Қазақстан кибершабуылдарға дайын ба?
Қазақстан кибершабуылдарға дайын ба?
Сейсенбі күні Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қауіпсіздік кеңесінің отырысы өтті. Жиында киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету және терроризмнің алдын алу мәселелері сөз болды.
Бүгінгі күні ақпараттық қоғам дамуының басты қажетті шарты – киберқауіпсіздік. Сондықтан Мемлекет басшысы Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында ең бірінші осы мәселеге назар аударды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде қазіргі кезде цифрлық технологияларды енгізудің маңыздылығын атап өтті. Бұл ретте Мемлекет басшысы кибер қауіп-қатерге және ақпараттық технологияларды заңсыз пайдалануға қарсы тұру керектігіне тоқталды.
«Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар адам өмірі мен мемлекеттің барлық саласында кездеседі. Сондықтан мен «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бəсекеге қабілеттілік» атты Жолдауда цифрлық технологияларды дамыту мақсатын қойдым. Оның пайдасы зор, бірақ оны енгізумен бірге кибершабуылдар жасау қаупі де туындайды. Сол себептен, Қазақстан оған дайын болуға тиіс», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Өз сөзінде Мемлекет басшысы киберқауіпсіздіктің кесірі біздің елге ғана емес, Америка секілді мемлекеттің өзіне де тигенін, Ресейге де шабуыл жасалып отырғанын тілге тиек етті.
Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында талқыланған екінші мәселе – терроризмнің алдын алу. Соңғы уақытта лаңкестер бүкіл әлем жұртшылығының тыныштығын бұзып отырғаны жасырын емес. Мұндай жағдайлар біздің елде де орын алған болатын. Сондықтан елімізде терроризмнің алдын алу аса маңызды. Бұл ретте Елбасы жиынға жиналғандардың назарын әлемдегі және еліміздегі лаңкестік топтардың деструктивті әрекеттерінің салдарына аударды. Сондай-ақ, Нұрсұлтан Әбішұлы террористік топтардың әрекеттеріне қарсы тиімді жұмыстарды бір жүйеге келтіру қажеттігін ескертті.
Аса маңызды мәселелер талқыға түскен Қауіпсіздік Кеңесі отырысының соңында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жауапты тұлғаларға бірқатар нақты тапсырмаларды міндеттеді.