Үрімжіде ұлы Абай атындағы анимация академиясы ашылады
Үрімжіде ұлы Абай атындағы анимация академиясы ашылады
Қытайдағы қандастармыз Абай атындағы анимация академиясын ашпақ. Бұл туралы, «Абай жолы» анимациялық компаниясының директоры, кәсіпкер Ғұсман Қажытайұлы «Түркістан» газетінің тілшісіне хабарлады.
Абай атындағы анимация академиясы маусым айында Үрімжі қаласынан ашылады деп жоспарлануда. «Әуелде жеке орталық ретінде ашамыз деп едік. Кейіннен, Үкімет оқу-ағарту заңына байланысты Үрімжідегі университетпен бірлесе жұмыс істеуімізді талап етті. Академияны оқып бітірген шәкіртке халықаралық дәрежедегі диплом беріледі» – дейді, кәсіпкер Ғұсман Қажытайұлы. Кәсіпкер бұл академия Шынжаң автономиялы аумағындағы анимация саласы бойынша қазақ тілінде білім беретін тұңғыш орталық екенін мақтанышпен айтады.
Қыркүйекте оқу бастайтын академия 8-сыныпты бітірген 50 шәкіртті арнайы емтихан арқылы қабылдамақ. Олардың арасынан жетім, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан 30 талапкерді тегін оқытады. Ал академияда Қытай еліне танымал аниматорлар мен «Абай жолы» анимациялық компаниясының 2009 жылдан бері арнайы оқытып дайындаған тәжірибелі мамандары дәріс береді. Сондай-ақ, академия алдағы жылдары қазақстандық оқушыларды да қабылдап аниматор мамандарын даярлауға ат салыспақ.
[caption id="attachment_3619" align="alignnone" width="3264"] "Абай жолы" анимация компаниясы оқтып тәрбиелеген жас аниматорлар[/caption]Анимация академиясын ашуға кәсіпкер 5 жыл дайындалған. Әуелде жеке компания ретінде құрып, он шақты қазақ баласын өз қаражатымен Үрімжі қаласында анимация өнерін игеруге тәрбиелеген. Шәкірттердің көбі әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балалары екен. Бүгінде «Абай жолы» компаниясы дайындаған шәкірттер «Абайдың балалық шағы» туралы 3D форматында 104 сериалы анимациялық фильм жасауды қолға алып, екі-үш сериасын дайындап үлгерген. Ұлы ақын өміріне арналған анимациялық туынды 3 жылда толықтай аяқталмақ. Кәсіпкер мультфильмге қазақ актерларына дубляж жасатып, қазақстандық телеарналарға ұсынбақ.
«Қазақ анимациясын халықаралық өрге жеткізу үшін, сапа мен мазмұнға ерекше көңіл бөлуіміз керек. Ал биік өреге жету үшін бізге білікті маман қажет. Біз кемінде 500-ден астам қазақ азаматын анимация саласын игеруге тәрбиелеп шығуымыз керек. Академияны ашудағы мақсатымыз да осы», – дейді кәсіпкер Ғұсыман Қажытайұлы. Қытайдағы анимация қоғамының ұсынған дерегі бойынша, бүгінде аталған елде төрт мыңнан астам анимация саласымен айналысатын компания бар екен. Онда 400 мыңға жуық адам қызмет етсе, олардың 260 мыңнан астамы техникалық жұмыспен шұғылданды.
[caption id="attachment_3620" align="alignnone" width="2048"] Үрімжідегі жас аниматорлар[/caption]Ал Қазақ анимациясының тарихы 47 жылды артқа тастады. Алайда әлі күнге жеке дара анимациялық академия құрылмай отыр. 1967 жылы «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» мультфильмін түсіріп Қазақ анимациясының негізін қалаған Әмен Қайдаров та бұл арманына жете алмай 92 жасында қайтыс болды. Қазақ анимациясының қарқыны басылған тұсы кейінгі жылдар, 1991 жылдан кейін тоқырауға ұшырап, назардан тыс қалды. Тек, жекелеген аниматор мамандардың жанкешті әрекетінің арқасында, 2009 жылдан бастап қазақ анимациясына қайта қан жүгіре бастады. Алайда, «Қазақфильм» жанындағы анимациялық орталық ұсынған туындылардың саны саусақпен санарлық. Олардың саны бар болғанымен сапасы, мазмұны көрермен талғамына толықтай жауап бере алады деп айта алмаймыз.
Қазақ анимациясының қамына тұсау салған дүние – Қазақ анимациясының дербес мемлекеттік мекеме болып құрылмауында. «Неге қазақ мультфильм студиясын ашпаймыз? Уақыт жетті ғой» – деген пікірді режиссер-аниматор Нұрбақыт Қожахметұлы бастаған мамандар біраздан бері айтып келеді. Мультипликатор-режиссер Қайырғали Қасымов: «Қазақ мультфильмі дербес мекеме болуы керек» – дейді. Ал мамандар айтқан дербес мекеме қазіргі тендрлік жолмен анимациялық жобаларды ұтып алып, өнім дайындайтын, сапаға емес санға көбірек мән беретін пысықай студиялардың жұмысын қадағалау қажет. Мысалы, Алматы қаласы әкімдігінің Тілдерді дамыту, мұрағаттар және құжаттама басқармасы «Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2012 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын» жүзеге асыру мақсатында қазақ ертегілерінің желісі бойынша түсірілген мультфильмдер жинағын шығарды. Жинақтағы 14 дискіден тұратын 40 сериялы мультфильмді қазақтың халық ертегілерінің желісі бойынша «Azia animation» компаниясының иелері Игорь Краус пен Артур Краус түсірген еді. Жинаққа «Алдаркөсенің көңілді оқиғалары» атты 85 сериялы мультфильмі әлем халықтары ертегілерінің желісі бойынша түсірілген 50 слайд-шоу ертегі, «Бізді қоршаған әлем» атты 1000 сөзді қамтитын орысша-қазақша суретті аудио-сөздік енгізіліпті. Біз сондағы 40 сериалы өнімді түгелдей көріп шықтық. Бірақ, көңіліміз толған жоқ. Бұл әрине, жай кемшілік ретінде қалатын дүние емес. Мұндағы дүниелердің балаларға кері тәрбие беретіндігі ашындырады. «Алдаркөсенің қызықты оқиғалары» туралы айтылған ертегілерде шық бермес Шығайбайдың бәйбішесінің аузынан шығатын «кәрі қақпас», «есалаң», «оңбаған» деген сияқты бейпіл сөздерді әлі күнге қазақ баласы тыңдап жүргені ақиқат. Аталған туындыдағы Алдаркөсенің бейнесі, түр-сыйпаты бөлек әңгіме...
Ал, Қазақ анимациясына биыл «Ел аманаты» атты әрқайсысы 10 минутты қамтитын алты бөлімді анимациялық фильм қосылмақ. Анимациялық фильмде Керей мен Жәнібек хандардың жастық шақтары мен хандық кезеңдердегі өмірі көрсетілмек. Өнімнің қандай болатындығын алдағы уақыт көрсетер...
P.S. Анимациялық өнімге деген сұраныс күн санап артып келеді. Бұл саланы мемлекет мықтап қолға алса, әуелі ұрпақ тәрбиесі, қала берді мыңдаған адамды жұмыспен қамту, шетелдік мультфильмдер жаулаған отандықты нарықты игеруге де өз септігін тигізер еді. Бір кем дүние...
Жәнібек ҒАЛЫМ