Түркияда далада қалған туристер демалысын жалғастырады

Түркияда далада қалған туристер демалысын жалғастырады

Түркияда далада қалған туристер демалысын жалғастырады
ашық дереккөзі
Қазақстандық дипломаттардың күш салуымен Түркияда 24 қазақстандық турист қонақ үйге орналастырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Олардың қонақ үйге орналасып, демалыстарын жалғастыруы үшін Түркиядағы туристік компаниялардың бірі 30 мың доллардан астам қаражат бөлген. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Әнуар Жайнақов мәлім етті. «Кеше Анталиядағы дипломаттарға бір топ қазақстандықтардың қонақ үйге жайғаса алмағаны туралы хабар келіп түсісімен, Қазақстан консулы отандастарға көмек көрсету үшін оқиға орнына аттанды. Ол қонақ үй әкімшілігімен және бірнеше туристік компаниялармен келіссөздер жүргізді. Нәтижесінде Түркиядағы туристік компаниялардың бірі қолұшын созып, қазақстандық туристердің қонақ үйге орналасып, демалыстарын жалғастыруы үшін 30 мың доллардан астам қаражат төлеген. Бұл туралы толық ақпаратты Туризм комитетінен біле аласыздар», - деді ҚР СІМ ресми өкілі. Сондай-ақ, ресми өкілдің хабарлауынша, өздерінің банкротқа ұшырағандарын жариялап, қазақстандық туристердің қонақ үйге орналасу ақысын төлемеген «ЭлитКласс» компаниясының өкілдері телефон қоңырауларына жауап бермейді және кей деректер бойынша шетелге кетіп қалған көрінеді. Ә.Жайнақов «Элит Класс» компаниясының Қазақстанда бірнеше серіктесі бар екенін тағы да еске салып, Түркияға баруды жоспарлаған туристерге жолдама мен әуе билеттері үшін ақы төленгенін нақтылап алуды ұсынды.