«Нұрлы жер»: Жарна төлеу жеңілдейді

«Нұрлы жер»: Жарна төлеу жеңілдейді

«Нұрлы жер»: Жарна төлеу жеңілдейді
ашық дереккөзі
Елімізде баспана мәселесі өзектілігін жойған емес. Себебі республика бойынша үйге деген сұраныс пен баспана жағдайын жақсартуға ниет білдірушілер саны күн санап арта түсуде. Сандарды сөйлететін болсақ, бүгінде Қазақстанда 2 млн 300 мың адам баспанаға мұқтаж. Соның 1 млн 300 мыңы – жер кезегінде тұрғандар. Оның 115 мыңы Астана қаласы бойынша өтініш бергендер. Үкімет 2017-2031 жылдарға арналған «Нұрлы жер» бірыңғай тұрғын үй құрылысы бағдарламасын әзірлегені белгілі. Бағдарламаның басты мақсаты – қазақстандық отбасыларды қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз етуге арналған. Аталған жыл ішінде республика бойынша «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 1,5 миллионға жуық қолжетімді тұрғын үй салу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, «Нұрлы жер» бағдарламасы ҚР Ұлттық банкінің сыйақы мөлшерлемесі бойынша жеке құрылыс салушы компанияларға несие беруді қарастырады. Бүгінгі күні бұл жылдық 16 пайызды құрайды, оның 7 пайызын «Даму» қоры субсидиялайды, қалған жылдық 9 пайызын құрылыс салушы төлейді. Субсидия кәсіпкерлердің  тұрғын үй салуға қатысты жаңа несиесіне беріледі. Соның нәтижесінде бүгінгі таңда «Нұрлы жер» бағдарламасының арқасында құрылыс секторы және ипотекалық несиелеу нарығы оң динамиканы көрсете бастады. Айта кету керек, «Даму» қоры – ұлттық даму институты.  Оның жалғыз акционері болып «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдинг» АҚ табылады. «Даму» қорының мақсаты – шағын орта бизнесті сапалы дамытуға көмектесу, сондай-ақ Қазақстанның шағын қаржы ұйымдарының консалтингтік және қаржылық қызметтерді ұсынудың интиграторы мен операторы ретінде қызмет атқарады. Сонымен қатар, «Нұрлы жер» бағдарламасының тағы бір операторы – «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры». «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» акционерлік қоғамы  2009 жылғы 6 наурызда құрылды. «Самұрық-Қазына» АҚ Жылжымайтын мүлік қорының Жалғыз акционері болып табылады. Жылжымайтын мүлік қоры жалға берілетін және коммерциялық тұрғын үй бағыты бойынша «Нұрлы жер» бағдарламасымен қоса, Дағдарысқа қарсы бағдарламаның операторы. Бағдарламаның келесі бір операторы – «Қазақстандық Ипотекалық Компаниясы» (ҚИК) ипотекалық ұйымы. Бүгінге дейін ҚИК «Банк ЦентрКредит» АҚ, «АТФБанк» АҚ, «Сбербанк» АҚ, «Bank RBK» АҚ, «Цеснабанк» АҚ, «ТұрғынҮйҚұрылысЖинақБанкі» АҚ. «ТенгриБанк» АҚ сынды қаржы ұйымдарымен келісімге келген. Субсидияланатын қарыз бойынша қарыз алушы үшін түпкілікті мөлшерлеме 10 пайызды құрайды, мөлшерлеменің қалған бөлігін ҚИК өтейді. Бұл ретте банктің ең жоғары мөлшерлемесі субсидиялау туралы шешім қабылданған сәтте қолданыста болған Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің базалық мөлшерлемесінің деңгейінен 5 пайыздан артық емес болу керек. Айта кетейік, «Нұрлы жер» – үкіметтің қазақ­­­стандықтарды барлық алдыңғылары біріктірілген қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі бойынша атқарған жұмысының нәтижесі болып табылады: 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік инфрақұрылымдық дамыту бағдарламасының тұрғын үй бөлімі және Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы.

Пәтер алу үшін 5 пайыздық несие кімдерге беріледі?

Биыл 1 қаңтардан бастап Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы күшін жойғаны белгілі. Бірақ бұл халық баспанасыз қалады деген сөз емес. Керісінше, мемлекеттің тұрғын үй саясаты жаңа деңгейге шығып отыр. Бұған дейін жеңілдетілген жолмен баспана беретін бірнеше бағдарлама болса, енді оның бәрі «Нұрлы жер» бағдарламасына бірігіп отыр. Ал мұқтаж жандардың баспаналы болу мүмкіндігі бұрынғыға қарағанда әлдеқайда артқан. Бірнеше бағдарлама деп отырғанымыз: Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы, «2012-2020 жылдарға арналған моноқалаларды дамыту», «2011-2020 жылдарға арналған тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту», «Қолжетімді баспана-2020» мемлекеттік бағдарламалары. Бұлардың бәрі енді бір жүйе негізінде жүзеге аспақ. Мәселен, бұған дейін мемлекет жас отбасылардың баспаналы болуына көбірек екпін берсе, қазір әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар да, мемлекеттік және бюджеттік сала қызметкерлері де, оралмандар да және әлеуметтік статусы бар өзге азаматтар да пәтерді арендалық негізде ала алады. Мемлекет салатын бұл пәтерлер сатып алу құқығымен және сатып алу құқығынсыз берілетінін де айта кету керек. Яғни, алғашқы жарнасын төлемей-ақ үйлі болуға мүмкіндік көп. Оның үстіне биылдан бастап мемлекеттік бағдарлама аясында салынатын үйлердің саны да еселеп артып отыр. Сондай-ақ, қазақстандықтар жеңілдетілген 5 пайыздық несиемен де пәтер ала алады. Бұл да «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасындағы бағыттардың бірі. Ал, оны қалай алатынын білу мақсатында мемлекеттің тұрғын үй бағдарламасын жүзеге асырумен айналысып келе жатқан қаржы институттарының бірі – «Тұрғынүйқұрылысжинақ банкі» АҚ. Банк «Жас отбасы» бағдарламасын сол 2012 жылдан бастап сәтті жүзеге асырды. Бірақ соңғы уақытта мемлекеттің тұрғын үйге қатысты саясаты модернизацияға ұшырап, түрлену үстінде. Енді елдегі тұрғын үйге қатысты мемлекеттік бағдарламалардың барлығы «Нұрлы жер» бағдарламасына бірігіп кетті. Жастардың мәселесін енді арендалық баспана шешетін болады, сатып алу құқығымен және сатып алу құқығынсыз. Бұл бағыт жастарға да, әлеуметтік топқа жататын азаматтарға да, мемлекеттік және бюджеттік қызметкерлерге де арналған. Яғни, үйдің алғашқы жарнасын төлеуге жағдайы жоқтарға таптырмайтын мүмкіндік болып отыр. Үй алу тетіктері дәл сол бұрынғыдай: кезекке тұрып, қажетті құжаттарды рәсімдеу керек. Бірақ, бұрын «Жас отбасы» бағытын біздің банк жүзеге асырып келген болса, қазір «Нұрлы жер» аясындағы аталған бағытпен Қазақстанның ипотекалық компаниясы айналысатын болады. Ал «Несиелік баспана» деген үлкен бағыт бар. Яғни, алғашқы жарнасын салып, жылдық 5 пайыздық несиемен үйіңізді ала беріңіз. Оған халықтың барлық санаты қатыса алады. Алдымен пәтер сомасының 30 пайызын құю керек, қалған ақшасын банк береді. Бұл жаңа бағдарлама аясында енді жыл сайын 10 млн шаршы метр баспана пайдалануға беріледі. Тұрғын үйлер екі түрлі болмақ: көпқабатты үйлер және қарапайым жер үйлер. Яғни, жыл сайын 5 млн шаршы метр көпқабатты, 5 млн шаршы метр жер үйлер салынып, халыққа беріледі.

Баспана алуда қандай жеңілдік бар?

«Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» «Нұрлы жер» бағдарламасына қатысушылар үшін несие шарттарына едәуір жеңілдіктер енгізді. Бұл жөнінде банк басқармасы төрағасының орынбасары Жанар Жұбаниязова: «Егер бұрындары салымшы «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» арқылы баспана алу үшін салымның тура 50 пайызын жинауы қажет болса, ендігі уақытта «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы баспаналы болғысы келген салымшылар 30 пайызын жинайды. Қалған 20 пайыз бағдарламаның өсімімен интеграциялануға кетеді. Сонымен қатар бағдарлама аясында ауқымды жеке тұрғын үй құрылысы да жоспарланған. Біз еліміздің өңірлеріне сапарлап қайттық. Әсіресе, Қостанай облысында жеке тұрғын үй құрылысы қарқынды жүруде. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша жеке тұрғын үй салу үшін несие алуға өтінім берген алғашқы салымшыларымыз да бар», – деді ол. Жанар Жұбаниязованың айтуынша, өңірлердегі баспананың ең жоғары құны шаршы метріне 180 мың теңгеден, ал Астана мен Алматы қалаларында шаршы метріне 220 мың теңгеден аспайды. Жалпы, бағдарлама аясында шамамен 13 мың шаршы жаңа пәтер салынбақшы. Бұл шамамен 860 мың шаршы метрді құрайды. Бүгінде бағдарлама арқылы баспаналы болып жатқан жұрт көп. Банк те шама-шарқынша жеңілдік шарттарын ұсынып бағуда. Алайда бағдарлама баспанаға мұқтаж 2 млн 300 мыңнан астам халықтың жыртығын жамай ала ма?