Астанада ана мен бала өлімі 12 пайызға төмендеді

Астанада ана мен бала өлімі 12 пайызға төмендеді

Астанада ана мен бала өлімі 12 пайызға төмендеді
ашық дереккөзі
Елорда ана мен бала өлімі көрсеткішінің төмендеуі бойынша атқарылып жатқан жұмыстар халық санын арттыруға септігін тигізді. Бұл туралы қалалық әкімдіктің медиа орталығы хабарлады.  Былтыр елордада 27 244 сәби дүниеге келді, бұл 2015 жылмен салыстырғанда 8 пайызға артық, деп мәлім етті қалалық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс акушер-гинекологы Халида Шәріпова. Оның сөзіне қарағанда, елордада ана мен бала өлімі көрсеткішінің төмендеуіне бағытталған мемлекеттік жұмыс халық санын арттыруға сеп болды. «Жалпы алғанда Қазақстан бойынша ана өлімі көрсеткішінің төмендеуі байқалады. Мәселен, Астанада 2016 жылы осы көрсеткіштер 100 мың сәбиге шаққанда 7,4 пайызды құрады. 3 жыл ішіндегі төмендеу 12 пайызды құрады (2013 жыл-12,6 пайыз 100 мың сәбиге шаққанда). Бұл бала туу көрсеткішінің көбейгендігін білдіреді, сәйкесінше елорда тұрғындарының саны артуда», -деді Х. Шәріпова. Оның мәліметтеріне қарағанда, сол кезеңде бала туу көрсеткіші 1 000 сәбиге шаққанда 7,5 пайыздан 6,4 пайызға дейін төмендеді. Болжам бойынша бұл қарқын (өсім) осы жылы да сақталады. «Қалада аяғы ауыр әйелдерге қажетті жедел көмек көрсету үшін барлық жағдай жасалуда. Дегенмен біз кез-келген жағдайға дайын болуға тырысамыз. Қатарынан 3-4 патологиясы бар әйелдер кездеседі. Сондықтан да дәрігерлер аяғы ауыр әйелдерге тексеруден жиі өтіп тұруға кеңес береді», - деді дәрігер. Халида Шәріпова атап өткендей, ана өлімі көп жағдайда аяғы ауыр болған кезде туындайтын қиыншылықтар мен босану кезінде кездесетін ауыртпалықтарға байланысты. Оған қоса бұған жүкті әйелдердің аяғы ауыр кезінде қарапайым ережелерді ұстанбауы, маңызды элементтерге салғырт қарауы да себеп. Акушер-гинеколог аяғы ауыр әйелдерге жүктіліктің 12 аптасында дәрігерлік есепке тұруға кеңес береді. «Өкінішке қарай, бүгінде әйелдердің денсаулық көрсеткіштерінің төмендігі байқалуда. Біздің есепке сәйкес, стационарда босанатын әйелдердің 20-23 пайызы ғана қиындықсыз дүниеге сәби әкеледі, қалған жағдайларда қиындықтар кездеседі. Бұл әйелдердің денсаулығының нашарлығын, төмендігін білдіреді. Осы орайда тұрғындарға, әсіресе дүниеге ұрпақ әкелетін әйелдерге дәрігерге тұрақты түрде қаралып, уақытында емделуге кеңес береміз», - деді Х. Шәріпова.