Көшенің бойы хан базар

Көшенің бойы хан базар

Көшенің бойы хан базар
ашық дереккөзі
Төле би мен Момышұлы көшелерінің қиылысынан автобусқа мінемін. Күн сайын сол бұрыштан мені жұмысқа шығарып салып, күтіп алатын бір адам бар: кішкене үстелдің үстіне жаймасын жайып жіберіп, оны-мұны заттарын сатып тұратын әже. Қыстың күндері көп көрінбесе де, көктем шыққалы үнемі сол жерде отырады. Сағыз, темекі, тәттілер, кейде құрт пен сүт те табылады «сөресінен». Жаз келгелі бері тауарларының қатарына көкөніс те қосылды. Таңнан қара кешке дейін күннің астында қақталып отыратын әженің қалтасына бес-он тиын болса да артық түссін деп қияр-қызанақты сол кісіден аламын. Күнде келетін клиентін танып алған әжей шаршап отырса да: «Жұмыстан келе жатсың ба, қызым?» деп күліп қарсы алады. Күмәнданбасын дейді ме екен, қол таразысын қайта-қайта көрсетіп, сұрағанымды дәлме-дәл салып бергеніне көз жеткізгенімді қалайды. Адалдығына күмән келтірген емеспін. Сол әжейдің көрінбей кеткеніне екі жұма болды... Бұрын-соңды үйреншікті орнында мұншалықты ұзақ уақыт төбе көрсетпеген кезі болған емес. Ойым сан-саққа жүгіріп, кейуананың көрінбей кету себебін іздедім: сырқаттанып, төсек тартып қалды ма екен, бала-шағасына бірдеңе болды ма, әлде жабайы саудамен күресіп жүргендер әжейдің аз-маз нәпақасын көп көрді ме? Бұған дейін тәртіп сақшыларының көше саудагерлерін жылы орындарынан қуып, сатып отырған тауарларын тәркілеп жатқанын сан мәрте көрдім. Бәлкім, бұл арадан кетіп, сақшылардың көзінен тасалау басқа бір жерге жайғасқан болар. Әйтеуір аман болса болғаны. Қала көркін бұзады, тұтынушылар құқығын аяққа таптайды, ауру-сырқау таратады деп полицейлер жол бойындағы сауда ошақтарымен күресті тоқтатқан емес. Алайда олар жабайы сауданы жойып жіберуге қауқарсыз. Өйткені бүгін бір жерден қуылғанымен, бала-шағасының қамы үшін дорба арқалағандар ертең басқа орынға барып жаймасын жаяды. Солай етуге мәжбүр. Екі қолға бір күрек таппай жүргендер, азғантай әлеуметтік көмек пен зейнетақыны жеткізе алмай қиналғандар үшін күнкөрістің негізгі көзі – сауда. Бірі – түйірлеп темекі, бірі – құрт-сүт, бірі – қолға түскенді сатып, халық көп жүрер жерлерді паналап жүр, сағалап жүр. Дені – әйелдер, елуді еңсерген қарттар. Тапқан аз-маз қаражатын айналымға салып, тиынды тиынға құрап, бала-шағасының күнделікті ішіп-жемін тауып отырғаннан артық олжа жоқ оларға. Баюды, Қытай немесе Түркия асып, сауданың соңына түсуді көздемейді. Тек жан бақса болғаны.

Жабайы сауда – ауру ошағы

Өкінішке қарай, жол бойындағы жабайы сауда нүктелері қаншама отбасын асырап отырғанымен, тұтынушылардың құқығын аяққа таптап, талай адамның денсаулығына залал келтіруде. Ақ халаттылардың айтуынша, инфекциялық және паразиттік ауруға шалдыққандардың көбі көше саудагерлерінің өнімін тұтынғандар. Жол жағасында, қара базардың маңында азық-түлiк өнiмдерiн сатып отырғандардың қолында тауардың санитарлық талаптарға жауап беретiнi жөнiндегi рұқсат қағазы жоқ. Оған бас қатырып жатқан сатушы да, сатып алушы да жоқ. Сатушы азын-аулақ пайда тапқанына, тұтынушы басқа сауда нүктелерiне қарағанда арзан бағаға азық-түлiгiн сатып алғанына разы. Тоңазытқыш, тауардың бетін жауып тұратын арнайы сөрелер жоқ жерде азық-түліктің дұрыс сақталмайтыны, тез бұзылатыны айтпаса да белгілі. Шіліңгір шілдеде көшеден тамақ жеу тіпті қауіпті. Әсіресе, фастфуд өнімдері елімізде ішек ауруларының көбеюінің негізгі себебі болып отыр. Мамандар жол бойында сатылатын құйылмалы балмұздақ та ауру ошағына айналғанын айтып дабыл қағуда. Өйткені нәпақа табудан басқаны ойламайтын кейбір сатушылар тазалық шараларын сақтай бермейді. Мәселен, жуырда қасықты фонтан суына жуған балмұздақ сатушы желіні шулатты. Астананың қақ ортасында болған жүгенсіздікті Тимур Оразақов есімді азамат видеоға түсіріп алған. Сорақылығы әшкере болған әйел еш қысылмастан камераға қарап жымиған да қойған. Осы оқиғадан кейін көшеде сауда жасайтындарды түгел тексеріп шыққан жергілікті әкімдік қызметкерлері әлгі сатушыны тапты. Тексеру кезінде оның жалған құжатпен жұмыс істегені белгілі болды. Ол көрсеткен құжаттар басқа бір кәсіпкерге тиесілі болып шыққан. Алайда әкімдік қызметкерлері құжатта есімі көрсетілген адамға хабарласқанда, ол бұл сауда көзі туралы хабары жоқ екенін айтқан. Жалған құжатпен жұмыс істегенімен қоймай, қала тұрғындарының, балмұздаққа әуес кішкентай балалардың денсаулығын қатерге тіккен сатушының жауапкершілікке тартылуы тазалыққа жүрдім-бардым қарайтын көшедегі өзге саудагерлерге сабақ болады деп үміттенеміз. Әйтпесе Өзбек­­стандағыдай өкінішті жағдай біздің елімізде де қайталанбасына кепілдік жоқ. Естеріңізде болса, жуырда өзбек елінің Әндіжан облысында құйылмалы құлпынай балмұздағынан 1,5 мың адам уланып, ауруханаға түсті. Шахрихон ауданына денсаулық сақтау министрінің орынбасары, Өзбекстанның бас санитарлық дәрігері Сайдмурад Сайдалиев бастаған бір топ дәрігер және төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері шұғыл жеткеніне қарап, оқиғаның салдары ауыр болғанын ұқтық. Жергілікті денсаулық сақтау басқармасы уланған науқастардың ешқайсысы қайтыс болмағанын айтқанымен, бейресми дерек көздері бірнеше адамның көз жұмғанын хабарлады.

Базардағының базынасы

Жабайы сауданың қайнаған ошағы – базарлардың маңы. Әсіресе, «Алтын орданың» алды аяқ алып жүргісіз. Базар сыртындағы базар: азық-түлiгiңiз де, киiм-кешегiңiз де, тiптi асханаңыз да осында. Жол жағасы, ары-берi өтiп жатқан көлiктер көп-ақ. Ығы-жығы. Қоқыс. Iрiп-шiрiген жемiс-жидек пен көкөнiстiң иiсi мұрын жарады. Бiр тұстан үстелінің үстiне картоп, пияз, сәбiз, қияр, қызанақ сынды өтiмдi тауар саналатын азық-түлiктi реттеген орта жастағы қара әйел қараяды. Қол таразысы қолында. Арасында бір демалып алады да: «Огурцы, помидор аламыз!» деп қайта айғайлайды. Екінші тұстан арбасын итерген тағы бір келіншектің төбесі көрінді. «Түскi ас. Манты, палау, лағман... түскi ас», «Ашыған көже, салқын, ашыған көже», «Су аламыз, салқын су... құрт, айран...» Ас-тамақты арқалап, айқай салған «аспаздардың» ащы даусы құлақты жарады. Жолына кесе-көлденең келіп қалғандарды аямай сыбап алады: «Әй, қарағым, арбамен келе жатқанымды көріп тұрсың ғой, бір шетке қарай ысырылсаң қайтеді?!» Жабайы сауданың бел ортасында жүрген сатушыларды сөзге тарттық. «Әй, қызым-ау, не шатағың бар бiзде? Ерiгiп жүр дейсiң бе? Күнкөрiс үшiн жүрмiз ғой. Жұмыс жоқ, түсiнесiңдер ме, жұмыс жоқ...», – деді ызаға булығып. Екі қолға бір күрек таппай, көше жағалауға мәжбүр болған егде әйелдің сөзін оң жағында көзілдірік сатып тұрған екінші әйел жалғады: «Қарағым, берi қарашы. 25 жыл мемлекеттiң жұмысын iстеген мұғалiммiн. Барлап қарасаң, мына жабайы базарда ала қап арқалап жүргендердiң 95 пайызы – қарапайым қазақтар. Басым бөлiгi – ауылдың қазағы. Тiршiлiгiн түзеу үшiн емес, бiр күндiк тамағына ақша табу үшiн сандалып жүр.», – дейді сатушы. «Барахолка» атанған базарлар желісінің маңы да жабайы саудадан көз ашпай келеді. Өртенген базарлардың орнына жаңа сауда кешендері бой көтеріп, көпірлер салынып, жол жөнделіп, тазалық пен тәртіп ретке келгенімен, жол бойындағы сатушылар қатары артпаса, кеміген жоқ. Кей күндері базар айналасын жағалай заңсыз нәпақа тауып жүргендердің саны 100-ден асып жығылатын көрінеді. Сауда орындарының басшылығы оларға жабық кешен ішінен орын ұсынса, өз қалауынша сауда жасап үйренгендер ат тонын ала қашады екен. Өйткені ғимараттағы контейнерлерді жалға алуға қалталары көтермейді. Қанша қуса да, жылы орындарынан кетуге құлқы жоқ екенін аңғартқан сатушылардан шаршаған жергілікті әкімдік биыл «Барахолка» маңындағы жабайы сауданы түбегейлі жоюға бекініп отыр. Жұмасына бір рет рейдке шығып, тәртіпке бағынбағандарға ірі көлемде айыппұл арқалатпақ. Биылғы жылдың екі айының өзінде Алатау ауданының тәртіп сақшылары жабайы саудамен айналысқандарға ҚР Әкімшілік кодексінің 204-бабы бойынша 418 хаттама толтырып, 2 млн 371 мың теңгеден астам айыппұл салған. Сондай-ақ, көріктендіру заңнамасын бұзып, маңайды күл-қоқысқа толтырған азаматтарға да 641 хаттама жазылып, 4 млн 848 мың теңгеден аса айыппұл жүктелді. «Байсат» базарынан «Арлан» базарына дейін жаяу жүріп, жол бойындағы сауда нүктелерін шолып шықтық. Жанға керектің бәрі бар: шөлдесеңіз – суыңыз, қарныңыз ашса – тез дайындалатын тағамдар, жемістердің түр-түрі самсап тұр. Тіпті үлкен қазан қойып алып, палау, манты дайындап сатып жатқандарды да көрдік. Кезекте тұрған кісі қарасы аз емес. Жерге жайылған ақ жаймалардың үстінде киім-кешек, аяқ киім, үйге қажетті ұсақ-түйектер, кітаптар мен мектеп құралдары да бар. Қысқасы, базардың ішіндегі тауардың бәрін сыртынан да табуға болады. Бірақ бағасы анағұрлым арзан, сапасы да соған сай. Базардағы кей тауарды қымбатсынып, сырттағы сатушыларға арнайы келіп сауда жасап жатқандарды да көрдік. Солардың бірі – Айша апай. Есік алдына киетін резеңке сүйретпелер, құрылысқа қажетті ұсақ-түйек заттарды «Алатау» базарының алдында тұрған келіншектен сатып алды. «Болашақта» мына сүйретпелерді 2 мың теңгеден сатып жатыр. Не сұмдық бұл? Адамды тал түсте тонау ғой. Бірнешеуін алам десем де, бір тиын түспей қойды. Мына келіншектен 1000 теңгеден көріп кеткем, қайта келіп 5-еуін бір-ақ алдым. Үйдегілердің бәріне де керек нәрсе ғой», – дейді Айша апай. Күнге әбден күйіп, терісі қайыстай болған арық келіншек те оның сөзін қостай жөнелді. «Апай, бәріміздікі бір тауар ғой. Контейнерлерді жалға алу құны қымбаттап кеткендіктен, олар қалтасынан шығатын шығынды тұтынушылардан өндіріп алмақшы. Сондықтан әкесінің құнын сұрап тұрады. Сіз секілді талай адам іштегіні қымбатсынып, менен келіп алады. Күнде мұндай сүйретпелердің 30-ға жуығын сатамын», – дейді сатушы. Есімі Ақжарқын екен. Заты да атына сай. Кәсібі жайлы сұрақтарымызға өзгелер секілді қабағын шытпай жауап берді. Жол бойында аяқ киім сатып тұрғанына 2 жылдан астам уақыт болыпты. Тәртіп сақшыларынан қанша рет тепкі көрсе де, басқа кәсіппен айналысу туралы ойламапты. «Сауданың бір жақсы жері – күнделікті ақшаңды тауып отырасың. Айлықтан айлыққа дейін өмір сүретіндер секілді қарызға батпаймыз. Табыстың астында қалмасақ та, балалардың ас-суын, киім-кешегін уақытылы тауып беріп отырмыз. Үлкен қызым ақылы бөлімде оқиды. Тамақтан артылған ақшаны соның оқу ақысын құюға жинаймын. Одан қалса пәтерақымыз бар. Күйеуім «Барыс» базарының алдында тұр. Оның да алдында осындай жайма. Күн салқын кезде мәсі мен кебіс, арзанқол етіктер әкеп сатамыз. Жазда сүйретпелер, жеңіл аяқ киімдер өтімді. Базардағы қымбат аяқ киімді жұрттың бәрінің қалтасы көтереді дейсіз бе? Көбісі арзанын іздеп келеді. Тұрақты тұтынушыларымыз базардың ішіне кірмей-ақ, керегін бірден бізден алады», – дейді Ақжарқын. Полицейлердің жаппай рейдке шығып, жабайы сауда нүктелерін жойғалы жатқанын айтып едік, таңданған да, жабыққан да жоқ. «Олардың қырамыз, жоямыз дегеніне етіміз өліп алған. Тауарларымызды бірнеше рет тәркілеп әкетті, бір рет айыппұл төледік. Алып кеткен тауарларды не істейтінін сұрап едік, жетімдер үйіне таратылатынын айтты. Мұнысы қаншалықты рас екенін бір Құдай біледі. Бала-шағаны асырап отырған кәсібіміз болғандықтан, қолымыздан басқа іс келмегендіктен, олар қуса да, қайтадан келіп тұрамыз. Осы күні жол бойында тұрақты тұратын сатушыларды танып алған. Түртпектемесін деп, қалталарына азын-аулақ ақша салып беріп тұрамыз. Сөз түсінетіндері қалталарын қампайтып алып жөніне кетеді, жаны ашымайтындар аттанға басып, бәрімізді қуып тығады», – деп сатушы бар шындықты жайып салды. Осылайша базарға тұтынушылардың заңды құқығын екшеймiз деп барып, тұрмыстың қиыншылығына тап болғандардың тағдырын тарқатуға тура келді. «Саудада береке бар» дейді хадисте. Береке іздеп, көше жағалаған ағайынға аяй қарайтындар да, сүйсінетіндер де бар. Базарларды былай қойғанда, Алматының бас көшелерінің бірі – Абай даңғылының бойы қаншама адамның нан табатын орны. Достық пен Момышұлы көшелерінің аралығында үйрек ұшып, қаз қонып жатпаса да, ию-қию қаншама ел бар. Ентігіп жұмысқа асыққан жасамысты да, елжіреп немересін ерткен қартты да Абай даңғылынан көруге болады. Күні түсіп, қаланың шет жағында орналасқан арзан базарларға барып-келу олардың ешқайсысына оңайға соқпайды. Оның үстіне, картоп, пияз, алмасы тиімді бағамен жабайы сауда орындарында да самсап тұр. Ақшаң бар ма – үйдің іргесінен ала бер! Бірақ көше бойындағы сатушылардың ешқайсысы өз тауарының сіздің денсаулығыңызға зиян келтірмейтініне кепілдік бере алмайды. Қолдарында құжат жоқ, сондықтан секем көп. Бірақ сары бала мен қара қазанның қамы үшін жүргендердің адалдығына сенеді. Тырбаңдап еңбек ету, адал жолмен тапқаныңды бала-шағаның кәдесіне жарату – жақсылықтың нышаны. Десе де, өркениетті, құқықтық мемлекетке лайықталған заң бар. Онда жабайы саудаға тыйым салынған. Ол заң көшенің көркін бұзғандарды бастан сипамайды. Ендеше, өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай, мәселені шешудің жолын табу керек. Бәлкім, жабайы саудамен айналысып жүргендерге әр көшеден арнайы шағын дүңгіршектер салып, қалталары көтеретін бағаға жалға беру керек шығар. Істері бір жүйеге түсіп, табыстары артса, олар салық төлеуден де қашпас еді. Бір анығы, қуғынды көбейту арқылы жабайы сауданың тамырына балта шабам деу – бос әурешілік.