Ақтауда газ бағасы қымбаттады
Ақтауда газ бағасы қымбаттады
Ақтаудағы жанармай құю бекеттерінде сұйытылған газ 35 теңгеден 40 теңгеге өсті. Бұл өзгеріске Энергетика министрлігінің сұйық отынның көтерме құнын 23 пайызға көтеруі себеп. Күні кеше республикада бір тонна газ қосымша құн салығын есептемегенде 28 мың теңге болатын. Енді 34 мың 317 теңгеге көтерілді деп хабарлайды Хабар24.
Жалпы алғанда, Маңғыстау облысы министрлік бекіткен лимитке сәйкес айына 13 мың 900 тонна газ тұтынады. Яғни, Жаңаөзен газ өңдеу зауытының бір айда шығаратын өнімі толықтай ішкі нарыққа жұмсалады. 112 мыңға жуық көлігі газбен жүретін өңір көлік отынына сұранысы жағынан республикада бірінші орында келеді. Осыған сай, еліміздің өзге аймақтарымен салыстырғанда газ бағасы Маңғыстауда біршама арзан.
Бақыт Бекмұратов, өңірлік монополияға қарсы департамент басшысының орынбасары:
– Жеке кәсіпкердің өзіндік шығындары бар. Сондықтан барлығына бірдей бағада сатыңыздар деп айтуға әлі ерте. Мәселен, Қазақ газ өңдеу зауытынан газды көтерме саудамен 21 теңгеден сатып алған кәсіпкер үшін көгілдір отынды Жаңаөзенде сатудың тиімділігі қандай?! Зауыт сол қалада орналасқан. Осы себепті Жаңаөзенде газ бағасының құны 30-35 теңгеден аспауы қажет.