Үштік одақтың бестікке айналуы

Үштік одақтың бестікке айналуы

Үштік одақтың бестікке айналуы
ашық дереккөзі

Өткен аптада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ресми сапармен Мәскеу қаласына барды. Қазақстан Президенті ресми сапары барысында Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысына, ТМД елдері Президенттері кеңесінің бейресми саммитіне және Жеңістің 70 жылдығына арналған әскери шеруге қатысып, Ресей Президенті Владимир Путинмен кездесті.

Жоғары Еуразиялық эконо­микалық кеңес отырысына Қазақстан, Армения, Беларусь Республикасы, Қырғызстан, Ресей Президенттері және Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы В.Христенко қатысты. Отырыста Еуразиялық экономикалық одақ қызметінің қазіргі мәселелері, ұйым аясындағы серіктестікті тереңдету, халықаралық ынты­мақтастық аясын кеңейту және Қырғызстанның Одаққа қосылуы талқыланды. Сондай-ақ, кеңес отырысында одаққа мүше елдердің экономикалық дамуының негізгі бағыттары мен дағдарысқа қарсы бағытқа ие негізгі макроэкономикалық бағдарлары сөз болды. Кеңесте сөз сөйлеген Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шартқа қол қойылғанына бір жыл толғанда өткізілген бұл кездесудің маңыздылығына тоқталды.

– Келісімге қол қойылған күннен бері бір жыл уақыт өтті, бүгін Еуразиялық экономикалық одақты құрған күннен бері алғаш рет отырыс өткізіп отырған күні­міз айтулы күн. Беларусьтік тарап­тың төрағалығымен жобамызды іске қосқаннан бері төрт айдан астам уақыт өтті. Мүдделер теңдігі, прагматизм және кезеңділік қағидаттарына негізделген инте­грациялық бірлестік біздің мемлекеттерімізді және экономикамызды әлемдік дағдарыстың күрделі жағдайында нығайтуға қабілетті екеніне сенімдімін. ЕАЭО жұмысы түбегейлі басталғалы бері біздің қатарымыз Армения және Қырғызстанның қосылуы арқылы толықты. Бірлескен ынтымақтастық болашақта елдеріміздің байланысын нығайтып, Еуразиялық одақтың дамуына тың серпін берері анық, – деді Мемлекет басшысы.

Одан әрі Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы аталмыш экономикалық одаққа халықаралық қоғамдастықтың қызығушылығы артып келе жатқанын айтты. «Бүгінде бірқатар мемлекеттер бізге сауда-экономикалық қатынастар орнату, еркін сауда ұсынысымен шығуда. Мәселен, үкіметаралық кеңес отырысының аясында ЕАЭО мен Вьетнам арасында еркін сауда аймағы туралы бірінші келісімге қол қою жос­парланып отыр. Келісім жобасы қазір мемлекетішілік үдерісте қарастырылып жатыр. Сондай-ақ, бүгінде Қытай Халық Республикасымен серіктестік және ынтымақтастық туралы келісім жасау жөніндегі келіссөздерді бас­тау мәселесі күн тәртібінде тұр. Түркия, Иран, Үндістан, Моңғолия, Әзірбайжан осы кезеңдегі келесі әлеуетті серіктестер бола алар еді», – деп сөзін жалғады Қазақстан Президенті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қабылданған шешімдерді жүйелі түрде жүзеге асыру қажеттігіне де назар аударды. Жиын соңында кеңеске қатысқан Президенттер мемлекетаралық ынтымақтастықты түрлі салаларда одан әрі дамытуға бағытталған маңызды құжаттарға қол қойды. Қол қойылған құжаттардың бірі – ЕАЭО-ның ортақ электр-энергетикалық рыногын қалыптастыру тұжырымдамасы. 2019 жылы құ­рылатын ЕАЭО-ның ортақ электр-энергетикалық рыногын құруға қадам басу үшін аталмыш тұжырымдама өз септігін тигізбек. Ал Қазақстан үшін бұл тұжырымдама аталмыш саланың экспорттық әлеуетін жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Кеңесте қолдау тапқан тұжырымдаманың бірі – Автомобильмен жүк тасымалдауды сатылап бейтараптандыру бағдарламасы. Аталмыш бағдарлама бизнес үшін көлік шығындарын төмендетуге жағдай жасамақ. Біздің еліміз бұл бағдарламаға 2025 жылдан бастап қосылады деп болжануда. Мәскеуде өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес шеңберінде Қырғызстан одақтың мүшелігіне қабыл­данып, үштік одақ бестікке айналды.

Мәскеуде Елбасы қатысқан тағы бір жиын – ТМД елдері басшылары кеңесінің бейресми саммиті. Қазақстан биыл ТМД-ға мүше елдер Мемлекет басшыларының кеңесіне төрағалық етуде. Сол себепті, кеңестің ресми кездесуі қазан айында Қазақстанда өтеді. Мәскеудегі бас қосудың бейресми аталуының себебі сонда. Бейресми саммитке Қазақстан, Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстанның мемлекет басшылары мен ТМД атқару комитетінің төрағасы Сергей Лебедев қатысты. Саммитте алғашқы болып сөз алған Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин әріптестерін Жеңістің 70 жылдық мерейтойымен құттықтап, бұл мерекенің үлкен тарихи маңызы бар екенін айтып өтті. Одан кейінгі сөз тізгіні ТМД-ға мүше елдер Мемлекет басшылары кеңесінің төрағасы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа берілді. Елбасы аталмыш кездесудің ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне көрсетіліп отырған құрмет екеніне тоқталды.

– Қасіретті соғыс жылдарында біздің халықтарымыз нацистік қатерге қарсы біртұтас болып жұмылды. Соғыстың негізгі ауыртпалығы нақ осы біздің елдерімізге түсті. Біздің әкелеріміз бен аталарымыз жеңді. Егер олар жеңбегенде саясат пен экономика қандай бағытта дамитыны, біздің халықтарымыз қазір қайда болатыны белгісіз еді. Басшылары осында отырған барлық елдер секілді Қазақстан да Ұлы Жеңіске зор үлес қосты. Сол кезеңдегі халқымыздың 20 пайызға жуығы – бір жарым миллион адам майданға аттанды, соның жартысы ғана оралды. 500-ден астам адам Кеңес Одағының батыры атағына ие болды. Өзге елдермен қатар Қазақстан да қарулы күштердің сенімді тылына айналды. Бұл жеңіс баршамыз үшін – ардагерлерге де, жастарға да маңызды, – деді Қазақстан Президенті.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы өз сөзінде жекелеген саясаткер­лер мен мемлекеттердің соғыс қорытындысын тарихи деректерді бұрмалау арқылы қайта қарау ұмтылысының жиі байқалатындығына назар аударды. «Біз Жеңіс туралы ақиқатты бірлесіп сақтауға, болашақта осындай қасіретті болдырмас үшін келесі ұрпаққа айтып жеткізуге тиіспіз. Бүгінде соғыстан сабақ алмағандардың бар екенін көріп отырмыз, өткеннің қателіктері қайталануда. Біз күрделі кезеңде тұрмыз, тұрақсыздық ошақтары ұлғайып келеді, жаңа шиеленістер туындауда. Мәселені дипломатиялық жолмен емес, күшпен шешуге ден қойылуда, бұл өте қатерлі», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.