Жаңалықтар

Шенеуніктер қанша жалақы алатындарын айтып берді

ашық дереккөзі

Шенеуніктер қанша жалақы алатындарын айтып берді

Елімізде шенділердің жалақысы қанша? Бұл сұрақтың жауабын Евразия бірінші арнасы іздеп көріпті.  «Өзімнің жалақымды сұраймын дейсіз бе? 980 мың сол. Бүкіл коэфициенттері бар» — ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов. «Так екі рет карточкама түсетіні 400-ден астам. 800-ден астам болады да» — ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев. «960 мыңның көлемінде. Ол енді мына стажға байланысты ғой» — ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов. «Менің жалақым 960 мың теңге» — ҚР Инвестиция және даму министрі Жеңіс Қасымбек. Бұл қолға тиетін таза кіріс. Қазір жариялылық заманы десек те, айлығын жұрттан жасыратындар да, оны құпия қылмай ашық айтатындар да бар. Бүгінде жоғарғы жалақылардың бірі  министрлерде. Айлық табыстары бір миллион теңгеге жетеғабыл. «Менің айлығым мысалы 980 мың теңге. Ол белгіленген мөлшер. Оның ішінде қанша мемлекеттік органдардың ішінде істеген стажым бар. Былайша айтқан кезде Мәдениет саласы болғаннан кейін «Еңбек сіңірген қайраткер» деген атақ бар. Солардан қосылып, осынша сомма шығады. Ол ешқандай құпия емес, мысалы интернеттен біз салық төлейміз ғой, соны қосса, білуге болады» — ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы. «Біздің жалақымыз министрлер тұрмақ, олардың орынбасарларының табысына да жетпейді» деп жар салған депутаттар не дейді? ҚР парламенті мәжілісінің депутаты Сапар Ахметов: — Менің айлығым қазір 650 мың. — 750 аласыз келесі айдан бастап иә? — Иә! Халық қалаулыларының жалақысы биыл наурыздан бастап, 30, кейбіреулерінде тіпті 50 пайызға дейін артты. Яғни, комитет мүшесі, төрағасы лауазымдарына қарай тағайындалады. Саяси қызметкерлер санатына жаңадан қосылған Серік Сәпиевтің өзі 700 мың теңге жалақы алады екен. «Менің зарплатам шамамен 700 мың болады» — ҚР парламенті мәжілісінің депутаты Серік Сәпиев. «Аз болса күлесіңдер. Көп болса сынайсыңдар. Бәрімен бірдей аламын» — ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Тұрғын Сыздықов. Мәжілісменнің бұл қылығын атқарушы билік өкілдері де қайталады. Керек десеңіз, Ақтөбе облысының басшысы Бердібек Сапарбаев бір ай бойы сіңірген еңбегінің өтеуі қанша екенін де білмейтін болып шықты. «Әкімдердің жалақысы қанша қазір?  Білмеймін.  Сіздің жалақыңыз қанша?  Мен карточкамен аламын, білмеймін, жарайды» — Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев. Алайда, өткен жылы әкімнің 863 мың теңге жалақы алатындығы жайлы ақпарат тараған еді. Аймақ басшыларының айлықтары әр өңірде әр қилы. Ең жоғарғы жалақы Қарағанды облысының әкіміне тиесілі – 953 мың теңге. Одан әрі Атырау мен Астана. Қалған әкімдердің жалақысы орта есеппен 700 мың. Ал ең төменгісі 600 мың теңге  Алматы қаласының әкімінде. Ал Ресейдегі жоғарғы лауазымдағы шенеуніктердің жалақысы 115.7 рубльге тең. Теңгеге шаққанда 636.35 теңге. Статистикаға сүйенсек, елімізде айлығы шайлығына жетпей жүргендер баршылық. Өткен айдың қорытындысы бойынша, еліміздегі орташа айлық жалақы 140521 теңгені құраған. Ал бұл көрсеткіш тегін үйде тұрып, қымбат көлік мінетін жоғарыда аталған шенеуніктердің айлық табысынан 5-6 есеге дейін аз.