Жаңалықтар

Этникалық немістер мәселесі қаралды

ашық дереккөзі

Этникалық немістер мәселесі қаралды

11 шілдеде Астанада Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенконың және Қоныс аударғандар мен аз ұлттар істері жөніндегі Федералдық үкіметтің уәкілі, ГФР Бундестаг депутаты Хартмут Кошиктің төрағалығымен Қазақстанда тұрақтанған этникалық немістер мәселелері бойынша Үкіметаралық комиссиясының 15-ші мерейлі отырысы өтті. Өзінің алғы сөзінде қазақстандық дипломат Астанада Қазақстанда тұратын этникалық немістер мәселесі бойынша елдеріміз арасындағы екіжақты ынтымақтастыққа зор маңыз берілетінін атап өтті. Бұл біздің өзара іс-қимылымыздың маңызды факторы болды және болып қала беруде. Оның айтуынша, 1990-шы жылдары құралған Комиссияның жұмысы сәтті болып, қазақстандық немістердің жағдайына қатысты өткір мәселелерді шешіп келді және қазіргі уақытта да өз миссиясын жемісті түрде жүзеге асыруды жалғастырып отыр. Р.Василенко бүгінгі отырыс ерекше кезеңде - Қазақстан мен Германияның арасында дипломатиялық қатынастардың орнағанына 25 жыл толған жылы және Германияның Федералдық Президенті Франк-Вальтер Штайнмайердің ЭКСПО-2017 аясында Германияның Ұлттық күніне қатысу үшін Астанаға сапарының қарсаңында өтіп жатқанына тоқталды. Өз кезегінде Х.Кошик неміс диаспорасына көрсетіліп жатқан қолдау үшін Қазақстан үкіметіне алғысын білдірді, сондай-ақ Германияның Қазақстанда тұратын этникалық немістер және бұрындары республикадан көшіп кетіп, Германияда тұрып жатқан немістер арасындағы байланыстарды нығайту және сақтап қалуға мүдделі екенін атап өтті. Отырыс барысында қатысушылар ҚР мен ГФР мемлекеттік органдарының, «Возрождение» Қазақстанның қоғамдық немістер қауымдастығының (ҚҚНҚ) 2016-2017 жж. Қазақстанның этникалық немістерін қолдау бойынша шараларды іске асыру туралы есептерін тыңдады. «Возрождение» ҚҚНҚ-ның Қазақстанның жас немістерін және ҚР білім беру жүйесінде неміс тілін тарату бойынша Жұмыс тобының қызметін қолдау шараларына жеке көңіл аударылды. Іс-шараның қорытындысы бойынша Комиссияның тең төрағалары Коммюникеге қол қойды. Аталған құжатта отырыстың қорытындылары көрсетілді және бірлескен жұмыстың одан арғы жоспарлары айқындалды. Айта кетсек, 9-13 шілде аралығында Астанада «Қазақстан-Германия апталығы» өтіп жатыр. Оның шеңберінде ҚР-да тұратын Этникалық немістер мәселелері бойынша Үкіметаралық комиссиядан басқа 10-11 шілдеде сонымен қатар Берлин Еуразиялық Клубының және Стратегиялық және экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Іскерлік кеңестің кезекті отырыстары өтті.