Шетелдік қонақтарға ұсынылған көрікті жерлер
Бұрындары «демалыс деген ауылда» деп тартып отыратын қазақтардың көпшілігі шет елге сапар шегіп, ел көріп, жер тануды көбейтіп келеді. Халықтың шет елге шығатын қаржылық мүмкіндігінің болуы – жақсылықтың нышаны, әрине. Хош, бұл мәселе өз алдына. Айтпағымыз, ішкі және сыртқы туризмнің біртіндеп даму сатысы. Қазақстанға ағылған туристердің санында шек жоқ. ЭКСПО халықаралық көрмесін көруге келген шетелдіктер көрме аумағын ғана емес, Астана және басқа да арнайы белгіленген туристік бағыттар бойынша саяхаттап жүр. Айталық, көрме ашылған алғашқы бес күннің ішінде 10 мыңнан астам турист келген. Соңғы деректерге сүйенсек, Димаш Құдайбергеннің концерті мен ТМД елдерінің үздік командалары қатысатын КВН ойындары өтетін күндері шетелдіктердің үлесі басым болды. Ұйымдастыру алқасының алдын ала болжамы бойынша, келушілердің басым бөлігі жақын мемлекеттерден келеді. «Көрмеге келетін туристердің 70 пайызы жақын шетелдерден болатыны айтпаса да түсінікті. Олар негізінен біздің көршілеріміз. Қытайдан шамамен 150-200 мың қонақ келеді деп ойлаймыз. Өйткені қытайлық туризм агенттіктерін бұл көрме қатты қызықтырып отыр. Тағы 150-200 мың қонақ Еуропа, Солтүстік Америка сияқты аймақтардағы шет мемлекеттерден келеді. Өкінішке қарай, ішкі бөлініс қалай болатынын айта алмаймыз», – деді Астана ЭКСПО -2017» ҰК» АҚ халықаралық қатысушылармен жұмыс департаментінің директоры Илья Оразақов. Болжам бойынша, көрмеге екі миллион адам келеді. Көрме басталған алғашқы айдың өзінде келушілердің саны бір жарым миллионнан асып түсті. Әзірге жаман көрсеткіш емес. Көрме қонақтарының 15 пайызы – шетелдіктер. Келушілердің шетелдіктер екенін байқау қиын емес. ЭКСПО-ны тамашалауға барған бір күннің ішінде қалашық аумағында жол сұрап, касса іздеген шетелдіктерді жиі кездестірдік. Олардың ішінде Германия, Австрия, Ресейден келген туристер саны басым. Осы қонақтар бір күннің ішінде, көп болса екі күннің ішінде көрмені тамашалап бітеді. Бұдан кейін не істейді? Олар үшін Қазақстанның туристік өлкелері бойынша 73 бағыт дайындалған. Астана қаласы, Ақмола, Қарағанды, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Жамбыл, Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе облыстары бойынша табиғи, тарихи, танымдық турлар дайындалды. Қазіргі таңда бұл бағыттар бойынша қанша туристің саяхатқа аттанғаны белгісіз. Мәдениет және спорт министрлігі бұл мәліметті көрме аяқталатын уақытта анықтамақ. Ал туристердің елімізге түсіретін пайдасын «Қазтур» агенттігі есептеп көрген еді. Бір турист Астанада орта есеппен 1 апта болады деп есептесек, әр турист қала қазынасына 400 доллар кіріс түсіруі тиіс. «Әр туристің орташа жұмсайтын ақшасы шамамен 400 доллар. Өткен жылғымен салыстырғанда биыл Қазақстанға келушілер саны 5-6 есе артады», – дейді «Қазтур» агенттігінің директоры Алтай Омаров. Агенттік басшысының айтуынша, Қазақстанда туристер үшін ең тартымды жерлердің қатарында Көлсай көлі, Шарын және тағы басқалары бар. Ал ең басты көрнекті жерлер – Алматы мен Астана қалалары. Омаровтың есебінше, Алматыда әр турист күніне орта есеппен 50-70 доллар жұмсайды. ЭКСПО-ға екі миллион адам келетінін ескерсек, оның 15 пайызы шетелдік болса, осы жазда Қазақстан туризмнен 120 миллион доллар табыс табуы бек мүмкін. ЭКСПО көрмесінің ашылуына мыңдаған қытайлық келсе, қазіргі таңда олардың саны күннен күнге өсіп келеді. Әсіресе, Димаштың концерті қарсаңында ағылған туристер легі бірден Ақтөбені таңдады. Олардың таңдауына орай, Ақтөбе қаласы әкімдігі қытайлық туристер үшін Ақтөбе қаласы күндерін ұйымдастырды. «Ақтөбе туристерге екі бағыт дайындады. Бірінші бағыт – тарихи-танымдық батырлар мекені. Туристік бағыт Қобда ауданының аумағы арқылы өтеді. Өйткені Қобда ауданы – батырлардың ең көп мекендеген жері және ең қолайлы әрі логистикалық жағынан тиімді аймақ. Келген қонақты 400-500 шақырым қашыққа апара алмаймыз, ол өте қиын. Екіншісі, Мәртөк ауданына қарай бағытталған. Бұл «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық дәлізінде орналасқан, табиғаты ерекше мекен. Екі бағытты пысықтап, әзірлеген туристік операторлар әнші Димаш Құдайбергенге арнап тағы бір бағытты әзірледі», – деді облыстық сыртқы байланыс және туризм басқармасының басшысы Ермек Кенжеханұлы. Еліміздің туристік әлеуетінің жоғары екені сан мәрте қайталап айтылса да, ішкі туризмді дамытудың қыр-сырын меңгеру отандық операторларға әлі де ауыр. Қызмет көрсетудің сапасы төмен. Жалпы, туристік агенттік өкілдерінің айтуынша, әлемде демалушылардың туристік орталықты таңдаудағы басты талабы – қызмет көрсету, тек содан кейін ғана тарихи құндылығы, жағажайы мен жолы. Осы кінәратты реттегенде ғана туризм шетелдіктер есебінен емес, отандастарымыздің есебінен дами түспек.