Испан саяхатшысы Қазақстан азаматығынан дәмелі болса керек
Испан саяхатшысы Қазақстан азаматығынан дәмелі болса керек
Қазақстанда қиын жайтқа тап болып, еліне қайтарылған испан саяхатшысының көмекшісі болған оқиғаның мән-жайын баяндап берді. Бұл оқиға туралы Астана әкімдігі сайтында хабарланған болатын. Ресми деректер бойынша, ер адам Ақтау қаласына келіп, құжаттарын жоғалтып алған, кейін Астанаға жетіп, баспанасыздар орталығында бір апта жатқан. Содан соң сот шешімімен саяхатшы отанына қайтарылды деп жазды Sputniknews.kz.
Кейінірек Астана тұрғыны Никита Жарков Facebook парақшасында болған оқиғаның мән-жайын баяндап берді. Ол екі апта бойы саяхатшының аудармашысы қызметін атқарыпты.
"Біріншіден, ол, әкімдік атап көрсеткендей, турист немесе саяхатшы емес. Ол азаматтығы жоқ тұлға статусын беретін елді іздеп жүрген адам. Бірақ, өкінішке орай, өз елі мен өзге елдің заңын білмеу жауапкершіліктен босатпайды", — деп жазады Жарков.
Жарковтың айтуынша, ер адам бес жыл бойы ел-елді аралап, 10 мемлекетте болған: Франция, Германия, Түркия, Грузия, Әзербайжан және т. б.
Францияда біреулер оған жеке компаниялар арқылы азаматтығы жоқ тұлға куәлігін астыртын жасатуға болатынын айтқан. Қазақстанда да дәл сондай куәлік алатынына сенімді болыпты.
"Испания корольдігінің азаматтығынан өзге елдің азаматтығын алған жағдайда ғана шығуға болады. Және сол ел қос азаматтықты мойындауы тиіс. Қазақстан ондай елге жатпайды. Сондықтан да Испания азаматы осындай қиын жайтқа тап болған", — деп атап өтті Никита Жарков.
Испан жігіті Әзербайжаннан Қазақстанға кемемен келеді. Және Астанаға төлқұжатымен келген екен, өйткені пойызға билетті сол арқылы сатып алған. Елордаға келген соң ер адам төлқұжатын өзі өртеп жіберіп, Испания елшілігіне азаматтықтан бас тартатынын айтып келген екен. Алайда жоспары іске аспай қалды.
"Астанада тұрақты мекенжайы жоқ тұлғаларды бейімдеу орталығының болғанына қуанып қалдық, онда адамдарға баспана, тамақ беріп, жеке бас гигиенасын сақтауға жағдай жасайды. Сол үшін мемлекетімізге алғыс айтуымыз керек. Бұл рас!", — дейді Жарков.
Ақыры соңында, 11 шілде күні "саяхатшыны" ұшаққа отырғызып жіберген, билеттің ақысын оның ата-анасы төлепті.