Жаңалықтар

Алтын құймалар саудасының аяқ алысы қалай?

ашық дереккөзі

Алтын құймалар саудасының аяқ алысы қалай?

Бір ай ішінде елімізде қанша алтын құймасы сатылды? ҚазАқпарат тілшісінің бұл сауалына ҚР Ұлттық банкінің қаржылық қызмет тұтынушыларының құқығын қорғау және сыртқы байланыстар басқармасының мамандары жауап берді. «Акция басталғалы бері көп уақыт өтпеді. Сондықтан динамика туралы айту әзірге ерте. Бірақ халық тарапынан қызығушылық көп. Мобильді қосымша, телефон арқылы хабарласып сұрап жатыр. Құйма түріндегі алтын қаржы жинақтаудың қарапайым құралы. Оны жинауға, әрі кейін екінші деңгейлі банкке өткізуге болады», - деді ҚР Ұлттық банкінің қаржылық қызмет тұтынушыларының құқығын қорғау және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Александр Тереньтев. Ұлттық банк мамандарының айтуынша, халық арасында 10 және 20 грамдық құймалар жақсы сұранысқа ие болып отыр. «Ұлттық банк екінші деңгейлі банктерге 16500 грам алтын немесе 682 құйма сатты. Бұл құймаларды тұтынушылар банктерден сатып ала алды. Қазіргі уақытта қанша алтын сатылғанын «Халық банкі» АҚ мен «Еуразия банкі» АҚ  хабарласып білуі керек», - деді А.Терентьев. Оның айтуынша, басқа банктер бағдарламаға әлі қатысқан жоқ. Ұлттық банк бұл бағытта жұмыс жасап жатыр. Айта кету керек, ҚР Ұлттық банкі 31 мамырдан бастап халыққа арналған тазартылған алтын құймаларды сату мен сатып алу бағдарламасы іске қосқан болатын. Тұтынушылар Қазақстан теңге сарайы дайындаған салмағы 10, 20, 50 және 100 грамм болатын алтын құймаларды сатып ала алады.