ОҚО-да мас күйінде рульге отырған прокурор жұмыстан кетті

ОҚО-да мас күйінде рульге отырған прокурор жұмыстан кетті

ОҚО-да мас күйінде рульге отырған прокурор жұмыстан кетті
ашық дереккөзі
Оңтүстік Қазақстан облысында мас күйінде рульге отырып, басы дауға қалған прокурор Нұржан Полатов ақыры жұмыстан кетті.  Бұл туралы бүгін облыстық прокуратураның баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі. Облыстық прокуратураның тәртіптік комиссиясы бүгін осындай шешім қабылдаған. Комиссия берген мәліметке сәйкес, Нұржан Полатов құқық қорғау органдары қызметкерлеріне жат қылық жасап, тиісті ережедегі тәртіпті бұзған. Сондықтан қадағалаушы органда қызмет атқаруға лайық емес деп танылды. Мұндай шешімді комиссия Шымкент қалалық мамандандырылған әкімшілік сотының шешімі өзгеріссіз қалған соң қабылдап отыр. Бүгін облыс прокуроры Ибраһим Имановтың бұйрығымен Полатов қызметінен кетті. Аталған сот бұған дейін Нұржан Полатов Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 608 бабы, 1-ші бөлігі (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру) бойынша кінәлі деп танылып, 3 жылға көлік жүргізу құқынан айырылған болатын. Күні кеше аппеляциялық сот бұл шешімді өзгеріссіз қалдырған еді. Еске салайық, 6 мамыр күні Шымкенттің жергілікті полиция қызметкерлері облыстық прокуратура қызметкерін ішіп алып, көлік жүргізді деп айыптаған болатын. Тіпті оның рульде болғанын дәлелдейтін бейнежазбаны жария еткен. Алайда қадағалау органының өкілі полицейлердің оған қатысты әкімшілік хаттама толтыруын заңсыз деп, сотқа кері шағым түсірді. 19 маусым күні бұл іс Шымкент қалалық әкімшілік сотында қаралып, судья Нұрлан Әлиев прокурорды кінәсіз деп тапқан. Әрі оның шағымын қанағаттандырып, полиция қызметкерлері толтырған хаттаманың күшін жойды. Алайда мұндай шешіммен келіспеген қалалық Жергілікті полиция бастығы Данияр Мейірхан облыстық сотқа шағымданды. Осыдан кейін ғана облыстық  сот полицейлердің әрекетін дұрыс деп тауып, заңды шешім қабылдады.