адамзаттық мүдде
Малайзия: Таза қуат өндіру - адамзаттық мүдде
Осы аптада Малайзия «ЭКСПО-2017 Астана» көрмесі аясында өзінің Ұлттық күнін өткізді. Бүгінгі малай ұлтының қазаққа ұқсас жері бар, түрлі құрам, тағдыры әр қилы түрлі этностық топтарды бір ел, бір ұлтқа біріктіріп отыр. Малайзия павильонының алдында ұлттық би билеп, өнер көрсеткен топқа қарап осындай ойға қалдық. Себебі малай ұлтының әртектілігін паш еткісі келгендей, өнерпаздар әрқалай киініпті: оның ішінде басына телпек, үстіне ашық сарғыш көйлек-шалбар киген жігіт те, жалаңаш бұтын алды-артынан ұзындығы бес елі қатты матамен жауып, басына ұзын қауырсын байлап, үндістерді еске түсіретін бозбалалар да, үнді мен кәрістің ұлттық киіміне ұқсас сәнмен жасанып, тотыдайын таранған сұлу бикештер де осында. Бір емес, бірнеше халықтың мәдениеті жымдасып, астасып кеткен бе дерсің.
Малайзия павильонының табалдырығын аттағанда, қалың жыныстың ортасына енгендей хал кешесіз. Расында, астаналық ЭКСПО-ның «жасыл» тақырыбына осылайша шынайы жасыл желектік реңк берген осы ел болар. Малайзия ғылым, технология және инновация вице-министрінің «Сіздің елдің павильонының басты ерекшелігі неде?» деген сұраққа: «Орман» деп жауап бергені тегін емес. Малай павильонында жасыл орман барлық жерде «жайқалып тұр»: қабырға жағалай ілінген экрандарда, бұрыш-бұрышта отырғызылған бұталарда, төбеден еденге дейінгі суреттерде – қалың орман бейнесі. Осылайша, малайлықтар «Таза энергия біздің болашағымызға дем береді» деген ұстанымды әйгілейді. Бұл тіркесті тура мағынасында да, ауыспалы мағынасында да түсінудің әбестігі жоқ, асылы. Қалың жынысты орман – таза ауа, қоршаған ортаның тазалығы – дені сау адамзат.
Тағы бір жаңалығы – Малайзия павильоны Ислам қаржыландыру жүйесін насихаттайды. Қайталанбалы қуат көздері мен Исламдық қаржыландыру жүйесі бір-біріне үйлесімді екенін жоққа шығару қиын. Себебі екеуі де тазалықты, ешкімге, ештеңеге зиян шектірмей, керісінше септесіп, бірге тірлік етуді қолдайды. Исламдық қаржыландыру жүйесі Қазақстанда әлі даму үстінде. Бұл тұрғыда Малайзияның жол көрсетер тәжірибесі жетерлік.
Малайзия бұл көрмеге жасыл энергетика саласындағы өзгеше инновациялық жобаларды ала келіпті. Астаналық ЭКСПО көрмесі көптеген елдер үшін тиімді бизнес әріптестік орнатудың оңтайлы мүмкіндігіне айналғаны байқалады. Олар Қазақстанмен туризм және сауда байланысын күшейтуді көздейді. Сонымен қатар, осы жолы малайлық компаниялар қазақстандық компаниялар арасында ағын суларды тазарту және ауылшаруашылығында су қорын тиімді пайдаланудың тиімділін арттыруға қатысты меморандумға қол қойған.
Малайлық алты компания осы көрмеге экологиялық таза қуат көздерін дамытуға арналған нақты жобаларды алып келген, енді осы салада әріптестік орнататын қазақстандық компанияларды тапса, бірге жұмыс істеуге әзір. Мысалы, «Bioeconomy Corporation» компаниясы пальма майынан диацид өндіретін әлемдегі тұңғыш зауыт салатынын мәлімдеді. Жалпақ тілмен айтқанда, диацид – мұнай өнімінің баламасы, оны автокөлік бөлшектері, тұрмыстық химия мен опа-далап шығаруға дейін қолдана беруге болады. Ең бастысы, мұнай өндірісі сияқты емес, диацид шығару қоршаған ортаға барынша залалсыз болмақ.
Ал «Free the Seed» компаниясы биоталшықтардан жасалған ыдыс-аяқты алып келіпті. Бір қарағанда көзге үйреншікті пластикалық ыдысқа ұқсағанымен, бұл ыдыс-аяқ күріш сабағынан жасалған, яғни қолданып болған соң күресінге тасталса да, табиғи шіріндіге айналып, топырақты құнарландырады. Сонда жүз жыл шірімейтін, табиғатты ластап, жан-жануардың тіршілігіне зиян келтіретін пластик материалдардан жасалған ыдыс-аяқтан құтылудың жолы табылған сияқты. Күріш өсірумен айналысатын аймақтарда осындай ыдыс-аяқ шығарумен неге айналыспасқа?
Малайлықтардың әкелген жаңалығы бір бұл ғана емес. «Ronser Biotech» компаниясы ағын суды тазарту жобаларын қолға алған. Олар суды тазартып қана қоймайды, лас судың өзін қуат көзіне айналдырып, одан биогаз өндірудің жолын тапқан. Бұл технологиямен Қазақстанда MEC компаниясы айналысуы мүмкін деген дерек бар. Ал «Nanopac» компаниясы заманауи смартфондарды жетілдіріп, олардың күннен қуат алатын үлгісін жасапты. Мұндай смартфондар күн сәулесімен қатар үй ішіндегі жарықтан да қуат алатын көрінеді.
Малайзиялық компаниялар Қазақстанда халал өндірісті дамытуға үлес қосуға ниетті. «Muhibbah Sinersia Resources» компаниясы халал өнімдер шығаруда әріптестік орнатуды ұсынып отыр.
Сонымен, Малайзия Астаналық ЭКСПО мінбері арқылы барша халықаралық қауымдастықты болашақтың игілігі үшін таза қуат көздерін өндіруге үндейді. Ендеше, бұл салада малайлық ғалымдардың қандай жетістігі бар екенін білу үшін ғылым, технология және инновация министрі Уилфред Пангимус Тангау мырзамен және малайлық компания өкілімен арнайы сұхбаттастық.
Малайзияның ғылым, технология және инновация министрі Уилфред Мадиус Тангау:
МАЛАЙЛЫҚТАР КҮННЕН ҚУАТ АЛАДЫ
– «Болашақтың қуаты» тақырыбын ашуда Малайзия павильонының нендей жаңалығы бар? – Малайзия павильоны «Жасыл Өсуді қуаттандыру» деп аталады. Біз Малайзияның жасыл технолгияларды дамытудағы үздік жобаларын барша әлемге насихаттауды мақсат еттік. Павильон концепциясына сәйкес, адамзат болашағы жасыл желекке байланысты. Дүниежүзілік банктің мәліметіне жүгінсек, Малайзия орман шаруашылығы қарыштап дамыған озық жүз елдің қатарында. Сондықтан біздің павильонымыз жасыл желекке оранып тұр. Астаналық ЭКСПО көрмесіне дайындалуға Малайзия Биоэкономика Даму корпорациясы мен Малайзия Ғылым және Индустриалды зерттеулер институты атсалысты. Сондай-ақ Cube Global, Caiser UKM, Free the Seed, Ronser Biotech, Muhibbah Sinergia Resources, iCycle Malaysia және Nanopack компаниялары өз инновациялық жобаларын таныстырып отыр. – Малайзиядағы жасыл технологиялардың даму деңгейі қандай? Қазіргі экономикадағы үлесі қанша? – Қазақстан сияқты Малайзия да бүгінде қайталанбалы қуат көздерін дамытуға ден қойған. 2020 жылға қарай ел экономикасындағы биотехнология саласының ЖІӨ үлесін 5 пайызға жеткізуді көздеп отыр. Жасыл технологиялар туралы айтқанда, бүгінгі таңда Малайзия күн сәулесінен қуат өндіруде әлемдегі көшбасшылардың бірі саналады. Әлемдегі Күн сәулесінен қуат алатын фотоэлектр модульдер мен ұяшық шығаратын ірі өндіріс ошақтары біздің елде орналасқан, басқаша айтқанда әлемдегі әрбір төртінші фотоэлектр модулін біз шығарып отырмыз. Қайталанбалы қуат көздерінің ішінен біз күн энергиясына басымдық беріп отырмыз, сондықтан бұл сала экономикамыздың дамуында жетекші салалардың біріне айналып келеді. – Қазақстанға қандай жобаларды алып келдіңіздер? – Әзірге екі ірі жоба туралы айта аламын. «Free the Seed» компаниясы ауылшаруашылық биологиялық өнімдер шығару саласында, ал «iCycle Malaysia» компаниясы қалдықтарды өңдеу ісіне қатысты инвестициялық жобаларды жүзеге асырмақшы. Алдағы екі-үш жылда бұл жобалардың нәтижесін көріп қалармыз. – Жалпы, «ЭКСПО-2017 Астана» көрмесіне қатысу Малайзияға не берді? – Малайзияның ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысуы Қазақстанмен екіжақты қарым-қатынасымызға жаңа серпін әкеледі деп үміттенемін. Осы көрме аясында біз түрлі тақырыптардағы апталықтар өткіземіз және қазақстандық компаниялармен «Ғылыми дипломатия» деп аталатын ғылым және бизнес саласында әріптестер табуды көздеп отырмыз. Болашақта Қазақстан мен Малайзия арасындағы экономикалық байланыс қазіргіден де күшейе түсетініне үміт артамын. «Nanopaс Innovation» компаниясының бас атқарушы менеджері, доктор Ченг Кок Леонг:ҚУАТ ӨНДІРЕТІН ТЕРЕЗЕ ШЫҒАРАМЫЗ
– Күн мен жел қуатын өндіру шығыны өте қымбатқа түседі. Бұл жобаларды Малайзия үкіметі қаржыландырып отыр ма? – Әрине, күн көзінен қуат өндіру саласын қаржыландыруда үкіметтің қосатын үлесі зор. Екінші жағынан, күн көзінен қуат алу желден өндірілетін қуатқа қарағанда арзанға түседі. Мен ұзақ уақыт өлшеміндегі өндірісті айтып отырмын. Себебі желден қуат алу үшін механикалық құрылғыларды орнату керек, ал күн көзінен қуат өндірісінде мұндай күрделі құрылыстың қажеті шамалы. – Малайзияда күн сәулесінен қуат өндіру ісі қалай қаржыландырылады? – Малай азаматтары өз үйіне күн сәулесін өндіретін құрылғы орнатып, қуат шығаратын болса, малайзиялық үкімет олардан электр қуатын сатып алады. Бұл жүйе бірнеше сатымен жүзеге асырылды. Біріншіден, үкімет күн шаруашылықтарын ашуды жолға қойды. Он компания күн сәулесінен қуат өндіріп, үкіметке сатумен айналысты. Бұл жобаны сәтті аяқтаған соң біз екінші сатыға көштік. Биылдан бастап жеке азаматтардан қуатты сатып алуды бастадық. Бұған қоса, күн сәулесінен қуат өндіріп, оны өз шаруашылығында қолданатын компанияларға үкімет салықтық жеңілдіктер қарастырған. Осындай шаралардың арқасында күн сәулесінен қуат алу ісі жақсы жолға қойылды. Енді осы тәжірибені Қазақстанға алып келу ойымызда бар. – Сонда Малайзияда электр қуатының қанша пайызы күн сәулесінен өндіріледі? – Қазіргі таңда Малайзияда барша қуаттың шамамен жиырма пайызы күн сәулесінен өндіріледі. – Қазақстанға нақты қандай жобаларды алып келдіңіздер? – Біздің компания тікелей күн сәулесінен емес, жарықтың барлық түрінен қуат өндіретін қондырғы шығарады. Мысалы, электр қуатын өндіретін терезе жасадық. Мұндай инновациялық жоба ешбір елде жоқ. – Сонда бір күнде бір терезе қанша қуат өндіре алады? – Бір күнде бір терезеден 600-700 киловатт электр қуат өндіре алады. Ең бастысы, бұл терезе сырттан түсетін табиғи жарықты да, ғимарат ішіндегі жарықты да қуат көзі ретінде тұтына алады. – Сонда кәдімгі терезе мен осы «күн» терезесінің бағасында айырмашылық болатыны анық қой. Инновациялық терезенің бағасы қанша? – Онша қымбат емес. Мысалы, Малайзияда кәдімгі терезелер 80 доллар тұрса, электр қуатын өндіретін терезенің бағасы шамамен 120 доллар. – Ал мұндай терезе қанша жыл пайдалануға жарамды? – 25 жыл. Сонда сіз оны ширек ғасыр әрі терезе ретінде, әрі электр қуатын өндіретін қондырғы ретінде пайдаланасыз. Малайзияда мұндай терезе өз шығынын бес жылда ақтайды. – Қазақстанда осы өнімді шығаруға ынта білдірген серіктес таптыңыздар ма? – Жоқ, бірақ қазақстандық компаниялармен бизнес әріптестік орнатамыз деген үмітіміз мол.