Долларды тізгіндеу амалы
Долларды тізгіндеу амалы
Әлем елдері өзара сауда-саттықты доллар арқылы жасай берсе, доллардың дәурені ешқашан таусылмайды. Доллардың халықаралық айналымдағы үлесі басқа валюталарға қарағанда едәуір жоғары. Егер доллармен сауда жасауды доғарып, әлем елдері өз валютасымен сауда жасаса қалай болады? Бұл мемлекеттерге тиімді ме?
Кейбір мемлекеттер долларлық айырбастан бас тартуды жөн санап, нақты қадамға бел буғаны жасырын емес. Мысалы, былтыр Түркия Үндістанмен сауда-саттықты доллардан өзге валюталарда жүргізді. 2012 жылдан бері Қытай мен Жапония айырбасты өз валюталарында іске асырып келеді. Сондай-ақ, Қытай өзара келісімшарт арқылы Үндістан, Бразилия, Оңтүстік Корея, Австралия және Ресеймен долларсыз есеп айырысады. Уго Чавес президент болып тұрғанда Венесуэла Латын Америкасының 12 елімен мұнай саудасын долларсыз жүргізіп отырды. Бұл саясатты қазіргі президент Николас Мадуро да жалғастырып келеді. 2005 жылы Оңтүстік Корея инвестицияларын долларда ғана емес, басқа да шетелдік валютада сақтауды ұйғарып, 100 миллион долларлық облигацияны сатылымға қойды. Сол сияқты, Иран мұнай саудасында доллардан басқа валюталарды пайланады. Түркіменстан билігі АҚШ валютасына шектеу енгізді. Былтырдан бері түркімен азаматтары банктерден доллар сатып ала алмайды. Сондай-ақ, базарларда да долларды заңсыз айырбастауға тыйым салынды. Ресей бірқатар мемлекеттермен байланысты рубльмен жүргізуді ұсынғалы бірнеше жылдың жүзі. Соның негізінде Еуразиялық экономикалық одақ аясында ұлттық валютамен айырбас жасау қолға алынды. Путин бірер жыл бұрын ТМД елдеріне еуро мен доллар арқылы есеп айырысуды қысқарту жөнінде ұсыныс жасағаны есте. «Тәуелсіз мемлекеттер достастығына қатысушы елдердің интеграциялық валюта нарығын ұйымдастыру саласындағы әріптестігі туралы келісімнің аясында есеп айырысуда аралық валюта ретінде доллар мен еуродан бас тартуға мүмкіндік беретін механизм жасалады. Бұл келісімде резидент-банктер ұлттық коммерциялық банктер ұсынған ыңғайлы жағдайда бір-бірінің ішкі валюта нарығына банкаралық конверсиялық операцияларды жүргізуі үшін тікелей рұқсат беру қарастырылған. Сыртқы сауда жасау және қаржы қызметтерін ұсыну салаларында ұлттық валюталарды қолдану кеңейсе, ұлттық валюта нарығының өтімділігі жоғарылайды. Сауда-экономикалық ұзақ мерзімді стратегияны және инвестициялық әріптестікті жүзеге асыруға қосымша мүмкіндіктерін туғызуға, сонымен қатар, өңірдегі жалпы макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған келісілген валюта саясатын өткізуге мүмкіншіліктер туады», – деген еді.
Bank of America Merrill Lynch-тің Ресей бойынша сарапшысы Владимир Осаковский доллардың әлемдік экономикадағы гегемониясы ертелі-кеш бітеді деп отыр. «Тарихқа көз жүгіртсек, әлемдік валюта ретінде фунт стерлинг қолданылды. Ол ысырылып қалды. Дәл осы жағдай доллардың да басына келеді», – деді ол. Экономистің болжамынша, АҚШ- тың әлемдік экономикадағы ықпалы біртіндеп азайғанда, доллардың қолданыс аясы қысқарады. Оның бағалауынша, бұл АҚШ-тың әлемдік экономикадағы үлесі «табиғи түрде» қысқарған кезде болады. «Бұл апатты жағдайға алып келу-келмеуі нақты емес. Бірақ күндердің күнінде бұл орын болады», – деді Осаковский. Сондай-ақ, сарапшы Құрама Штаттардың қарызы абсолютті мәнде өте үлкен екендігін атап өтті – 16-18 триллион доллар. «Бұл ретте қарызы одан жоғары елдер де бар. Мысалы, Жапония. Оның қарызы АҚШ-пен салыстырғанда, екі есеге көп», – деп экономист Америкада қарыз дағдарысы болуы ықтималдығына қатысты ерекше пікір білдірді.
Қазіргі таңда халықаралық есеп айырысудағы доллардың үлесі – 80 пайызға жуық. Бірақ АҚШ-тың әлемдік ЖІӨ-дегі үлесі 22 пайыз ғана. Әрине, бірден доллардан бас тарту мүмкін емес, бұл көптеген қиындықтарға әкеп соқтырады. Дегенмен дедолларизация процесі баяу жүргізілсе де, барлық елдерде басталып кетті деуге болады. Тіпті, Еуроодақ елдері долларға тәуелділіктен арылу жөнінде арнайы отырыс өткізген болатын. Доллардың орнын басуы ықтимал валюта ретінде сарапшылар қытай юанін атап жүр. Мәселеге қатысты әлемдік сарапшылар халықаралық саудада долларсыздандыру саясатының болашағы бар-жоғы туралы investing.com басылымында өз ойларымен бөліскен еді. Еуразиялық даму банкінің интеграциялық зерттеу орталығы директорының орынбасары Михаил Димиденко дәл қазір халықаралық саудада доллардан түбегейлі бас тарту мүмкін емес деген пікірде. «Біріншіден, доллар әлемнің өзге валюталарына қарағанда ең тұрақты валюталардың бірі. Контрагенттер бұл тұрғыда доллармен сауда жасай отырып, валюта бағамынан келетін қатерлер мен тәуекелдерден сақтандырылған болады. Екіншіден, көптеген әлемдік бағалар тек доллармен ғана белгіленеді. Тиісінше, бұл валютамен сауда жасау саясаткерлер үшін болмаса да, нарықтың нақты қатысушы саудагерлері үшін өте тиімді. Үшіншіден, долларға деген сенім жоғары. Ал өзге валюталарға көшу үшін алдымен ол валюта түрлері жылдар бойы өзінің өміршеңдігін дәлелдеуі керек», – дейді Еуразиялық даму банкінің өкілі. Михаил Димиденконың пікірінше, ұлттық валютаны халықаралық саудаға шығару мен долларсыздандыру саясаты екі бөлек нәрсе. Бастапқыда әр елдің өзінің ұлттық валютасын айналымға енгізуге мүмкіндігі болғанымен, белгілі бір деңгейге жеткеннен кейін ұлттық валютаны халықаралық сауда құралы ретінде ұстап тұру техникалық тұғыда мүмкін болмай қалады. Өйткені экономиканың субьектілері, яғни жеке меншік компаниялар мен нарықтағы саудагерлер жұмысы үшін бұл тіпті тиімсіз. Ал мемлекеттер өздерінің ұлттық валютасының беделін арттырғысы келсе, алдымен инфляцияны азайтып, көпшіліктің оған деген сенімін арттыруы үшін жұмыс істеуі керек.
ХХ ғасырдың ортасында долларды тізе бүктірген генерал Шарль де Голль болатын. 1944 жылы АҚШ-та 44 мемлекет өзара ақылдаса келе алтын резервті ысырып тастап, дүниежүзіндегі валюта қорын доллармен есептеуге келісіп, мәміле жасайды. Сарапшылардың байламынша, осылайша Америка соғыстан кейінгі әлемдік экономиканы долларға теліп, өз саясатын жүргізбекші болады. Халықаралық сауда-саттықта доллар ғана пайдаланылды, басқа валюталар қосымша валюта ретінде қолданыла бастады. Ал АҚШ басқа елдердің сұрауы бойынша долларды қалағанынша басып шығарып отырды. Көп ұзамай америкалықтар долларды алтынға айырбастаудан қашқақтап, түрлі қулыққа көше бастады. 1965 жылы генерал де Голль Елисей сарайында халықаралық айырбасты доллармен емес, алтын резервімен жүргізуді ұсынды. Осылайша АҚШ амалсыздан француз қазынасындағы 1,5 миллиард долларды алтынға айырбастап беруге келісті. Іле-шала доллар банкноттарын тиеген екі кеме Америка жағалауына келіп, жасыл қағаздар тиелген кемелер алтын тиеп, Францияға беттеді. Әлбетте, Ақ үй саясаткерлері Париждің бұл қадамын достықтың белгісіне балаған жоқ. Генерал де Голль болса: «Саясат – саясаткерлерге сеніп тапсыруға болмайтын маңызды нәрсе» деп, НАТО-ның штаб-пәтері мен 29 әскери базаны ел аумағынан шығарып тастады. Осылайша өткен ғасырда доллардың бәсі төмендеген болатын. Одан бері жарты ғасырдан астам уақыт өтті, доллардың дәурені әлі жүріп тұр.