Жаңалықтар

Шымкенттегі "Бекжан" базары қырғыздардың сауда орталығына айналмақ

ашық дереккөзі

Шымкенттегі "Бекжан" базары қырғыздардың сауда орталығына айналмақ

Шымкенттегі «Бекжан» базарын қырғыздар жалға алды. Ендігі жерде ол «Дордой – Шымкент» базары деп аталмақ. Сауда орталығының маңдайшасына көп ұзамай осындай атау жазылады, деп хабарлайды Замана басылымы.

 Базарда күрделі жөндеу жұмыстары жүр­гізіліп, көп нәрсе жаңартылған. «Бекжан» базарын Қыр­ғызстандағы «Дордой» базарының әкімшілігі жалға алды. "Дордой" ТМД елдері бойынша ең үлкен базар, әлемдегі осындай сауда орталықтарының ал­ғашқы ондығына кіреді. Бір айдай уақыт болды, осы базардың өкілдері Шымкент­ке келіп, біздің жақпен келісімшарт­қа отырды. Мұн­да кө­терме сауда орталығы болады. Базарды олар 10 жылға жалға алды, кейін толықтай сатып алмақ ниетте", - дейді «Дордой – Шымкент» сауда орталығы филиалының бас директоры Клара Нәдірқұлова. Бұл базарда сауда жасауда негізінен артықшылық қырғыз кәсіпкерлеріне бе­ріледі. Өйткені мұнда жет­кізілетін тауардың барлығы дерлік, әсіресе жеңіл өнеркәсіп тауарлары Қырғызстаннан шы­ғарылады. Бағалары арзан. Енді бұл жаққа тауар бұрын­ғыдай екі-үш қолдан өтпей, тікелей жеткізіледі. Қырғыз ағайындар бұл сауда орталығының қазіргі жай-күйін ұнатып отыр. Базар барлық құрылыстық, санитарлық, өрт-қауіпсіздік қағида-ережелерге сай жабдықталған. Қыста жылытылады, жазда салқындатылады. Камералар, мықты күзет жұмыс істейді. Сауда жасаушылар­ға барлық жағдай жасал­ған. "Қазір жалға орын алушыларды айналысатын сау­да түріне қарай сұрыптап, тіркеп жатырмыз. Кейін қолдарына ордер, келісім-шарт береміз, сосын жалға алған «бутигіне» тауарын әкеліп қойып, саудасын жасай бе­реді. Мұнда «Дордой» деп ата­латын автотұрақ жұмыс істей­тін болады. Сатушылар он­лайн-режимде «Дордоймен» байланысып қаже­тіне тапсырыс беруіне мүм­кіндік бар. Яғни екі ортада қатынайтын көліктер олардың тапсы­рысын көп ұзамай-ақ жеткізіп беретін болады. Сондай-ақ бұл сауда орта­лығының Түркістанда да ау­мағы 9 гектарлық бөлім­шесі ашылған. Ол «Алтынбұлақ – Дордой» деп аталады. Қырғыз кәсіп­керлерін ол жақ­қа да орналастыратын боламыз», - базар басшысы. Бүгінде саудада Қыр­ғызстан тауарларына сұраныстың жақсы екенін, оның үстіне Шымкенттің тоғыз жолдың торабында орналасқанын, Өзбекстанның да жақын жатқанын ескерсек, бұл базарда сауда көп ұзамай-ақ құж-құж қайнайтын сияқты.