Жаңалықтар

Сирия – қақтығыс аймағы емес, Сирия – мүдделер қақтығысының аймағы

ашық дереккөзі

Сирия – қақтығыс аймағы емес, Сирия – мүдделер қақтығысының аймағы

Сирия соғысының бітер күні алыс емес. Бұл болжам жылда айтылады. Жыл сайын тараптар бас қосып, Сирия мәселесін шешкен болады. Алайда, соғыстың соңғы нүктесі әлі қойылған жоқ. Мүдделер қақтығысқан алаңда жергілікті жазықсыз тұрғындар ғана жапа шегуде.  Таяуда Мәскеуде қазақ және қырғыз әскерлерін Сирияға жіберу тақыланды деген ақпарат гу ете қалды. Баспасөз беттері мен әлеуметтік желі бұл жайтты қызу талқыға салды. Көпшілік ашуға булығып, әскер бермейміз деп ұрандатуға да көшті. Көп ұзамай Қазақстан Сыртқы істер министрлігі бұл ақпаратты теріске шығарды. Ведомство ешкіммен ешқандай келіссөз жүргізген жоқ деп мәлімдеді. «Қазақстан Сирияға өздерінің әскерилерін жіберу туралы ешкіммен келіссөздер жүргізіп жатқан жоқ. Сириядағы төрт аумақтың қауіпсіздігі мен тиімділігі жайлы мәселе қазіргі уақытта талқыланып жатыр. Бұл туралы және басқа да мәселелер туралы Астанада 4-5 шілдеде өтетін кездесу барысында талқыланады», - деп хабарлаған еді ҚР СІМ басшысы Қайрат Әбдірахманов. Халықты аяғынан тік тұрғызған осынау сауалға Қорғаныс министрлігі де жауап берді. ҚР Қарулы күштері бас штабының басшысы Әділбек Албергенов: «Ресейдің қазақстандық әскерлерді Сирияға аттандыру жайлы ұсынысын қарастыра отырып, осыған дейін ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми түсінік бергенін хабарлаймыз. Қорғаныс министрлігі ҚР СІМ өкілдері айтқан ресми мәлімдемедегі позицияны ұстанады», - деп хабарлады Әділбек Албергенов. Халықаралық сарапшылардың пайымдауынша, бұл мәселе тегін айтылған жоқ. Түркия өз позициясын нықтай түсу үшін Қазақстан мен Қырғызстанды өз жағына тартпақшы деген пайымдар сарапшылар тарапынан айтылды. Түркия президентінің көмекшісі Ибрагим Калын Ресей президентінің өкілімен кездескенде осы мәселені қозғаған болатын. «Орыстар тарапынан қырғыздар мен қазақтардың санаулы әскерін кіргізу туралы ұсыныс түсті» деді. Тіпті бұл мәселені бүге-шігесіне дейін талқылау, әсіресе әскердің саны мен қай жерге баратынын анықтау уақыт еншісіндегі дүние екенін жеткізді. Калын мырза бұл мәселелерді шілдеде өтетін Астана процесінде талқылауды жоспарлап отыр. Оның айтуынша, Идлибке түрік және орыс әскері түсіріледі, Дамаск маңайына Иран мен Ресей әскері, ал Дера маңайына иорданиялық және америкалық әскер жіберілмек. Бұл ақпаратты Қазақстан Сыртқы істер министрлігі жоққа шығарғанымен, Ресей тарапы қазақ-қырғыз әскерін Идлибке жіберуді орынды санайтын көрінеді. Мемлекеттік думаның қорғаныс комитетінің басшысы Владимир Шаматов РИА Новости агенттігіне берген сұхбатында бұл мәселенің қаралғанын, бірақ нақты шешім қабылданбағанын растады. Ал Қырғызстанда бұл туралы ресми мәлімет берілген жоқ. Десек те, сарапшылар Қырғызстандағы президент сайлауы өткенше, мұндай шешім қабылдауға ерте деген ұстанымда. Негізі, мамыр айының басында Ресей президенті Владимир Путин, Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев және Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астанада өткен халықаралық келіссөздерді қорытындылаған болатын. Қазақстан Сирияға әскерлерін жіберген жағдайда не болуы мүмкін? Саясаттанушы әрі сарапшы Ерлан Қарин бұл мәселеге былай деп пікір білдірген еді. «Мына соңғы хабарға байланысты айтарым, мынадай жағдайда тек қана қазақстандық ресми ақпарат көздеріне жүгінген дұрыс. Кезінде Еуразиялық парламент тақырыбы төңірегінде де солай болған. Ұсынылды, талқыланды деді, ал шын мәнісінде біз тараптан ондай тақырып мүлдем қарастырылмады. Сондықтан, әртүрлі ресми емес акпаратка сене берудің керегi жоқ», - деді ол. Осы мәселеге орай «Взгляд» басылымы елімізде қалыптасқан қоғамдық пікірге назар аударыпты. Басылымның жазуынша, «қазақстандықтар бұл біздің соғыс емес» деген пікірде. Көпшілік әскер жіберуге ұшты-күйлі қарсы. Оның үстіне ДАИШ қатарына өткен қазақтар саны басым. Саясаттанушы Досым Сәтпаев бұл туралы пікір білдіріп, әскер жіберу Қазақстан имиджіне кері әсерін тигізетінін жасырмады. «Бұған дейін қазақстандық әскерилер бірнеше мемлекетте бейбітшілік миссиясын орындады. Иранға да осындай миссиямен барды. Егер кімде-кім Сирияға Қазақстанның әскерилерін жіберу идеясын жүзеге асыратын болса Қазақстан осы уақытқа дейін қалыптастырған модератор, арағайын секілді имиджінен бір-ақ күнде айрылады. Бізді Ресейдің әскери серіктесі деп ойлап қана қоймай, мұсылман әлемінің жартысы, сондай-ақ, Батыс елдері қарсы шығады. Мұнан кейін мақтанышпен айтатын көпвекторлы саясатымызға да нүкте қойылады», - деді саясаттанушы. Ал басылымның пікірінше, қазақстандық әскерді соғысқа аттандыру Сириядағы жергілікті халық үшін тиімді болмақ. Өйткені, Ауғанстан, Иран, Пәкістаннан барған әскерлер мен тәртіп сақшылары жергілікті халықпен діни көзқарастары алшақ болғандықтан, жағдайды ушықтыра түсуі мүмкін. Қайткен күнде де бұл мәселе Астана процесінде біршақты шешімін таппақ.