Бибігүл Төлегенова: Опера әншілерінің антологиясын дайындау оңай болмады

Бибігүл Төлегенова: Опера әншілерінің антологиясын дайындау оңай болмады

Бибігүл Төлегенова: Опера әншілерінің антологиясын дайындау оңай болмады
ашық дереккөзі
2017 жылдың 9 шілдесі қазақстандық опера өнері үшін тарихи күн болмақ. Өнерді бағалайтын өресі биік тыңдарман опера саласының жұлдыздарымен кездеседі. Ең бастысы, олар әсем ән тыңдап қана қоймай, опера әншілерінің құнды мұрасы жинақталған антологиямен танысады. Одан соң  ЭКСПО – 2017 көрмесі аясында «Қазақ операсының жұлдыздары» атты коммерциялық емес концерт-жоба өтеді. Осыған байланысты қазақтың бұлбұл әншісі, Социалистік Еңбек Ері Бибігүл Төлегеновамен әңгімелескен едік. Опера әншісі концерттің ұйымдастыру, антологияны дайындау жұмыстары жайлы айтып берді. – «Қазақ операсының жұлдыздары» жобасы алғаш рет өткізілгелі отыр. Қазақстандық классикалық музыка кеші ЭКСПО көрмесі аясында ұйымдастырылды. Мұндай ауқымды шараны өткізу идеясы қашан пайда болды? – Менің Мәриямгүл деген қызым болған. Он жыл бұрын өмірден өтіп кетті. Бұл жоба соның идеясы. Бастапқы материалдарды жинап, арнайы бағдарлама дайындаған еді. Бірақ ештеңеге үлгермеді. Содан былтыр ҚР Мәдениет және спорт министрінің алдына барғанда осы концерт пен антология туралы айттық. Ол кісі бізді бірден қолдап: «Бұл жақсы екен, келесі жылы ЭКСПО-ға жақсы сыйлық болады. Антология мен дискілерді дайындайық. Келген қонақтарға таратамыз», – деді. Барлығын түсіндіріп бердік. Күләш апайдан бастап Ришат Абдуллин, Роза Бағланова, Ермек Серкебаевтар туралы тарихты тағы бір ақтардық. – Антология дайындау оңай шаруа емес. Шаң басқан архивтерді ақтаруға тура келеді... Дайындық жұмыстарының өзі шаршатқан жоқ па? – Бұл бағдарламаны ұйымдастыру осыншалықты қиын болады деп ойлаған жоқпын. Бір жыл бойы мұрағат қорларынан құжаттарды іздедік. Менің, Әлібектің жинақталған біршама материалымыз бар. Беріде жүрген адамдармыз ғой. Ал қалған бес әншінің құжаттарын табу қиынға түсті. Алайда бәрін тауып, жинастырдық. Әрине, уақыт тығыздау болды. Алдымен антологияға кіретін опера әншілерінің туысқандарының рұқсатын алуымыз керек екен. Арасында түсінбей қалғандар болды. Коммерциялық жоба деп қабылдағандар да жоқ емес. – Антология туралы толығырақ түсіндіре кетсеңіз. Ерекшелігі неде? Мақсаты қандай? – Бұл жобаның негізгі мақсаты – тарихты тағы бір түгендеу. Ал ерекшелігі неде деп сұрасаңыз, опера тарихында аты алтын әріптермен жазылған тұлғалар туралы мұрағаттардан алынған құнды деректер, фотосуреттер мен олардың дауысы жазылған видеоматериалдар сандық технологияға көшіріліп, CD, DVD дисктерге жинақталды. Күләш Байсейітова, Роза Бағланова, Ришат Абдуллин, Бибігүл Төлегенова, Ермек Серкебаев, Роза Жаманова, Әлібек Дінішевтің шығармашылық мұраларына арналып жеке-жеке буклеттер дайындалды. Бір ғана антологиялық жинақта жеті бірдей қазақстандық опера өнерінің шеберлері, КСРО Халық артистерінің өмір-дерегі, шығармашылығы қамтылды. Бұл тамаша емес пе?! Жан-жақта шашылып жүрген құнды дүниелер жинақталды. Антология опера әншілерінің әндері жазылған 7 аудиодисктен (әр орындаушыға бір дисктен) және олардың концерттік, өзге де видеолары бар 7 DVD-диск пен буклеттен тұрады. Видео жағы қиындау болды. Күләш апай мен Ришат Абдуллиндер заманында қазіргідей технология болмады ғой. Газет-журналдарды ақтарып, архивтерден таптық. Кинодағы, сахнадағы орындаулары бар, басқасы бар. Қолда барды ұқсатуға тырыстық. – Ұйымдастыру ісіне кімдер атсалысты? – Бұл жоба тікелей Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылуда. «Мирас» қоғамдық ұлттық мәдени қоры» Қоғамдық қоры да атсалысып келеді. Ақпараттық демеушіміз – KAZAKH TV және СТВ телеарналары. Өзім де бар күшімді салып, ойға алған істі жүзеге асыруға тырысып жатырмын. Құдайға шүкір, адамдар мені сыйлайды. Қанша жылғы еңбегімнің пайдасы тиді. Бірақ, әрине, асығыстау болды. Уақыт тым тығыз. – «Қазақ операсының жұлдыздары» концертіне кімдер қатысады? Концерттің басты жаңалығы неде? – Концертте өзім ән айтамын. Тірілерден өзім ғана болатын болдым. Әлібек Дінішев үлгере алмайды екен. Шақыру билеттерін таратып жатырмыз. 2700 орын бар. Халық жиналады деп ойлаймыз. Танымайтындар тану үшін, танитындар тағы бір есту үшін барады. ЭКСПО-дан қонақтар келеді. Күләш апайдың қызы, немересі, Роза Бағланованың балалары келуі керек. Астана филормониясының симфониялық оркестрін жалдадық. Көркемдік жетекшісі – Берік Батырханұлы, дирижері Ерболат Ахмедьяров. Көп адам жоқ. Осы істі абыроймен атқарсақ деп жүрміз. «Мұның не керегі бар?», «Өз басыңызға жұмыс тауып алғаныңыз қалай?» дейтіндер бар. Алайда бұл керек дүние, тарихта қалатын бағалы дүние. Аты аңызға айналған, халық жақсы көретін опера әншілерін қазір еске алмасақ, өткен мен бүгіннің сабақтастығы бұзылады. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген сөз бар. Сондықтан жастарға үлгі болсын, көрсін, білсін, түсінсін дейміз. Олардың өнерге қосқан ұшан-теңіз үлесін бағаласа, мақтан тұтса екен дедік. Бұл коммерциялық жоба емес. Сатылымға шығармаймыз. Таралымы аз. Мыңнан аспайды. Кітапханалар мен мектептерге, білім орталықтарына үлестіріледі. Қазіргі жастар даңғаза эстрададан басқаны білмейді, басқаны тыңдағысы да жоқ. Ал халықтың ішкі сарайын кеңейтіп, ішкі мәдениетін тәрбиелейтін ол осындай кәсіби музыка ғой. Қазір операны жақсы көретін адамдар қатары артып келеді. Абай атындағы опера және балет театрына қашан барсаңыз да іші лық толы. Астана опера театрынан да адам үзілмейді. Соған қарағанда жұрт айғай-шудан шаршаған сияқты. Оларға рухани азық керек. Ал оны классикалық кәсіби музыкадан табуға болады. – Бұл жоба келесі жылы жалғасын таба ма? – Жоқ, осымен тоқтаймыз. Себебі осы жолы біраз дүниені түгендедік. Іздендік, жинастырдық. Мұндай жобаға ақша да аз кетпейді. Оған қоса, екі жылда бір рет өткізетін конкурсымыз бар. ЭКСПО аясында соны биыл тағы ұйымдастыратын болдық. Мәдени жаңалық болсын дедік. Қыркүйек айында өткіземіз. Биыл қазылар мүшесі шетелден келмейді. Отандық мамандарымыздан таңдап аламыз. Жұмыс көп, тіпті ауыруға да уақыт жоқ. Себебі бұл – міндет, парыз. – Әңгімеңізге рақмет!  

Әңгімелескен

Динара Мыңжасарқызы