Жаңалықтар

Алтын құймалар сатылымы Қырғызстан экономикасын артырмақ

ашық дереккөзі

Алтын құймалар сатылымы Қырғызстан экономикасын артырмақ

Қырғызстанда алтын құймалары ашық сатылымға шықты. Бағалы металдың ең жеңілі 1 грамм болса, ең ауырының салмағы 100 грамға тең. Алғашқы алтын эмиссиясының жалпы салмағы 45 келі. Бағалы металл вакуумды қорапшада сақтаулы. Оған қоса арнайы сертификат беріледі. Сондай-ақ, олар Қырғызстанның ең жоғары 999 сынамалы алтынынан жасалған құймаларды сатып алуға шақырады. Әзірге құнды құймаларды сатумен Ұлттық банк айналысуда.

Алайда, алдағы уақытта бұл саудаға коммерциялық құрылымдар да араласуы ықтимал. Экономикалық тұрақсыздық кезеңінде инвесторлар алтын бағамын негізге алып, өз қаражатын құнды металдар нарығына салғанды жөн санайды дейді ел билігі. Сондай-ақ, Қырғызстанның Ұлттық банк басшылығы инвестициялық жаңа құралды енгізу арқылы ішкі қаржы нарығының тұрақтылығына шетелдік валютаның әсері төмендейді деген сенімде.  Қырғызстан Ұлттық банкінің төрағасы Толкунбек Абдыгулов: «Біздің экономикада сауда-саттық көбіне доллар арқылы жүзеге асады.

Сондықтан, алтын құймаларын сату, ол  инвестициялық құрал ретінде экономиканы әртараптандыруға көмектеседі деген сенімдеміз. Сондай-ақ, ол біздің азаматтарға алтын нарығына ақша салуға мүмкіндік береді»,- дейді. Айта кету керек, Ұлттық банк құймаларды сатып қана қоймай, өз бағамына сәйкес сатып алумен де айналысып жатыр.