Италиялық инвесторлар Батыс Қазақстан облысына келмек
Италиялық инвесторлар Батыс Қазақстан облысына келмек
Италиялық инвесторлар Батыс Қазақстан облысына келмек. Бұл туралы Италияның Милан қаласында БҚО әкімі Алтай Көлгінов бастаған батысқазақстандық делегацияның қатысуымен өткен бизнес-форум кезінде мәлім болды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Облыс әкімінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, Елбасының республикамызға инвестиция тарту жөніндегі тапсырмасына сәйкес ұйымдастырылған форумға «ҚПО б.в.» компаниясының және италия-қазақ сауда палатасының өкілдері қатысты. Шараға келген инжиниринг пен мұнайгаз саласына құрал-жабдық шығарумен айналысатын италияндық ірі компаниялардың басшыларына Батыс Қазақстан облысы экономикасының негізгі салалары, инвестициялық әлеуеті, өңірді мұнайгаз кластеріне бағытталған машина жасау орталығына айналдыру турасындағы іс-шаралары таныстырылды.
- Мемлекет басшысы өз Жолдауында ауыл шаруашылығы саласын экономиканың драйверіне айналдыру қажеттілігін айтқан еді. Еліміздің басқа өңірлеріндегі секілді бізде де бұл сала жақсы дамыған. Табиғи, экологиялық таза өнімдерді шығаруға мүмкіндік мол. Сөйтіп, еліміздің батыс аймағының агроөнеркәсіп өнімдеріне деген сұранысын толығымен қанағаттандыруға болады. Сонымен қатар ЕАЭО мен ЕО елдеріне де азық-түлік экспортының көлемі жыл өткен сайын артып келеді. Бұл бағытта шетелдік инвесторлар үшін түрлі жеңілдіктер қарастырылғанын айта кеткім келеді. Сол себепті италияндық кәсіпкерлерді осы салаға инвестиция салуға шақырамын. Жалпы, шетелдік компаниялардың облысымызға инвестиция салуға қызығушылығы зор. Оған кабельді-сымды өнімдер шығарумен айналысатын кәсіпорын, жылыжай шаруашылығының құрылысы, заман талабына сай келетін жаңа қонақүй салу жобалары мысал бола алады. Ресейдің бес бірдей губерниясымен шектесетін және жедел қарқынмен дамып келе жатқан облысымызда басқа да түрлі жобалар бар. Бүгінгі шараны пайдаланып, сіздерді және сіздер арқылы өзге де италияндық кәсіпкерлерді Елордамызда өтіп жатқан «ЭКСПО-2017» көрмесін тамашалауға және Орал қаласында дәстүрлі түрде болатын «WestKazInvest - 2017» форумына да шақырғым келеді. Онда шетелдік қонақтарға отандық кәсіпкерлермен кездесіп, өзара пікір алмасу, жаңа өнім түрлерін шығару, бірлескен кәсіпорын құру турасында келісіммен уағдаластық жүргізуге барлық жағдай жасалады, - деді Алтай Көлгінов.