Димаш қытайлықтарға 14 млн теңге аударды

Димаш қытайлықтарға 14 млн теңге аударды

Димаш қытайлықтарға 14 млн теңге аударды
ашық дереккөзі
Қазақстандық әнші Димаш Құдайберген Қытайдың Хунань провинциясында болған су тасқыны апатынан зардап шеккендерге ақшалай көмек көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Hunan телеарнасының weibo әлеуметтік парақшасында жарияланған ақпаратқа қарағанда, Димаш Mango V қоры арқылы Хунань провинциясындағы су тасқынынан кейін қайта қалпына келтіру жұмыстары үшін көмек ретінде 300 мың юань (14 миллион теңге) қаражат аударған. Қазақстандық әнші Хунань провинциясында өткен «Singer» ән байқауы арқылы әлемге танылғандығын айта келіп, бұл көмекті өзінің азаматтық борышы деп есептейтіндігін жеткізген. Айта кетейік, маусым айының соңынан бастап жауған толассыз жауын салдарынан Қытайдың Хунань провинциясында алапат су тасқыны болып, көптеген адамдар үй-күйсіз қалған еді. Апаттың салдарын жоюға Қытай үкіметі мен елдің танымал адамдары қол ұшын беруде. Еске салсақ, Димаш биылғы жылдың басында Хунань провинциясының орталық қаласы Чанша қаласында «Singer 2017» ән байқауына қатысып екінші орынды жеңіп алды. Қазақстандық әнші Қытайға және әлемнің көптеген елдеріне танымал болды.