Серік Тәңірбергенов: Мемлекет 10 млн-нан астам адамға жарна төлейді

Серік Тәңірбергенов: Мемлекет 10 млн-нан астам адамға жарна төлейді

Серік Тәңірбергенов:  Мемлекет 10 млн-нан астам  адамға жарна төлейді
ашық дереккөзі
Денсаулық сақтау саласындағы кезекті өзгеріс – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің жүзеге асырылуына аз ғана уақыт қалды.  Біраз уақыттан бері қоғам талқысына түскен медициналық сақтандыру жүйесін көпшілік әлі түсініп те үлгермеді. Сондықтан, денсаулық сақтау жүйесіндегі жаңа жүйе жөнінде «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ департамент директоры Серік Тәңірбергеновпен сұхбатымыз оқырмандар қауымын бейжай қалдырмайды деп сенеміз. – Елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілгелі жатыр. Бұл жүйе қарапайым халыққа қаншалықты тиімді? Қай жағынан ұтымды? Кемшін тұстары қандай? – Қазір әсіресе, мемлекеттік емдеу мекемелерінің жұмысына, олар көрсететін қызмет сапасына көпшіліктің көңілі толмайтыны рас. Жұртшылық тарапынан кезек, талон мәселесі, тіпті, кейбір қызметтердің ақылы жүргізілуі сынға ұшырап жатады. Оның басты себептерінің бірі – маман тапшылығы. Біріншіден, жас мамандар тәжірибе жинақтағаннан кейін жеке меншік салаға кетіп қалады. Себебі оларға жоғары жалақы төлеуге, тиісінше, әлеуметтік жағдай жасауға бюджеттің мүмкіндігі шектеулі. Медициналық қызмет құны, дәрі-дәрмек бағасы жыл сайын шарықтап бара жатқаны да жасырын емес. Оның үстіне, халықтың қартаю процесі де үлкен түйткілге айналып отыр. Мұның бәрі мемлекеттен денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаржыны еселей түсуді талап етеді. Бюджеттен жыл сайын тиісті қаражатын алып отырған емдеу ұйымдарының сапаны арттыруға мүмкіндігі ғана емес, құлқы да төмен. Сондықтан бірінші шілдеден бастап іске қосылатын міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі денсаулық сақтау саласына жаңа леп, жақсы өзгерістер әкеледі деп ойлаймын. Мемлекет, жұмыс беруші мен азаматтардың ортақ жауапкершілігіне негізделген бұл жүйе азаматтардың бәріне теңдей мүмкіндіктер береді. Яғни, азаматтар сақтандыру жарнасын шама-шарқынша төлеп, медициналық көмекті қажетінше алады. Аты айтып тұрғандай, әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қарапайым халық үшін тиімді тұсы осы. Жалпы, сақтандыруды денсаулық сақтау саласын қаржыландыру көзі деуге болады. Жүйе енгізілгеннен кейін салаға бөлінетін жалпы қаржы көлемі артады. Ал азаматтардың медициналық қызметтер үшін қалтасынан төлейтін шығындары азаяды. Дүниежүзілік банк зерттеулеріне сүйенсек, біздің елде ақылы клиникаларда емделетін азаматтардың саны басым. Жалпы денсаулық сақтау саласына жұмсалатын шығынның 35 пайызы, яғни, үштен бірі тұрғындардың еншісіне тиеді екен. Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің тағы бір ұтымды тұсы – медициналық қызмет сапасын арттыруға, медицина субъектілерінің арасында бәсекелестікті қамтамасыз етуге, салаға жаңа технологиялар енгізуге мүмкіндік беретіндігінде. Әлбетте, мұның бәрі бірден бола қоймайды. Бюджеттік қаржыландыру салдарынан бір жағы ақсап жататын медицинаның «көшін түзеуге» бірнеше жыл қажет. Адамдардың реформа атаулыға, әсіресе, әлеуметтік реформаларға шошына қарайтыны заңдылық. Бірақ уақыт өте келе жұртшылық жаңа жүйенің жақсы жақтарын көре білуді үйреніп қана қоймай, іс жүзінде сезіне бастайды деп сенеміз. – Міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне қандай қызмет түрлері кіреді? – Қазіргі таңда бізде Кепілдендірілген тегін медициналық көмек (КТМКК) пакеті қолданылып жүр. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылғаннан кейін де осы пакет шеңберінде еліміздің барлық азаматтарына жедел жәрдем, санитарлық авиация, екпе егу, әлеуметтік маңызы бар және қоршаған ортаға қауіп төндіретін сырқаттар мен шұғыл көмек көрсетіледі. Ал 2018 жылдан бастап медицина саласында тағы бір пакет – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті (МӘМС) пайда болады. Ол сақтандырылған азаматтардың бәріне ортақ бірыңғай пакет. Бұл пакетті сақтандырылған азаматтардың бәрі пайдалана алады. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті шеңберінде азаматтарға емханалық-амбулаторлық көмек (дәрігердің қабылдауы және кеңес беру, профилактика, диагностика, емдеу), стационарды алмастыратын көмек, стационарлық көмек (емдеу және оңалту, паллиативті көмек және медбике күтімі), жоғары технологиялық қызмет түрлері (қымбат операциялар) көрсетіліп, дәрі-дәрмектің кейбір түрлерімен қамтамасыз етіледі. Тағы бір айта кетерлігі, міндетті сақтандыру пакеті шеңберінде көрсетілетін қызметтер мен дәрі-дәрмек тізімі кейінірек кеңейтіліп, үкіметтің тиісті қаулысы арқылы бекітіледі. – Медициналық сақтандыру жүйесі арқылы тегін берілетін дәрі-дәрмек мәселесі де шешімін табады дейді. Жаңа жүйе дәрі-дәрмек мәселесін қаншалықты реттей алады? – Қазір кепілдендірілген тегін медициналық көмек шеңберінде берілетін 200-ден астам дәрінің дәріханаға түсуі, оның науқастардың қолына жетуі күнде дау тудырып жататын түйткілге айналғаны рас. Бұл жерде таяқтың бір ұшы тендерге келіп тіреледі. Яғни, алдымен тендер жарияланады, оны ұтқан компания анықталғанша, дәрі аймақтарға, шалғай аудандарға жеткенше де біраз уақыт өтеді. Медициналық сақтандыру қоры келешекте осы мәселені шешіп беруі тиіс. Жоспар бойынша, қор мен дәріханалар арасында ешбір делдалсыз, тікелей келісімшарттар жасалады. Нәтижесінде азаматтар дәрі-дәрмектің кейбір түрлерімен қамтамасыз етіледі және дәрігердің рецепті бойынша дәріні кез-келген серіктес дәріханадан барып ала алады. Қазіргі таңда дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бірнеше тәсіл арқылы жүзеге асырылады. – Медициналық сақтандыру жүйесі азаматтардың емхана таңдауына мүмкіндік береді. Бұл медициналық қызмет көрсету сапасын арттыруға көмектесе ала ма? – Емхана таңдау тетігі қазір де бар. Осы механизм МӘМС жүйесінде жалғасын тауып, жетілдірілетін болады. Яғни, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде әр азаматқа емхана мен аурухана таңдау мүмкіндігі шектелмей, азаматтардың мұқтаждығына сәйкес жетілдірілмек. Бірақ емхананы еркін таңдау мүмкіндігі азаматтарға жылына бір рет қана беріледі. Бір мезетте бірнеше емханаға тіркелуге болмайды. Былайша айтқанда, аумақтық принцип сақталуы тиіс. Сондықтан әркім өзіне ыңғайлы, барып-келуге қолайлы емдеу мекемесін таңдағаны жөн. Ол сіздің тұрғылықты жеріңізге, жұмысыңызға немесе оқу орнына жақын орналасқан емхана болуы әбден мүмкін. Стационарлық ем қабылдау үшін аурухана таңдаудың өз ерекшеліктері бар. Стационарда жоспарлы түрде ем қабылдау үшін Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен келісімшарт бекіткен аурухананы ғана таңдай аласыз. Мұндай ауруханалардың тізімі Денсаулық сақтау басқармаларының, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының веб-сайттарында, баспасөз құралдарында жарияланады. Әлбетте, МӘМС жүйесінің дамуына қарай медициналық қызмет сапасы көтеріледі. Себебі міндетті сақтандыру жүйесіне тек мемлекеттік қана емес, жеке меншік клиникалар да қатысып, жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болмақ. Клиент үшін барын салатын жеке клиникаларды былай қойғанда, бюджетке қарап ауыз ашып үйренген мемлекеттік емханалар да сапа үшін қызмет ететін болады. Өйткені ақша пациенттің соңынан келеді. Мұндай жағдайда пациент клиентке айналады. Емдеу мекемелерінің клиентті көбейту үшін сапалы қызмет көрсетуге, білікті мамандарды жұмысқа тартуға тырысып бағары даусыз. – Маман ретінде оқырмандар қауымына медициналық сақтандыру қорына аударылатын жарна туралы толық түсіндіріп өтіңізші... – Міндетті сақтандыру жүйесі 2018 жылдың бірінші қаңтарынан бастап толыққанды іске қосылады. Ал жарна төлеу биылғы шілде айынан басталады. 1 шілдеден бастап жарнаны жұмыс берушілер (2017 жылы – жұмыскердің табысының 1%, 2018 жылы – 1,5%, 2020 – 2%, 2022 жылы – 3%), жеке кәсіпкерлер (ай сайын 2 төменгі айлық жалақының 5% немесе 2828 теңге) төлейді. 2018 жылы 1 қаңтардан бастап жүйеге мемлекет (әлеуметтік жағынан аз қамтылған 14 санат үшін) пен өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар (төменгі айлық жалақының 1% немесе ай сайын 1414 теңге) қосылады. Жұмыскерлер сақтандыру жарнасын 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап төлейді. Жұмыс беруші 2019 жылы қарамағындағы жұмыскер табысының 1 пайызын, 2020 жылдан бастап 2 пайызын ұстап, ай сайын қорға аударып отырады. Бұл реформаға қарсы шығып жүргендер «мемлекет денсаулық сақтау саласын қаржыландырудан қашып отыр» дегенді көп айтады. Алайда бұл жаңсақ пікір. Себебі мемлекет 10,1 миллионнан астам адам үшін сақтандыру жарнасын төлейді. Олардың қатарында зейнеткерлер, жұмыссыз ретінде тіркелгендер, көп балалы аналар, 18 жасқа дейінгі балалар, мүгедектер мен соғыс ардагерлері, студенттер т.б. бар. Мысалы, 2016 жылы кепілдендірілген тегін медициналық көмекке 900 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінген болатын. Бұл соманы әр тұрғынға шаққанда 51 мың теңгеден келеді. Ал 2018 жылы міндетті сақтандыру мен кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакеттеріне шамамен бір триллион теңге бөлінеді. Яғни, әр тұрғынға 55 мың теңгеге жуық қаржы жұмсалады. – Бұрын қолданыста болған медициналық сақтандыру жүйесін екінші рет енгізу не үшін қажет болды? Бұрынғы қателіктер қайталанбас үшін қандай жоспарлар құрылды? – 1996-1998 жылдардағы әлеуметтік-экономикалық жағдайды қазіргімен салыстыруға болмайды. Ол кезде денсаулық сақтау саласында тиісті инфрақұрылымдар болған жоқ әрі экономикалық дағдарыс та шегіне жетіп тұрған болатын. «Екі қолға бір күрек таппай» нәпақа іздеген халық жарна төлей алмады. Жалақы, тіпті зейнетақының өзін айлап, жарты жылдап күтетін кездер де жадымыздан өшкен жоқ. Ал түскен қаржының біраз бөлігі денсаулық сақтау саласының мұқтаждықтарына жұмсалды. Түсім мен шығын арасында пайда болған айырма салдарынан қор төлем қабілетінен айырылды. Дей тұрсақ та, әр нәрсенің жақсы да, жаман да жағы болатынын мойындау керек. Сол жылдары медицина саласына нарықтық экономиканың негізгі принциптері енгізіліп, сала едәуір дамыды. Ал қазір экономикалық жағдай біршама тұрақтанды. Заманауи қондырғылармен жабдықталған жеке меншік клиникалардың тұтас бір желісі бар бізде. Мемлекеттік емдеу мекемелері де жаңа заман техникасынан құр алақан емес. Бір кезде шет елдерде ғана жасалатын жүрек, бүйрек, буын алмастыру сынды күрделі операцияларды қазір өз дәрігерлеріміз де жасап жатыр. Ендеше, медицина саласы да, мемлекет те міндетті сақтандыруды енгізуге дайын деп айтуға әбден болады. Бұл мәселенің қаржылық жағы да әбден екшеп, ескерілген. Жарна «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы Ұлттық банктегі есепшотқа түседі. Ешкімге қолма-қол ақша берілмейді. Емханалар мен клиникалар көрсеткен медициналық қызмет ақысы сол шот арқылы тікелей төленеді. Онда да нақты көрсетілген қызмет бойынша берілген құжаттар, атқару актілері талап етіледі. Сондықтан ақшаның басқа мақсаттарға жұмсалуы мүмкін емес. – Ал медициналық қызметке жүгінбеген азаматтардың қорға жинақталған қаржысын қайтарып алуға мүмкіндігі бар ма? – Соңғы кезде көпшілік тарапынан дәл осы сұрақты жиі естиміз. Жалпы, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде азаматтарға көрсетілген медициналық көмек ақысы жинақталған қаржы есебінен ғана өтеледі деу қате. Егер көмек әр адамның жинаған ақшасы шеңберінде ғана көрсетілетін болса, оның қорға төлеген жарнасы пайдаланған медициналық қызмет ақысын өтеуге жетпес еді. Мысалы, жұмыс берушінің өз қарамағындағы жұмыскер үшін төлейтін жарнасын алып қарайық. Қазіргі болжамдар бойынша, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап, әрбір қызметкер жалақысының 1,5 пайызын қорға аударады. Мамандардың есептеуінше, 2018 жылы орташа жалақы 152 106 теңгені құрамақ. Жұмыс беруші келер жылдың басынан бастап, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына осы соманың 1,5 пайызын, яғни, айына 2 282 теңге немесе жылына 27 384 теңге аударады. Мысалы, пневмония (өкпе қабынуы) сынды кең таралған сырқатты емдеуге орта есеппен – 90 240 теңге, соқыр ішекті алып тастау құны шамамен – 67 525 теңге, босану құны 52 814 теңгені құрайды. Көріп отырғаныңыздай, медициналық көмек ақысы әркімнің өзіне жинаған ақшасы шеңберінде көрсетілетін болса, ол жоғары технологиялы қондырғылардың көмегімен жасалатын операцияларды айтпағанда, тіпті, қарапайым ауруларды емдеуге де жетпейді. Яғни, қорға жинақталған қаражат көпшіліктің игілігіне, денсаулық сақтау саласына жұмсалады. Себебі біреу дәрігерге жылдап қаралмауы мүмкін. Енді біреуге бағасы қымбат ем-дом немесе ота жасау қажет. Міне, сақтандыру қаржысы осындайда пайдаға асады. Бұл мемлекет, жұмыс беруші мен азаматтардың ортақ жауапкершілігі принципінің шын мәнінде жүзеге асқаны. – Әңгімеңізге рахмет!  

Сұхбаттасқан Әсел ӘНУАРБЕК