Италиялық инвесторлар Батыс Қазақстан облысына келмек

Италиялық инвесторлар Батыс Қазақстан облысына келмек

Италиялық инвесторлар Батыс Қазақстан облысына келмек
ашық дереккөзі
Италиялық инвесторлар Батыс Қазақстан облысына келмек. Бұл туралы Италияның Милан қаласында БҚО әкімі Алтай Көлгінов бастаған батысқазақстандық делегацияның қатысуымен өткен бизнес-форум кезінде мәлім болды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі. Облыс әкімінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, Елбасының республикамызға инвестиция тарту жөніндегі тапсырмасына сәйкес ұйымдастырылған форумға «ҚПО б.в.» компаниясының және  италия-қазақ сауда палатасының өкілдері қатысты. Шараға  келген инжи­ни­ринг пен мұнайгаз саласына құрал-жаб­дық шығарумен айналысатын италияндық ірі компаниялардың бас­шыларына Батыс Қазақстан об­лысы экономикасының негізгі салалары, инвестициялық әлеуе­ті, өңірді мұнайгаз кластеріне ба­ғытталған машина жасау орта­лығына айналдыру турасындағы іс-шаралары  таныстырылды. - Мемлекет басшысы өз Жолдауында ауыл шаруашылығы саласын экономиканың драйвері­не айналдыру қажеттілігін айтқан еді. Еліміздің басқа өңірлеріндегі секілді бізде де бұл сала жақсы дамыған. Табиғи, экологиялық та­за өнімдерді шығаруға мүмкіндік мол. Сөйтіп, еліміздің батыс аймағының агроөнеркәсіп өнімде­ріне деген сұранысын толығы­мен қанағаттандыруға болады. Сонымен қатар ЕАЭО мен ЕО елдеріне де азық-түлік экспортының кө­лемі жыл өткен сайын артып келеді. Бұл бағытта шетелдік инвесторлар үшін түрлі жеңілдіктер қа­растырылғанын айта кеткім ке­леді. Сол себепті италияндық кә­сіп­керлерді осы салаға инвестиция салуға шақырамын. Жалпы, шетелдік компаниялардың об­лы­сымызға инвестиция салуға қы­зы­ғушылығы зор. Оған кабельді-сым­ды өнімдер шығарумен айна­лысатын кәсіпорын, жылыжай шаруашылығының құрылысы, за­ман талабына сай келетін жаңа қо­нақүй салу жобалары мысал бола алады. Ресейдің бес бірдей губерниясымен шектесетін және же­дел қарқынмен дамып келе жат­қан облысымызда басқа да түрлі жобалар бар. Бүгінгі шараны пайдаланып, сіз­­дерді және сіздер арқылы өзге де италияндық кәсіпкерлерді Ел­ор­дамызда өтіп жатқан «ЭКСПО-2017» көрмесін тамашалауға және Орал қа­ласында дәстүрлі түрде болатын «WestKazInvest - 2017» форумына да шақырғым келеді. Онда шетел­дік қонақтарға отандық кәсіпкерлермен кездесіп, өзара пікір алмасу, жаңа өнім түрлерін шы­ғару, бірлескен кәсіпорын құру турасында келісіммен уағдаластық жүргізуге барлық жағдай жасалады, - деді Алтай Көлгінов.