Қысқарту біріктіруден басталады

Қысқарту біріктіруден басталады

Қысқарту біріктіруден басталады
ашық дереккөзі
Еліміздегі медицина саласының қызмет сапасын арттыру мақсатында түрлі жоспарлы шаралар жүзеге асырылуда. Бірақ барлығы бірдей нәтижелі болып жатқан жоқ. Ал таяуда Денсаулық сақтау министрі ұсынған жаңа реформа халықтың көңілінен шыққан сыңайлы. Егер бұл сәтті жүзеге асар болса... Бүгінде ауруханалар мен емханалар жұмысына көңілі толмайтындардың қарасы қалың. Бірі құжат толтыру машақатын, енді бірі медициналық қызмет сапасының төмендігін айыптаса, тағы бір топтың дәрігерлер жұмысына көңілі толмайды. Медицина саласында бұдан өзге де қордаланған түйткілдер жетерлік. Ауруханалардың жұмысы, денсаулық сақтау жүйесі, дәрігерлер тапшылығы, бәрі-бәрі жұрт назарында. Ал бұл мәселелерді шешу үшін Денсаулық сақтау министрлігі қандай жоспар түзуде? Денсаулық сақтау министрлігі қолға алған шаралардың бірі – міндетті медициналық сақтандыруды енгізу. Медициналық сақтандыру жүйесін енгізу арқылы медициналық қызмет көрсету сапасы арттырылмақ. Айта кетейік, 1-ші шілдеден бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға жарна аудару басталды.

Ауруханалар бірігеді

Өткен айда Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Үкімет отырысында медициналық мекемелердің бірыңғай нормативі әзірленіп жатқандығын ресми түрде мәлімдеді. Жаңа норматив бойынша еліміздегі ауруханалардың басшылық аппараты қысқартылуы бек мүмкін. Бұл ауруханалар мен емханаларды өзара біріктіру арқылы жүзеге аспақ. Министр ұсынған нормативке сәйкес, монобейінді, яғни, бір саламен шектелетін ауруханаларды салуға рұқсат берілмейді. Мұндай мекемелерді тек үлкен ауруханалардың бөлімшесі ретінде ғана салуға болады. Ал қазіргі бір-біріне жақын орналасқан медициналық мекемелерді қосып, көпбейінді ауруханалар құрылады. Елжан Амантайұлының дерегінше, еліміздегі емханалармен қамту көрсеткіші Экономикалық даму және ынтымақтастық ұйымына кіретін мемлекеттерден 40 пайызға артық екен. Мұның сыры әлгіндей монобейінді медициналық мекемелер санының көптігімен байланысты. Ал әлемдік тәжірибе бойынша, стационарлардың көпбейінді болуы құпталатын көрінеді. Сондықтан еліміздегі жеке дара жұмыс істейтін емханалар саны біртіндеп 360-тан 105-ке дейін қысқармақ. Министр мұндай тәжірибенің Қазақстан үшін жат емес екендігін алға тартады. Мәселен, Ақтөбе облысында құрылған медициналық кластердің құрамына балалар мен үлкендерге арналған бірқатар ауруханалар, сондай-ақ, бір консультативті-диагностикалық орталық кірді. Науқастардың барлық медициналық қызмет түрін бір жерден алуы құптарлық жайт. Әйтпесе, осы уақытқа дейін бір медициналық мекемеден екіншісіне жүгіріп шаршайтын жұртшылық талай мәрте осыған қатысты наразылығын білдіргені де есте. Тіпті, еліміздегі кейбір медициналық ұйымдар түрлі диагностикалық тексерулерден өту үшін бір жерден екінші бір мекемеге жөнелтіп отыратындығын бірнеше рет мәселе ғып көтергенбіз. Егер министр ұсынып, Үкімет қолдау білдірген жаңа норматив құжаттағыдай ізбен жүзеге асып, жұрт игілігін көріп жатса, неге қолдамасқа?! Әлбетте, министрдің ұсынысы орынды-ақ. Өйткені ауруханалардың құрылысы үшін қазынадан миллиардтаған қаржы бөлінуде. «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша салынған емханалар мен ауруханалар да көптің қуанышы. Ең өкініштісі, мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған медициналық мекемелердің бірқатары ғимараттарды тиімді пайдалану жағын естен шығарып алған. Яғни, кейбір ауруханаларда науқастарға орын жетпесе, енді бірінде орын артылып қалуда. Өйткені ауруханаларды салу кезінде сол аумақтағы тұрғындар саны ескерілмеген. Бастысы, мемлекеттік бағдарлама бойынша бой көтерген медициналық мекемелердің саны арттыруды көздеген секілді. Ал Денсаулық сақтау министрлігі мұның бәрін бақылауынан шығарып алған. Әйтпесе, қолынан келсе, қонышынан баса түсетіндердің есепсіз ісіне тосқауыл қойылар еді. «Өткен жылы 11 мыңға жуық адам ауруxанаға жатқызуды 90 күннен астам уақыт күткен. Алайда республика бойынша 4,2 мың жатын орын бос  тұрды. Осының өзі дұрыс жоспар құрмаудың көрінісі болса керек. Амбулаторлық мекемені салу кезінде нақты қажеттілік, яғни жергілікті xалықтың саны ескерілмейді. Осының салдарынан жатын орындар бос тұрады. Жергілікті атқарушы    органдар бюджет қаражатын тиімді жұмсауға жауапсыз қарайды», – дейді     Елжан Амантайұлы.

Дәрігерлер жалақысы артады

Егер министрлік ауруханаларды біріктіру арқылы басшылық аппаратты қысқартар болса, қазынаның біраз қаржысы үнемделер еді. Елжан Біртановтың сөзінше, сол үнемделген қаржы есебінен медбикелердің жалақысын арттыруға мүмкіндік туады. Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі әкімшілік аппаратты қысқарту арқылы жеке ауруханалардың саны азаятындығын атап өтті. Өз сөзінде министр ауруханаларды біріктіріп, бас дәрігер, орынбасарлар, бухгалтерия және өзге де әкімшілік қызметкерлерін қысқартудың арқасында жылына 10,7 миллиард теңгені үнемдеуге мүмкіндік туатындығын жасырмады. Расында да, осындай әкімшілік қызметтегілерге кететін шығынның көп болуынан ауруханаларда қызмет ететін қарапайым медбикелердің, тіпті, дәрігерлердің де жалақысы мардымды емес. Жалақының аз болуы медициналық мекемелерде ақ халаттылардың жетіспеушілігіне бір себеп болып отырғаны да шындық. Еліміздің медицина саласында дәрігерлердің жетіспеушілігі анық сезілуде. Министрдің айтуынша, дәрігерлердің жалақысын арттыруға мүмкіндік бар. Алайда бюджет қаржысы аздау болып тұр. Ал жаңа нормативті енгізу арқылы біраз ақша үнемделсе, әрбір аурухана өз қызметкерлерінің жалақысын көтере алады. «Қазір бәрі бас дәрігерлердің қолында, қызметкерлердің жалақысын көтеремін десе, ешқандай қарсылық жоқ. Мемлекет медицина саласының еңбекақысын бекітпейді. Бүгінде кез келген медициналық мекеме өзінің құқықтық-шаруашылық формасын өзгертіп, кірістің көлеміне қарай айлықты бекіте алады. Демек, жаңа нормативпен бірге бюджет ақшасы үнемделсе, ондай мүмкіндік болады. Сондықтан дәрігерлердің жалақысы көтеріледі деп сенеміз», – дейді Елжан Біртанов. Сондай-ақ, өткен айда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова ханым да халық алдында есеп беріп, еңбекақы төлеудің жаңа моделі енгізілгендігін айтқан еді. Сонда Тамара Қасымқызы дәрігерлердің еңбекақысы орташа есеппен 18 пайызға артатындығын мәлімдеген. Шын мәнінде, дәрігерлердің жалақысын көтеру мәселесі ешқашан күн тәртібінен түскен емес. Қазір тәжірибелі дәрігерлердің жалақысы 150 мың теңгеден аспайды екен.

Дәрігерлер тапшылығы сезілуде

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, жер жаһанда дәрігер тапшылығы 4,5 млн адамға жеткен. Ал ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, елімізде жалпы 3 мыңнан астам дәрігер жетіспейді. Ең қиын жағдай Қазақстанның солтүстігі мен батысында. Мәселен, Қостанайда 190, Солтүстік Қазақстанда 316 дәрігер жетпесе, Маңғыстауда 338 маманның орны бос. Алматы қаласы бойынша бұл көрсеткіш 265, Елордада 221 маман тапшы. Бұл тығырықтан шығу үшін аймақтардағы шенділер жыл сайын медициналық жоғары оқу орындарының студенттерімен кездесіп, өз облыстарына шақырады. Солтүстік Қазақстанға да биыл 90 маман келеді деп болжануда. Олар мемлекет есебінен білім алғандықтан, жолдама бойыша жұмыс істеуі тиіс. Бірақ оның мерзімі біткен соң, маманның бұл жерде қалу-қалмауы екіталай. Жалпы, педиатр, окулист, лор, акушер-гинеколог, онколог сияқты нақты бір бағыттың мамандары, тіпті терпевтердің өзі аз. Премьер-министрдің ресми сайтында көрсетілген ақпаратқа сенсек, елімізде 2007 жыл мен 2015 жылдар аралығында жүргізілген медицина саласындағы реформалар нәтижесінде кадр тапшылығы 34 пайызға төмендеген. Нәтижесінде Қазақстанда дәрігерлер мен орта буын медицина мамандарының саны 2 мың адамға артқан. Бірақ мұның бәрі дәрігер тапшылығын түбірімен жоя алған жоқ. Яғни кадр бойынша дағдарыс еңсерілген жоқ. Медицина мамандарының қажеттілігі кейбір қызмет түрлері бойынша өте жоғары. Оны көзбен көру үшін емханаларға бас сұқтық. Оларда сол баяғы бой үйренген жағдай – дәлізде отырып, сағаттап кезек күту. Тек соңғы жылдары жанына дауа іздеп келген адам талон алып, электрондық кезекке тұруға болатындай өзгеріс енгізілген. Қазіргі уақытта Қазақстанда сұранысқа ие мамандықтар ішінде дәрігерлер екінші орында екен. Ақ халаттыларға деген қажеттілік 4,8 пайызды құрайды. Тіпті, бір маман екі-үш адамның жұмысын қатар атқарғандықтан, арты ажалға соқтырар түрлі қателіктер де көбейген. Әсіресе, аймақтарда жас мамандардың жетіспеуін шенеуніктер оларға жағдайдың жасалмауымен түсіндіреді. Ал олқылықтың орны қайтсе толары белгісіз. Ауылдық жерлерде жас дәрігерлерді ұстап қалу үшін қазір түрлі әлеуметтік жобалар жасалуда. Мысалы, теріскейге келіп, дәрігер болған жанға жарты миллион теңге жәрдемақы мен бір жарым миллион теңге баспанаға деп беріледі. Ал өзге аймақтарда мұндай көмек мүлде қарастырылмаған. «Дәрігер жетіспеушілігінің негізі себебі жергілікті жерлерде, әсіресе ауылдарда оларға әлеуметтік көмек көрсетілмейді. Сондықтан мамандар тұрақтамайды. Біздегі мәлімет  бойынша жоғары оқу орнын бітіргендердің 92 пайызы өз мамандықтары бойынша қызметтерін бастайды. Алайда олардың жартысы осындай көмек көрмегендіктен жұмыстарын тастап кетіп қалады», – дейді ҚР  Денсаулақ сақтау министрлігінің департамент басшысы Айгүл Қаптағаева. Сонымен қатар, Қазақстан стоматологтар қауымдастығының президенті Сәуле Есембаева еліміздің ауылдарында тіс дәрігерлерінің тапшы екендігін мәлімдеді. Ауылдық жерлердегі тіс емханаларының дені жекеменшікке өткен. Ал жалпы еліміздегі 2600 астам стоматологиялық емхананың жартысынан көбі жекеменшік нысандар. Отандық мамандар осы олқылықтың орнын толтыру үшін сала мамандарының біліктілігін жоғарылатып, мемлекеттік тіс емханаларының санын арттыру қажет екенін айтады. «Бүгінде 6 факультет тіс дәрігерлерін оқытып шығарады. Сонда да осы мамандыққа сұраныс көп. Еліміздің кей өңірлерінде стоматолог мамандар тапшы. Сондықтан тұрғындар «Тіс ауырса, ауыз ішінде» деп денсаулыққа бейжай қарауды әдетке айналдырып алған. Ауыз қуысының ем-домын дер кезінде жасамаса, денсаулыққа үлкен қауіп төндіреді», – деп атап өтті Сәуле Есембаева. Биыл Алматыдағы Қазақ мемлекеттік медициналық университетін 1436 маман бітірген. Университет басшылығы олардың 90 пайызы жұмысқа тұратынына сенімді. Бірақ көп ұзамай түлектердің жартысына жуығы еңбек жолын жалғастырудан бас тартады. Баспананың жоқтығы мен жалақының мардымсыздығы оларды басқа салаға кетуге мәжбүрлейді.