Жаңалықтар

Қаламы қазақ үшін жорғалаған

ашық дереккөзі

Қаламы қазақ үшін жорғалаған

Әдебиетке өткен ғасырдың 70-80 жылдары келген Дидахмет Әшімханұлы қаламынан туған туындылар оның проза мен публицистикаға қатар қалам тербегенін аңғартады. Қай жанрда жазса да қазақ халқының жоғын жоқтап, мұңын мұңдаған ол қоғамның көкейкесті мәселелерін көтере білді. Облыстық газетте тәжірибе жинақтаған қаламгер алғашқы «Жетпіс апа» әңгімесінен бастап өзінің суреткерлік қырын танытты. Ол жөнінде өзі: «О бастан әдебиеттен таңдап алған жанрым – әңгіме. Шындығында, таңдайын дегем жоқ, үйренейін деп бастап едім, үйренген соң қалай бауыр басып кеткенімді білмеймін. Кейін... роман деп қолға алғаным да, повесть деп бастағаным да әңгіме боп шыға келетін болды», – дейді. Айтса айтқандай, ол – әдебиетте шағын жанрдың шебері ретінде танылған жазушы. Алғашқы «Жетпіс апа» әңгімесіне соғыс салған жазылмас жараның тағы бір шындығы арқау болған. Бір жерден түтін түтетейік деген інісі Хамитке Жетпіс апаның: «Жоқ, – деді Жетпіс апа, – сенің орның бір төбе. Жеркепеде отырсам да, мен де бір шаңырақпын. Бұл ауылға келін болып түскенде осы үйде бетім ашылған. Жетпісіме қанат байлаған да осы үй. Топырағы торқа болғыр кешегі жездеңді де мәңгіге шығарып салған осы қара шаңырақ. Бір ұрпақтың түтінін өшір дегенің бе?», – деген сөзінен қазақ халқындағы қара шаңыраққа деген үлкен құрмет аңғарылcа, Жетпіс апаның азан шақырып қойған Камила атының ұмытылып кетуі – қазақ халқының адамның жеке болмысына, іс-әрекетіне қарап ат қойғыштығын байқатады. Кебенек киіп кеткен баласы Жетпісті өмір бойы күткен кейуананың тіршілігінен екі нәрсені ұғуға болады. Оның біріншісі – өле өлгенше бір әулет шаңырағының түтінін түтетіп өткен қазақтың қайран аналарының төзімділігі, екіншісі – қазаны дер кезінде жеткізу керектігі. Кезінде інісінің Жетпістен келген қара қағазды бермей қалуы не нәрсені де дер кезінде айту қажеттігін көрсетеді. «Жұлдызды белбеу» әңгімесіне Сарымсақтыдағы Мырзабек нағашысының әскерден келгенін естіген Тәмпіш қыстың көзі қырауда бірнеше шақырым жол  жүріп, жұлдызды белбеуді алуға келген оқиғасы негіз болған. Бір күн бұрын машинада орын жоқ деп тастап кеткен Мықты ағасының артынан жаяу шыққан баланың аң-құсқа жем болмай, жол азабын тартып нағашысының үйіне жетуі, барған бойда қолына түскен белбеуден қас пен көздің арасында айырылып қалуы адамның айтқаны емес, Алланың қалауы болатынын көрсетеді. Жазушы осы оқиға арқылы жұлдызды белбеудің құны балалар арасында өте жоғары болғанын нанымды бейнелесе, «Шымырбайдың шындығында» қазақ радиосынан Шымырбай қойшы туралы берілген журналист Сағидолла Болатжановтың очеркінен дамыта суреттеу мен асыра әсірелеуді көреміз. «Тон» әңгімесіне қайырымдылығы үшін өмір бойы азап шеккен Жоламан қойшының тоны жүрегіне тоң болып қатқаны негіз болса, «Тасқала» әңгімесінен қалаға келген Сәнтайдың бір күнгі ит қорлығына, жөн сұрар адам таппай далада түнеп шыққанына қанығамыз. Қазақша бір ауыз сөз білмейтін қала қазақтарынан қайыр таппай, бір кезде қазақ ауылында тұрған Кирилл атты орыс шалынан қай­ы­рымдылық көрген Сәнтай үшін тас қаланың адамдары да қара тас секілді көрінуі заңдылық. Жазушы адам аяғымен таптауға болмайтын көк шөптің үстінде ойқастап жүрген иттің саруымен қалалықтарға екі аяқты адамнан гөрі иттің артық саналатынын көрсеткен. «Естірту» әңгімесінен құрдастар арасындағы қалжың менмұндалайды. Тоқсаныншы жылдары жұмыссыз қалғандар сауда-саттықпен айналысып, көзін тапқандары кәсіпкер болып кетті де, жолын білмегендер барынан айырылып, банкрот болғаны өмірден белгілі. Міне, сол тұста Ресей асып, кәсіп іздеген Кәкімнің Әлиханға жазған хатынан оның азапты өмірі байқалады. Жырақта жүріп өліп қалам ба деп қорыққан ол досы Әлиханға менің мәйітімді алып кету үшін 220 мың керек, ал 50 мың салса өзім барам деуінен құрдастар арасындағы қазақы қалжыңды көрсек, хат соңында көрсетілген уақыт пен мекен-жай оқиғаның өмірден алынған нақтылығын, деректілігін байқатады. «Дәме» әңгімесіне шағын кәсіп иесі Естай Нұркеновичтің қол астындағы қызметкерлерге көңіл аудармауы, хатшысы Қыдырбаеваның үйге қонаққа шақырғандығын жеңілдік деп ойласа, ештеңеден хабары жоқ қыздың бүкіл ұжымды қонақасы беруге шақырғаны күлкі үйіреді. «Ағайындар» әңгімесіндегі ағайынды Дүйсен, Сейсен, Бейсен арасындағы оқиғалардан әр шаңырақтың өз тіршілігі, өз қажеті болатынын байқау оңай. Ұзақ сапарға жүргелі отырған інісін шығарып салуға жарамай, әйелін тасып жүрген ағасы Сейсеннен көңілі суып келген Дүйсеннің ауылдағы Бейсен ағасының үйіндегі шайпыауыз жеңгесі Бибіштен көңілі қалып қайтуы – «Бірге тумақ болғанмен, бірге жүрмек жоқ» екендігінің мысалы. «Бәкең» әңгімесіне де ағайынды Бәкен мен Омаштың қызықты оқиғалары арқау болған. «Және менің білуімше, жалпы, адамдарды ел мен жер, ру мен жүз, ағайын-туыстық табыстырмайды, ең алдымен оларды мінез сәйкестігі, сосын мақсат бірлігі қосады. Бәкең мен Омашты да, міне, осындай мінез бен бірлік қосқан да, қосақтап қоя берген. Оған алғаш мұрындық болған да Бәкеңнің өзі...», – деген автор сөзінен ағайынды екі жігіттің бір-бірінен аумай қалған ұқсастығын көруге болады. Інісін де өзі секілді шофердың оқуына түсіріп, қасына серік етіп алған ағасы мен інісі арасындағы оқиғалар автолавка жүргізген аңғал Бәкеңнің істі болуымен аяқталған. Адам баласының көңілін қалдырып, қолын қайтарып көрмеген Бәкеңнің әңгіме соңында ұзын жолдың бойында аяғын сүйреп басып, әрең келе жатқанына тап боламыз. Астында көлігі барда "Бәкең" болған жігіттің енді ешкімге керек болмай қалуы, әрине, өкінішті. Әңгіменің соңында Заготконтордың директоры Тоқанның Бәкеңді көрмеген болып машинасымен зулап өте шығуы Бәкеңнің де дәурені біткенін меңзейді. Машинасы жүріп тұрғанда бір жанның көңілін қалдырмаған, Тоқанға жайлаудан қой алып келемін деп жол апатына ұшыраған ақкөңіл жанның мүсәпір хәлін көру жанға ауыр. Автор осындай кереғар кейіпкерлердің әрекеттері арқылы «адам аласы ішінде» екенін есімізге салған. «Тас монша» әңгімесінде еңбегі еш, соры тұз болған Әзімхан қойшымен қайта кезігеміз. Жыл сайын жайлауға шыққанда ағаштан монша салып жүретін Әзімханның жаз бойы бір тыным таппай салған тас моншасына бір түспей қоныс аударып көшеді. Ең өкініштісі, адамнан малдың қамы артық болғанын Дөненбаевтың сөзі мен ісі растаса, «Аққабаның толқынындағы» Нұрлыбектің жайы мүлде бөлек. Ол аңшылықты кәсіп етіп, аң-құстың терісіне құныққан тоғышар жан. Қымбат теріні саудалағаннан артық ештеңе жоқ деп түсінетін аңшының елден саяқ жүруі де содан. «Ақшоқы» әңгімесінде өлім аузында жатқан Оқаспен кездесеміз. Қалада науқасы меңдеп жатқан жанның ұйқтаса түсінен, ояу жүрсе есінен  шықпайтын Маралдыбұлақты аңсап сағынуынан туған жердің теңдесі жоқ құдіретін аңғарсақ, «Жо-жоқ, бәрібір өлімнен қорқуға болмайды! Ол – хақ. Ол – Құдайдың ісі. Ерте ме, кеш пе, бұның да баратын жері сол ғой. Бірақ алатын жанын Құдай қинамай-ақ алса екен», – дейтін Оқастың пікірі өмір бар жерде өлімнің болатындығын есімізге салады. Алайда автор айтары ол емес, әңгіменің идеясы жердің киесінде. Туған жерге жете алмай сал болып жатқан кейіпкердің негізгі кінәсі – әйелінің сөзіне еріп, күйбең тіршіліктен шыға алмауы. Кіндік кескен жерін ұмытып, туған жерге жат болып кеткен замандастарына ой салған жазушы Оқасты Маралдыбұлақтың киесі ұрғанын «Әттең-ай! Сол жолы Дүйсенмен бірге елге кетіп қалсам ғой, дәл мынадай күйге түсер ме едім» деген сөзімен растайды. Тоғыз ай төсек тартып жатқан кейіпкерге тосынан тиген екінші соққы – «Ақшоқының орыстар жағына қарап кетуі». Бұл – кейіпкердің соңғы үмітінің үзілуі еді. «Құдайсыздар» әңгімесінде кеңестік дәуір тұсындағы құдайсыз коммунистердің имансыздығына кезігеміз. Колхоз бастығы мен жандайшаптардың үйінде құран ұстайтын, шешесі намаз оқитын  Әзімханға шүйлігуі өмірден алынған шындық. « – О, Құдай! – деді апам оның соңынан. – Маған осындай құдайсыз ұл бердің, ана Сақыштай имансыз қыз бердің. Бірі алдыңдағы жайнамазға қарайды, бірі қолыңдағы жалғыз сиырға қарайды. Бүйтіп мені бұл екеуіне жалтаңдатып, қор қылып қойғанша, алмайсың ба, Құдай!», – деп зарлаған кейіпкердің жүзден асқан шағында күн құрғатпай жүн түтіп, намаз оқып отыруы – оның Алланың сүйген құлы екендігін көрсетсе, кішкентай баланы қорқытып, құранның бетіне кіш еткізіп жүрген Нұрым бастаған комсомолдар кешегі коммунистік партияның құдайсыз өскен жандайшаптары еді. Намаз оқу мен жүн түтуін қойған күні мәңгілік өмірге аттанып кеткен кемпірдің көзінің қарашығындай аялап сақтағаны – Құран кітап болатын. Оң жақта жатқанда баласы барып, өмір бойы сақтаған  Құранды маңдайына тигізсе, арада қырық бес жыл өткенде көргенін істеген бала әкесінің маңдайына төс қалтасынан шыққан партбилетін тигізді. Себебі Әзімханның  төс қалтасынан шыққаны – қызыл билет еді. Қызыл сиыры барда сөзін өткізіп, ұлдың да, қыздың да қолына қарамаған кемпірдің сиырынан айырылған соң, ұлға да, қызға да, келінге де керек болмай, көзтүрткі болуы арқылы құдайсыз өсіп келе жатқандардың пиғылының бұзылуы нанымды суреттелген. Жазушы осылайша үш ұрпақтың өмірімен қазақ халқының басынан өткен тарихынан сыр шерткен. Жазушы кезінде: «Көкіректеріңізге өмірі шөлі қанбас Сағыныш, жүректеріңізге қанша сүйсе де, құмары басылмас Сүйіспеншілік тілеймін. Өйткені... Құдай дегеніміз – Сүйіспеншілік қой!..», – деген еді. Өзі айтқандай ол замандастарына Аллаға сүйіспеншілік болған жерде бәрі оңынан болатындығын, оны мойындамаған жерде Жаратушының құрығы ұзын екендігін, екі аяқты пенделердің одан құтыла алмайтындығын «Құдайсыздар» әңгімесінде есімізге салады. Атеизм идеологиясымен тәрбиеленген буынның ұрпақтары бүгінгі таңға дейін құдайсыз өсіп келе жатқаны қазіргі біз өмір сүріп отырған тәуелсіз Қазақстанның өзекті мәселесі екенін есімізге алатын болсақ, жазушы шағын шығармасына осындай көкейкесті мәселені арқау еткені байқалады. «Тасқорым» әңгімесінде бес жыл қатар қонған Әзімхан қойшы мен Жаппас бақташы арасындағы бітпейтін бақталастық пен күндестікті олардың тіршілігімен бейнелеген. Әңгімеге Тасқорымның тұсындағы үлкен тас негіз болған. Кезінде Әзімханға көмектесіп, жолдан алып тастауға құлқы болмаған Жаппастың аты сол тасқа сүрініп құлап, қарға-құзғынға жем болғаны бейнеленген. Әңгіменің идеясы – адамдардың пендешілігі мен тойымсыздығы. Әзімханнан палатканы қызғанып, оны алып кетпек болған Жаппастың астындағы атынан айырылуы оның пендешілігі, тойымсыздығын әшкерелеп тұр. Алас тайпасы туралы аңызды арқау еткен «Жынды жел» әңгімесіне ұрпақ тәрбиесі негіз болған. Бір тайпаның көркейіп дамуы да, оның азғындап жер бетінен жойылып кетуі де әйел-аналарға байланысты екенін көрсеткен жазушы ұлттың болашағына, ұрпақтың тәрбиесіне болашақ аналардың жауапты екендігін еске салуда есте жоқ ескі замандағы аңызға жан бітірген. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деп М.Әуезов айтқандай, ұлттығымызды сақтаудың көзі тал бесіктен басталатындығы рас.

***

Д.Әшімханұлы – ұлттық әдебиетті шағын жанрларымен бірге «Жер аңсаған Сарыатан», «Он бірінші күз», «Босаға» атты үштаған повестерімен байытқан жазушы. Оның шығармаларының дені ауыл өміріне арналғанмен, тақырып жағынан бір-біріне мүлде ұқсамайды. Мәселен, «Он бірінші күз» повесіне малшылардың тіршілігі негіз болған. Кеңестік дәуір тұсындағы жоспар-жоспар деп жоспар қуған басшылардың жыл он екі ай далада жүретін малшылардың тұрмыс-тіршілігіне көңіл бөлмейтіні, оларды адамның тағдыры емес, мал басы алаңдататыны шынайы бейнеленген. Жазушы жекелеген кейіпкерлердің тағдыр тауқыметі арқылы қоғам тіршілігінен хабар беріп, негізгі оқиғаны орта мектепті кілең үздік бағамен тәмамдап, алтын медаль алған Бөкеннің төңірегінде өрбіткен. Жоғары оқу орнына түсе алмай қалатын медалист жігіттің өмірі сол тұстағы оқу-білім саласындағы келеңсіздіктерді әшкерелеп тұрғаны анық. Ол кезде мектепті медальмен бітіргендер алғашқы екі емтиханнан жақсы баға алмаса, байқаудан өте алмай қалатын. Біздің кейіпкеріміз де өзі жақсы білетін емтихан сұрақтарына жақсы жауап бергенмен, аты-жөні алдын-ала дайындалған тізімде болмағандықтан үштік бағаға ие болады. Жазушы мектепті жаңа бітірген жас­өспірімдердің тағдырынан қалтаның түбін тескен қағаздардың құны жоғары екендігін, олардың жауабы үштен жоғары бағаланбайтындығына сыйғызған. Шалғайдағы ауыл мектебінен білім алған жігіттің арман қуып, Қазақстанның астанасы Алматы сынды үлкен қалаға келгенде маңдайы тасқа соғылады. Оқуға түсе алмай қалғанына намыстанып, қалаға кетпек болған оны совхоз директоры Тоқанның бір ауыз сөзі тоқтатып, бір жыл шопанға көмекші болуға қалып қояды. Сол жылғы күз мұның өмірінен үлкен орын алғаны сонша, оны мәңгілік ұмыта алмасы анық. Ендеше, сол он бірінші күздегі оқиғаға оралып көрелік. Зоотехник жорға Жұмабектің өзінен басқаға мінгізбейтін сүліктей қара жорғасына шалмасын иіре лақтырып тұзақтағанда: «– Жә, саған жорға не керек, өзің де жорға емессің бе? – деп, Тоқан ағай кеңк-кеңк күліп алды да. – Жасың қырықтан асқанда жорғаны қайтесің, Жұмаш? Мінсін де мына жастар...», – деп Бөкенге мінгізіп те жіберді. Арқасы тақтайдай, аяғын билей басатын, мойыны доғаша иілген нағыз желмаяның үстіне қонған Бөкен сол бойы Кеңөрістің Бұлғындысайында отырған Жәмеш ағасына көмекші болып шыға келеді. Алыстан құз-шоқылары қас батырдай қасқая қалған Көксеңгірдің етегінде атасы зейнетке шыққанша беткейлі-сайлы мол аңғардың қай аңғарында қой бағып, қай төскейінде қозы жамыратпады? Жәмештің жаз бойы қойларды сайдағы бырш-бырш езілген сасық сазға қамап, шетінен ақсақ-тоқсақ, көтерем етіп отырғанын жазушы былай суреттейді: «Көзі қара сазды бырш-бырш езген қаптаған қара тұяқтарда. Қара тұяқтардың сояудай басы қайқайып, бақайларымен қоса добалдай-добалдай боп ісіп-кеуіп кеткен. Сол шіріген тұяқтарын қаттырақ басуға қорғанып, бейшара қойлар шетінен  қиралаң қағады, бастары қақшаңдап, екі аттап, бір тоқтайды. Неткен аяусыздық десеңші! Шетінен ақсақ, шетінен арық. Бірінің арқасы, бірінің құйрығы құрттаған. Осындай ит өлексе ететіндей, жарықтық, бұлардың не жазығы бар еді! Жоқ, бұны қолға алмай болмас!... «Жамбыл» совхозына көтерем көк сиырын жетелеп келіп, бір отар қой алған Жәмештің бес жылда құны бес мың тұратын қып-қызыл «Запорожецті» тізгіндеуін ел сан-саққа жүгіртсе, көмекші тұрақтамайтын қойшының мән-жайына Бөкен арқылы қаныға түсеміз. Қаладан тауы шағылып қайтқан жігіттің малшылар өмірінен көргені де аз емес. Қайда барса да сыбайлас жемқорлықтың белең алғанын білген ол келесі жылы тарих факультетіне емес, заң факультетіне түсіп, қоғамға іріткі салып жүрген жылпос, алаяқтарды тізгіндеп, олардың қылмыстарын әшкерелеу керектігіне көзі жетеді. Тарих пәнінің мұғалімі болып елге келіп бала оқытқаннан гөрі, заң орнында қызмет істеп, жазықсыз жаза тартқан жандардың кінәсіз екендіктерін дәлелдеудің әлдеқайда қажеттілігі артып тұрған қоғамда өмір сүріп жатқанын түсінген Есілбеков Бөкенді енді Қасым ағайы тәрізді ешкім де «Ой, азамат!», «Айналайын!» деп маңдайынан сипамайтындығы анық. Бұл повесте мектеп жасында жүрген балалардың қоғам жайындағы қалыптаспаған түсінігінің өздері өмірге араласқан соң толыға түсетіндігі Бөкен бейнесі арқылы ашылған. Аңқау да аңғал баланың тірлігі бірде «балалы үйдің ұрлығы жатпайтынын» еске салса, енді бірде әділет іздеп, шарқ ұрғанына тап боламыз. «Жер аңсаған Сарыатан» повесі: «...Ұшы-қиырсыз сары дала. Сары даланың бір ұшында – сары бел. Сары белдің бауыры – сағым ба, әлде шалқар көл. Шартабақ күн төбеде. Шалқыған ыстық жер-көкте. Табанын тасқа тілдіріп, жанарын жасқа жудырып, маңдайын жел күнсітіп, таңдайын шөл қаңсытып, сар желіп келеді Сарыатан. Таусылмайды сары дала, жеткізбейді сары бел. Сары белдің ар жағы – бота күнгі мекен. Бота күнгі мекенін боздап іздеп келеді, жүректегі бар шерін қозғап, іздеп келеді», – деген үзіндімен басталып, осы жолдармен аяқталған. Автор осы жолдарды бір шығармада бірнеше рет қайталау арқылы оған көңіл аударуға ден қойған. Ол – туған жерге, ата қонысқа деген шексіз де телегей түпсіз сағыныш. Жазушы өз сөзінде: «Ұлтты ұлт ретінде ұстап тұратын төрт қазық бар: тілі, жері, саны, салт-дәстүрі. Бұлар қай ұлтқа болмасын аса қымбат та қастерлі дүние. Дегенмен... қазақ үшін жөні тіптен бөлек...», – деген болатын. Ақ өлең үлгісімен төгіп-төгіп алатын жазушы Сарыатанның туған жерге деген  сары сағынышы мен екі аяқты пенделердің кіндік қаны тамған жерге деген сүйіспеншілігін қосамжарлай суреттеген. Атанның өзі туған жерге қарай желіп келе жатса, адамдарды Алла тағала олардан артық жаратқаны қайда? Негізгі оқиға: «– Аға-ау, сорладым ғой!.. Шынымен, сорлап қалдым ғой!... Күреңқасқа ерін сындырып тастапты...» – деп, сырттан ентіге кірген Қожықтың еңкілдеп жылауымен басталады. Иә, оның ердің екі қапталы сынғанына осыншама езіліп отырғаны оқырманға да ерсі көрінері рас. Алайда ұзақ сапарға жиналып жатқан жүргіншінің атқа ерсіз жайдақ мінуі оңай шаруа емес. «Сен мені тастап кетпейсің ғой, а?! Тастамаймын деші, аға», – деп егілген Қожық пен «Өй, ынжық! Ақжол тілеп алысқа аттанғалы тұрғанда, әкесі өлгендей өкіруін бұның!..» дейтін Есберген арасындағы диалогтың өзі-ақ олар туралы толыққанды мағлұмат береді. Он жасына дейін Метрейдің шошқасын баққан Қожықты Есбергеннің бауырына басқанына да он бес жылдың жүзі болған. «Қалай сені мына иен тауда иттей ұлытып жалғыз тастап кетем мен?!» деген сөзіне қарағанда оларды Құдай айырмаса, адам айырмайтыны белгілі. Бөренелерден қиып жасаған жатаған үйшікті мекен еткен бұл екеуінен басқа иен тауда тірі пенденің жоқ екені белгілі. Лирикалық шегініс арқылы иен тауда қалған екі кейіпкердің өмір тарихы толығып, олардың өскен ортасы туралы толыққанды мәлімет беріледі. Қолына мылтық ұстаған аңшы жігіттің сүйген қызы Ғазизаны әкесінің батасымен қасына алып, елден үдере көшіп кетуі ел қынадай қырылған ашаршылықтан хабар береді. Қиын-қыстау кездерде туған жерден қоныс аударған Есбергеннің жер ортасы жастан ауғанда туған жерге бет түзегенімен, оның алдынан ешкімнің күтіп отырмағаны белгілі. Көзкөргендердің қалмағанын білгенмен, туған жерге жетіп жығылғанды мақсат етуі – туған жерге деген шексіз құштарлықтың белгісі. Жиырма жылдан аса қоныс тепкен қара шаңырағын, жар сүйіп, бала құшқан құтты шаңырағын тастап кету оған да оңай еместігі қуықтай ғана бөлменің әр қуысын адақтап, ішке қарай қайта-қайта мойын бұра бергенімен нанымды суреттелген. Көкентауда жүргенмен көз ұшындағы өркеш-өркеш тауларға әлсін-әлсін сүзіліп қарай беретін Есбергеннің көз алдынан Бұқтырманың сұлу көркі мен таңдайынан жағалаудағы мойылдардың дәмі кеткен емес. Ал Қожықтың жайы мүлде бөлек. Оны Есбергеннің мына сөздерінен аңғаруға болады: «– Қожық, – деді Есберген оны сынамақ болып. – Мен болсам, атақонысымды іздеп барам. Ол жерде әкемнен қалған із бар, шешемнен қалған көз бар. Ал сенде ше? Ықылымда өткен батыр бабаң Көкеннен бастап, кешегі сері әкең Сейдәліге дейін анау қырдың басында – ескі қорымда жатыр. Мынау тауды Көкентау, іргедегі мына бұлақты Көкенбұлақ дейді. Бәрі де сенің ата-бабаң ат байлаған, қазық қаққан жер. Бұларды сен қалай қиып кетесің? Қалмайсың ба осында? Мылтық, қақпан, керек-жарағыңды түгел тастап кетемін. Бірдеме етіп күнелтерсің өзіңше...». Иә, Қожықтың ата-қонысы – Көкентау. Оның тарихы Есбергенге қарағанда өзгешелеу. Бір кездері батыр бабасы Көкеннен бастап  мекен еткен жердің бүгінде Көкентау, Көкенбұлақ деп аталуы да содан. Алайда ата-баба қонысының Қожықтың қолынан шығып қалуына оның өзі емес, сері әкесі кінәлі еді. Серәлі серілік құрып, думандатып жүріп ата қонысын бір уыс сөлкебай мен он бұлғынның терісіне Метрейге сатып жіберді. Кейін үйірлі жылқыны айдап келіп, қонысын қайта алмақ болғанда шұрайлы жер, шүйгінді қойнау-қолаттың қызығын көріп, торайларын қаптатып өсіріп отырған Метрей оны өзіне қызметші етіп алды. Туған жерді тастап кете алмай, осылайша бір күнде қожайынға малай болып шыға келген Сейдәлі сері өмірден өткен соң, баласы да орыстың қол астындағы малайы болып қалды. Міне, ес білгеннен Қожықтың көргені Метрей мен оның қорсылдаған шошқалары. Жасы онға келгенде ғайыптан Есберген келіп, Метрейден Қожықты күдірдің шыбығына айырбастап алғаны бар. Оны жыл құсындай алты айда бір келетін Ақсопы шалдың айтуы бойынша жасағаны болмаса, Қожықтың ата-бабасы туралы білмейтіні рас. Текті әулеттің тұқымы екенін білетін Ақсопы шал Метрейге ауадай қажет болып тұрған күдірді осы бала үшін саудалаған болатын. Кеңес өкіметі орнаған кезде конфескеден қашып, тауды сағалаған Метрейдің қазақтың сері жігітін алдап соғып, ата-қонысын сатып алып, енді мейманасы тасып отырысы мынау. Қожық Есбергенге біраз жолға дейін еріп келгенмен, жол-жөнекей ойланып, кейін қайтуында үлкен сыр жатыр. Ақылы кіресілі-шығасылы болғанмен, оның да намысы бар. Бір жастан жаңа асқанда жасын түсіп мерт болған анасынан, жетіге толар-толмаста асқар таудай әкесінен айырылған Қожық ес білгелі Метрейдің шошқасын баққанымен, оның да шыққан тегі тегін емес. Жол бойы өткен-кеткенді ойға алған Қожық Метрейдің үйіне келген орыстармен әкесінің карта ойнап, күмістелген ерін, аяғындағы әмірқан етігін ұттырып, қатты қапаланғанын есіне алды. Сонда әкемнің аяғына шәркей киіп отырып: «Ерден айырылдым – жайдақ болдым, етіктен айырылдым – маймақ болдым, жерден айырылдым – бейбақ болдым. Сірә, мен оңбайтын шығармын» дегені бүгін тақымым қажалып, құйрығым ойылып келе жатқанда есіме түсті. Таңертең жолға шықпай жатып ерім сынды. Бұл жақсы ырым болмас, аға. Сосын... ата-баба жерін тастап кетсем, мен де оңбайтын шығармын?! Рұқсат берсең, мен кейін қайтайын, аға», – дейді. Шығармадан көзге түсетін бір жайт – наным-сенімдер туралы түсінік. Оның бірі – Қожықты асырап алған ерлі-зайыптыларға Алланың бала беруі. Яғни жетімді есіркесең – Жаратқанның пендесін жарылқайтындығы. Екінші бір мысалды туған жерін саудалаған Сейдәлінің трагедиялы өмірінен көрсек, үшіншісі – ұзақ сапарға шығарда ерінің сынғанын жаман ырымға санаған Қожықтың «ата-баба жерін тастап кетсем, мен де оңбайтын шығармын» деп кейін қайтуы. Жазушы авторлық ұстанымды кейіпкер сөзімен бергенін мына мысалдан көруге болады: «Жерін сатқан, елін сатқан адамдар екі дүниеде оңа ма?! Немереге несібе, шөбереге нәпақа еді ғой Көкентау... Жоқ. Көкентауды ешкім алып кеткен жоқ. Сенің-дағы күнің туар бір кезде. Тарт, балам, туған жеріңе, қайт қалқам, Көкентауыңа! Менен рұқсат, қайыр-қош!». Шығарманың негізгі идеясы да осы жолдарға сыйып тұр. Повестің басы мен аяғындағы «Табанын тасқа тілдіріп, жанарын жасқа жудырып, маңдайын жел күнсітіп, таңдайын шөл қаңсытып, сар желіп» туған жерге тартып бара жатқан Сарыатан Есберген мен Қожықтың кіндік қаны тамған ата қонысқа қарай желіп бара жатқанымен ұғындырылған. Шығарманың басында ұзақ сапарға жиналып жатқан Есбергенмен кездессек, соңында жарты жолдан кейін қайтқан Қожықтың ісі «Өзге елден сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген халық даналығына жан бітіріп тұр. Ата-баба қонысына бет түзеген кейіпкерлердің тірлігі туған жерге ту тігу керектігін ұғындырады. «Босаға» атты повесін жазушы үштаған (триптих) деп атаған екен. Повестің мазмұнын үш оқиға құрағанмен, олардың орталық кейіпкері біреу. Сондықтан Телжан өмірінің әр кезеңінен алынған оқиғалар бір-бірінің заңды жалғасы болып табылады. Әңгімелердің барлығы да жоғалып бара жатқан жалпы адамдық құндылықтардан сыр шертеді. «Ақниет» әңгімесіне Терісбұлақ деген ну орманды, қойнау-қолаты мол аңғарды қоныс еткен малшылардың өмір-тіршілігі негіз болған. Телжанның әкесі – жаз жайлауда, қыс қыстауда жүз қаралы тайыншаның жем-суымен әлектеніп, көшіп жүретін  малшы болғандықтан «Ауыл» дегенді көрген емес. Жазушы малшылардың жыл он екі айда бір толас таппайтын қым-қуыт тіршілігі арқылы олардың жанкешті тіршілігін, сол еңбектің өз дәрежесінде бағаланбайтындығын назарда ұстаған. Қабдеш мұғалім болмаса, баласының жетіге толғанынан хабарсыз әкені балаларының тағдырынан гөрі совхоз малының амандығы алаңдататыны рас. Көзден таса етсе, бір қараның құнын төлеу үшін бір жыл ақысыз еңбек ететінін білген ол малын бір күн де тастап кете алмайды. Ал балалары мектепке он-он бес күн кешігіп баруына болады. Кейіпкерлердің бір-біріне мүлде ұқсамайтын жандар екеніне қарап отырып, жазушының образ сомдаудағы шеберлігін тануға болады. Балаларының қай сыныпта оқитынын, қандай киім киетінін білмейтін Әзберген мен бөлесі Жоламан салыстыруға келмейтін кейіпкерлер. Жоламан совхоздың кіріс-шығысын ғана емес, отбасының да есеп-қисабын санап үйренген бухгалтер. Оған малшы бөлесінің баласынан гөрі, көтеріп келген тоқ қоржын ыстық. Құрт-ірімшігі мен ет-майы таусылған күні Телжанның да керегі шамалы. Сол тәрізді мектеп директоры мен Қабдеш мұғалім де екі әлемнен келген жандар тәрізді. Мектеп директорына керегі малшының баласы емес, оның соғымы болса, Қабдешті малшы балаларының болашағы көбірек алаңдатады. Авторлық ұстаным: «Менен ұялма. Әзеке, ұрпағыңнан ұял. Ұрпағыңның болашағынан ұял. Біз жетпеген биікке осылар жетсе бопты да», – дейтін Қабдеш мұғалімнің сөзіне сыйып тұр. Ал «Жылыжайдың қияры» тарауында араға неше жыл салған соң, көпке  белгілі болған талантты Телжан суретшімен қайта кезігеміз. Мұндағы оқиға қалада өтетіндіктен біз енді қала тіршілігінен хабардар боламыз. Төртінші қабатта тұратын, етегіне сүрінген жалғызбасты кемпірдің тағдыры арқылы қала тұрғындарының көкейкесті мәселелері суреттелген. Ұлды ұяға, қызды қияға қондырған кемпірдің балалары жоғары білімді қызметкерлер болғанмен, безбүйрек болып тәрбиеленуі адам жанын күйзелтеді. Жазушы аталған тарауларда бір отбасының тұрмыс-жағдайы арқылы сол тұстағы әлеуметтік мәселелерді көтерген. Бірінші тарауға малшылардың аянышты тұрмысы, екіншісіне бойдан күш қуаты кеткенде ешкімге керексіз болып қалған қарияларға салынып жатқан Қарттар үйіне (пансионат) кез боламыз. Болашағымыз жастар екенін еске алатын болсақ, «Қарттары бар үйдің – қазынасы бар» деген халық даналығын тәрк еткен қала жастарының адамгершіліктен жұрдай болуы – бір отбасының емес, бір ұлттың, қазақ халқының қасіреті. Жазушы жекелеген кейіпкерлерін типтік бейнеге көтергенін инженер ұлы Рәш пен кандидат қызы Алмашқа керек болмай, төрт қабырғаға қарап қалған кейуана тіршілігіне сыйғызған. Авторлық ұстаным: «Адамгершілік»» дейміз үздігіп. Адам болсақ, артымызға неге бір қайырылмаймыз? Адам болсақ, жыланның баласындай неге жан-жаққа зыта қашамыз туа сап?»  деген кейіпкер сөзіне сыйып тұр. «Сары самауыр» тарауына суретші Телжанның үйленгеннен кейінгі кезеңі негіз болған. Әжесінің бауырында өсіп, әке-шешесіне жат болып өскен титтей Айжанның ойларына тәнті боламыз. Гүлсанның: «Құдайым-ай, не бақша жоқ, не бағатын адам жоқ, осы қызды сүмеңдетіп сүйреумен-ақ жүйкем тозып бітті ғой», – деген сөзінен екі нәрсені аңғаруға болады. Оның біріншісі – Гүлсанның өз баласынан суынып қалғаны, екіншісі – үлкен қалалардағы балабақша мәселесі. Жазушы Айжанның «Тарағым-ай!» деп үздігіп жылауына әжесіне деген сағынышты сыйғызса, тістері түсіп қалған мүйіз тарақты ескінің көзі ретінде алған. Тісі түскен тарақ секілді ұлттық құндылықтарымыздың күн санап жоғалып бара жатуына әжесінің «Үйімнің берекесі, дастарханымның падишасы ғой» деп әспеттеген сары самаурынының отқа балқып кетуі мысал. Өмір бойы оттығын бір үзбей, шайын бұрқылдатып қайнатып отыратын әжесінің сары самаурынын іздеген Айжанның қала тіршілігіне, газбен қайнайтын шәйнектің шайына үйрене алмай жүргені де содан. Оны біреулер кемпірдің тәрбиесі деп ұғуы мүмкін, бірақ жазушы оны арамыздан күн санап азайып бара жатқан кейуаналармен бірге жоғалып бара жатқан ұлттық құндылықтарымыз ретінде суреттеген. Шәйнекті дәрет алатын құмған деп танитын қыздың «сыртқа су жылытып шықпаған адам харам болады», «самауыр – кісі шақырады, кісі – үйге ырыс-несібе шақырады»  дейтін апасының сөздерін әке-шешесіне айтып отыруынан әжесінің тәлімін алған қыздың бойындағы ұлттық тәрбие байқалса, енесінің көзіндей болған самауырды отқа балқытып жіберген Гүлсанның газға қоятын шәйнектің орнына ток самауыр алып келсе де қыздарының бабын таппауы, токты үнемдеймін деп самауырды жалғамауы – қалалық жастардың ұлттық құндылықтардан айырыла бастауының көрінісі. Автор Айжанның апасын, апасының исі сіңген тарағын, сары самауырды іздеп, қыстыға булығып жылауына «алтын мүйізді киік әкелем деп кеткен» апасымен бірге ұлттық құндылықтарымыздың кеткенін сыйғызған. Жазушы: «Иә, ырғақ үшін. Ал, ырғақ дегеніңіз – сұлулық, әуезділік, бәрінен бұрын табиғилық қой», – деген болатын. Ол осы пікірін өз туындыларында көрсете білді. Әуезді ырғақ оның қаламынан сұлу сурет болып төгіліп жатты.

***

Д.Әшімханұлы қаламынан туған публицистикалық шығармаларды да бірнеше топқа бөлуге негіз бар. Осы қатарда қаламгер қаламынан туған әдеби эсселердің алар орны ерекше. «Жүсіпбектің сыншылығы туралы» әдеби зерттеу еңбегі мен «Қара сөздің қайталанбас шебері», «Редактор-генератор», «Жауапты хатшы Жәмішев», «Мекемтас аға», «Профессор. Редактор. Корректор» тәрізді әдеби эсселерінен жекелеген қаламгерлердің шығармашылығы, азаматтық болмысы, өмір сүрген қоғамы, сол дәуірдің шындығы туралы толыққанды мәлімет алуға негіз бар. Қалихан Ысқақов туралы әдеби эссені оқып отырып, жазушының әдебиетке келген алғашқы қадамы мен «Жетпіс апа» әңгімесінің тарихына қанық боламыз. Қалиханның өткір қайшысынан аман қалған әңгіме жазушының кейінгі туындыларына үлгі болғаны анық. Д.Әшімханұлының тұңғыш қарлығашы жөнінде Қ.Ысқақов сол кезде: «Сырты сұлу болғанмен, ішінде бір түйір дәні жоқ нәрсеге мен уақытымды итрәсуа етпеймін. Ал сен шамаң келгенше ешкімге ұқсатпай жазасың. Біреулер айтпағанды айтқың келеді. Бұған қоса тіл білесің. Маған керегі – осы. Ал бұл жазғаныңды мен тек стилистикалық жағынан ғана қарап шықтым, түсіндің бе?», – деген болатын. Шебер қаламгердің стилистикалық сүзгісінен өткен Дидахметтің өзі де кейін ағасы тәрізді стилист болып шыға келгені жазған-сызғандарынан белгілі. Сексенінші жылдардағы «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Ш.Мұртаза туралы жазылған эссенің де қалам ұстаған жас қаламгерлерге берері көп. Газетте жарияланған ұлттың тілі мен рухы, ділі мен діні, тәрбиесі мен мәдениеті, тағдыры мен тарихы туралы өзекті мәселелерді көтерген ұлттық рухтағы мақалалардың кеңестік дәуір тұсында жеткілікті дәрежеде жарияланғандығы бас редактордың ерлігі екендігі нақты мысалдар төңірегінде өрбіген. Д.Әшімханұлының ұлттық мәселелерді ашына көтерген мақалалары немесе ұлтқа қатысты өзекті мәселелерді газетте ешбір кедергісіз жариялайтындығы: «Мен – күшігінен таланбаған ұрпақтың өкілімін. Ұлтқа қатысты мәселеде кейде көзді жұмып жіберетінім бар» деген сөзін еске түсіреді. Оның нақты мысалын «Мекемтас аға» эссесінен көруге болады. ХХ ғасырдың сексенінші жылдарында «Қазақ әдебиетінде» М.Мырзахметовтің «Ел қалай орыстандырылды» (Мұхтар Әуезовтің бір автоцензура тарихынан), «Жер қалай орыстандырылды» (Жер тарихы – ел тарихы), «Сана қалай орыстандырылды» (Әріптер неге өзгерген) тәрізді даулы мақалаларының жариялануына Дидахметтің де тікелей қатысы болғандығына көзіміз жетеді. Бұл Ш.Мұртаза мен оның қызметкері Д.Әшімханұлының өткен ғасырдағы, дәлірек айтқанда кеңестік дәуір тұсындағы көзсіз ерлігі еді. «Жауапты хатшы Жәмішев» эссесінде журналистикада оқитын студент жастардың іс-тәжірибеден (практика) өту үшін газеттерге барып, ысылып шығатындығына қанығамыз. Оны Д.Әшімханұлының «Коммунизм туы» газетіндегі Манап Салықбаев тәрізді «ұстараға» бергісіз ағасының бір жыл бойы иін қандырып, дайын тауарды Алматыға жібергенде, «Қазақ әдебиеті» газетіндегі жауапты хатшы Әбіраш (Жамаладдин) Жәмішев деген қайшыдан қалай аман шыққанынан көруге болады. «Даму мен дағдарыс», «Ажалдың да адамға берері бар» тәрізді эсселерін проблемалы дүниелер қатарына жатқызсақ, «Жердің шеті бір сөгілмесін! Бір сөгілсе – жібек жіптей ыдырай беруі оңай ғой» дейтін журналистің жер тағдыры мен ел тағдыры туралы қазіргі қоғамдағы көкейкесті мәселелерді тарих, этно-гра­фия, салт-дәстүр аясында көтерген  «Әттең сайлау», «Жалғыз бала», «Жерің – жүрегің», «Тәуелсіздікке тәуба», «Киелі өнер иелері» мақалаларын журналистикадағы батыл қадамы деп айтуға болады. Кезінде ол Әбіраш Жәмішев туралы: «Әбекең сияқты газетке жан-тәнімен берілген жанның көркем шығарманы да өндіріп жазуы – ЕРЛІК, тек қана ЕРЛІК! – дер едім», – деген-ді. Осы сөзді Дидахмет Әшімханұлының өзіне де қарата айтуға негіз бар. Алғашқы қадамынан бастап, журналистика мен прозаны қатар алып жүрген қаламгердің қаламынан туған повестер мен әңгімелер қазақ әдебиетінің аяқ алысын байқатумен бірге, жазушының жеке стильдік ерекшелігін танытты.  

Гүлжаһан ОРДА,

филология ғылымдарының докторы