Жаңалықтар

Қарғаның миы қайнаған аптап ыстық

ашық дереккөзі

Қарғаның миы қайнаған аптап ыстық

Биыл жаз кеш шықты, сәуірдегі қар, мамырдағы жауын-шашыннан кейін жаз шықпайтындай көрінген. Бірақ жаз ерекше ыстық. Маусым айынан бері республиканың барлық өңірлерінде аптап ыстық сақталуда. Шіліңгір шілденің аптабы зар күйінде. «ҚазГидромет» аптап ыстыққа байланысты сан дүркін ескерту жариялады.

Салқындатқыш көмегіне жүгінген жұрт

Республика өңірлері тегіс ыстықтан зардап шегуде. Шілденің басында шығыстағы аптап ыстық талайдың мазасын қашырды. Кей жерлерде ауа температурасы +40 градусқа дейін көтерілді. Өскеменде жерге тамшы түспегелі бір айға жуықтаған. Ыстыққа шыдамаған бала-шаға қала көшелеріндегі су бұрқақта шомылса, көпшілік өзен-көлдерді жағалап, жан сақтауда. Соның салдарынан суға кеткендер саны да жылдағыдан көп. Қызылорданың қапырығы биыл да жас-кәріні түгел әбігерге салды. Қалада денсаулығы сыр бергендер көбейіп, жедел жәрдемге түсіп жатқан шақыртуларда есеп жоқ. Тұрғындардың редакцияға жазған хаттарында көшедегі ауа температурасын өлшеуіштердің суреті де салынған. Мұнда көшедегі температура +56 градусты көрсетіп тұр. Маңғыстау облысының жазы тіптен ерекше. Ауыл тұрғынының айтуынша, ауа температурасы көлік ішінде 56 градусқа дейін көтерілген. «Бұл көрсеткіш ағамның көлігінен түсірілген. Ал менің көлігімде 55,5 С болып тұрды. Аптап ыстықтан ел салқындатқыштың көмегімен жан сақтап отыр», – деді ол. Күннің күрт ысуынан Маңғыстау облысында 70 гектар алқап өртке оранды. Аптап ыстықтың қаупі әлі сейілген жоқ. Республиканың батысы мен оңтүстігінде жауын-шашынсыз ыстық ауа райы шілденің соңына дейін сақталады. «Қазгидрометтің» болжамынша, Қызылорда, Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Қарағанды облыстарында айдың соңына дейін аптап ыстық. Сондай-ақ, Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе облыстарында да өте қатты ыстық болады. Қызылорда, Оңтүстік-Қазақ­стан, Қарағанды, Қостанай, Атырау, Батыс-Қазақстан облыстарының кей жерлерінде өте жоғары өрт қаупі сақталады. Дәл осындай жағдай Қазақ­стан аумағында соңғы рет 2012 жылы тіркеліпті. Биылғы жазда дүниежүзінде соңғы 100 жылда болмаған жоғары температура тіркелді. Иранның батысында орын тепкен Ақбаз қаласындағы ауа температурасы +53,7 °C-қа жетті. Weather Underground ақпарат көзінің келтірген дерегіне қарағанда, аталған қалада +61 °C аптап ыстық тіркелген. Бұл планетамыздағы соңғы 100 жылда ең алғаш рет тіркеліп отырған аса жоғары көрсеткіш.

Ұрғашы қарақұрттың уы қауіпті

Оңтүстік Қазақстан облысында күннің ыстығында ерекше құтыратын жәндіктер адамға шабуылдай бастаған. Жаз басынан бері қарақұрттың уынан зардап шегіп, ауруханаға түскендердің саны – 33-ке жеткен. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда едәуір артқанын байқауға болады. Жергілікті дәрігерлердің айтуынша, алдағы ыстық маусымда қарақұрт құрбандарының саны күрт өсуі мүмкін. Қарақұрт – улы, қара өрмекші. Денесі шағын, түсі қара, құрсағында қызыл дақтары бар. Шөлді және далалы аймақтарда кездеседі. Қарақұрттар өте өсімтал: шілдеде 100-700 жұмыртқа салып, оларды пілләсімен қорғауға алады. Жұмыртқадан шыққан өрмекшілер келесі жылы сәуірде жан-жаққа тарайды. Әсіресе ұрғашы қарақұрттың уы адам мен малға өте қауіпті. Қарақұрт шаққан жерде қызыл дақ пайда болады, сәл уақыттан соң білінбей кетеді. Қарақұрт шаққан адамның 10-15 минуттан кейін іші мен кеудесі қатты ауырады, аяқтарының жаны кетіп, құрысып қалады. Дер кезінде жедел жәрдем көрсетілмесе, уланған адам 1-2 күннен кейін өліп кетуі мүмкін. Күн ысыған сайын күшейетін улы жәндік қала ішінде де қаптап кеткен. Ал ыстық күндердің әлі алда екенін ескерсек, қарақұрттан зәбір көретіндердің саны еселеп артуы ғажап емес. Қазір ауруханаға түскендердің ішінде жасөспірім, әйел, балалар мен ересек азаматтар да бар. Жылқыны 4, түйені 6 сағатта сеспей қатыратын жәндік әсіресе шөп арасында, құрылыс басында көп кездесуде. Сондықтан мамандар қала сыртына серуендеуге шыққандар мен құрылысшыларға аса сақ болуға кеңес береді. Статистика бойынша, қарақұрт шаққан әр төрт адамның бірі өледі екен. Ал Атырауда қарақұрт түйе малына шабуылдауда. Жеті түйе улы өрмекшілердің құрбанына айналды. Мал дәрігерлерінің айтуынша, өрмекшілердің белсенділігінің артуына аптап ыстық түрткі болған. Қарақұрт шаққан малды құтқаруға болады, бірақ иесі бір-екі күн ішінде сырқатын анықтап, денесіне у тарамай тұрғанда ем жасауы керек. Қарақұрт Ақтөбеде балаларға да шабуылдай бастаған. Қарақұрт ұйықтап жатқан баланың төсегіне кіріп, арқасынан шағыпты. Оқиға Темір ауданының Жаңажол елді мекенінде болған. Қыздың аяқ-қолы құрысып, ыстығы көтірілген соң ата-анасы ауруханаға жеткізген. Бірақ Темір ауданында бұл жәңдіктің уына қарсы дәрі жоқ болғандықтан,  бала санавиация арқылы дереу облыс орталығына жеткізілді. Бұл облыста осымен екінші адамды қара құрт шағып отыр. Осыған дейін Байғанин ауданында жүкті келіншекті зиянкес жәндік шағып, дәрігерлер оны аман алып қалған болатын. Кейбір мамандардың айтуынша, қарақұрт уы қыркүйекте аса қауіпті. Ертеректе қазақ халқы жайлауда қарақұрттан сақтану үшін, үй тігетін орынға қой жаятын болған. Өйткені улы жәндік қойдың иісі шыққан мекеннен бойын аулақ ұстайтын көрінеді. Аймақ тұрғындарының көбін қарақұрт даладағы ұйқы кезінде, құрылыс жұмыстары үстінде шаққан. Сондықтан дәрігерлер табиғат аясына демалысқа шығатын, құрылыс жұмысын жүргізетін не далалы жерде ұйықтайтын адамдарға жабық киінуді, барынша мұқият болуды ескертеді.

Шегіртке де шетелдік екенін білдіруде

Жамбыл облысында көктемгі дала жұмыстары қарқынды жүріп жатқанда шегіртке шаруаларды әбігерге салды. Әсіресе Талас, Байзақ, Жамбыл аудандарының егістік алқаптарын шегірткелер кең жайлаған. Қазақ даласына қаптаған шегірткелер шетелдік екен. Шегірткенің «Марокколық» тұқымдасы жергілікті шегіртке тұқымдастарына қарағанда қауіпті, тез көбейеді, азық талғамайды. Мәселен, марокколық шегіртке Оңтүстік Қазақстан мен Жамбыл облыстарында таралса, Алматы, Қызылорда, Батыс Қазақстан, Атырау мен Шығыс Қазақстанда азиялық шегіртке жиі кездеседі. Ал итальяндық прус еліміздің барлық өңірлерінде ішінара кезедеседі. Дегенмен, олар Қостанай, Ақтөбе, Қарағанды облыстары мен солтүстік аймақтарда кеңінен тараған. Сондықтан болар, биыл Алматы қаласының іргесінде, тіпті, қала көшелерінде де шегірткелер көбейіп, бау-бақшаны жайлап алған. Диқандар көктемнен бері шегіртке қаптады деп келеді. Қызылорда облысының Қазалы ауданында 12 мың гектар жерді итальяндық прус шегірткесі жалмап тастаған. Азық талғамайтын жәндіктер негізінен құмды аймақтарда көп. Қазіргі таңда Қазалы өңірінде қаптаған шегірткенің көзін жоюға 4 арнайы техника мен 1 дельтаплан тартылған. Азиялық шегірткеге қарсы химиялық дәрілеу жұмыстары да жүргізілді. Жалпы, облыс бойынша өткен жылы 161 мың гектар жер залалсыздандырылса, биыл бұл көлем 8 мың гектарға азайтылып отыр. ҚР АШМ аумақтық инспекция басшысы Еркебұлан Бекжанов бұл жұмыстардың маусым айының соңына дейін жалғасқанын жеткізді. Көктемде ҚР Ауыл шаруашылығы минстрлігі Агроөнеркісіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы Ержан Айнабеков биыл үйірлі шегіртке 1,5 миллион  гектар алқапқа таралуы мүмкін деген еді. Биыл үйірлі шегіртке тектес зиянкестердің таралуы 1 570,7 мың гектар алаңда болжануда. Оның ішінде итальяндық прус 951,6 мың гектар, азиялық шегіртке 298,4 мың гектар, марокколық шегіртке 320,7 мың гектар алқапқа таралу қаупі бар. Оларды жою жұмыстарына 1,5 миллион теңгеден астам қаржы бөлінген. Жауын-шашынсыз құрғақ температурада дала өртінің қаупі басым, егістіктің күйіп кетуі де ғажап емес.