«Биткоин» дегенді білесіз бе?
Виртуалды ақшаның бірнеше түрі бар. Соның бірі – биткоин. Дүниежүзі мемлекеттерінде мемлекеттік орталық банктердің ғана ақша шығаруға құқығы бар. 2009 жылы Сатоси Накамото «bitcoin» деп аталатын жасанды валюта жасады. Биткоин – адамдар арасындағы еш бақылаусыз еркін айналымда (эмиссия) жүретін виртуалдық ақша. Биткоин – нағыз ақша емес, ақша орнына пайдаланылатын эрзац, яғни жасанды ақша. Биткоин валютаға немесе алтын, құнды қағаз сияқты басқа активтерге тәуелді емес. Қазір биткоинға тауар сатып алуға немесе қызмет ақысын төлеуге болады. Кейбір елдерде оларды арнайы сауда алаңдары немесе айырбас орындары арқылы кәдімгі ақшаға айырбастауға болады. Қазір айналымда миллиондаған биткоин бар. 2010 жылдың ақпанында биткоинның бастапқы курсы 0,01 доллар болды. Ал 2013 жылдың қарашасында оның курсы рекордтық деңгейге – 1 мың 124 доллар 76 центке жетті. Бірақ бұл курс қадағалауға көнбейтін тұрақсыз виртуалдық нарықтың бағамы екенін ескерген жөн. Биыл Венада әлемдегі ең алғашқы биткоин банк ашылды. Rb.ru басылымның жазуынша, банк клиенттері қолма-қол ақшаларын (тек еуро) биткоиндерге алмастырып, цифрлық валюта туралы ақпарат ала алады. Алғашқы биткоин-банкті жергілікті BitTrust блокчейн-стартапы жасап шыққан. BitTrust-тың басқарушы директоры Магдалена Исбраднт цифрлық валюта туралы «бұл валюта арқылы келіссөз жылдам әрі делдалсыз болады» деп түсіндірді. Биткоиндерді алу үшін қолданушы криптовалюта жинақталатын виртуалды пошта секілді 27-34 символдан тұратын арнаулы мекен-жайы болу керек. Басылымның хабарлауынша, биткоин банкомат Венада осыдан 3 жыл бұрын ашылған. Ал қазір елде жиырмадан астам ұйым төлемді виртуалды валютада қабылдайды. Криптовалюта немесе виртуалды ақша дегеніміз не? Біздің қоғамға не пайдасы бар? Дүниежүзі елдерінің виртуалды ақшаға неліктен құмар болып отырғанын қаржыгерден сұрап білген едік. Расул Рысмамбетов, қаржыгер, Financial Freedom қоғамдық қорының директоры: – Криптовалюта – блокчейн технологиясы арқылы қорғалатын электронды валюта, яғни осы валютамен жасалған келіссөздер жазбаларының миллиондаған сервер мен қожайынның жеке кодтары арқылы сақталады. Криптовалюта мемлекеттердің әр түрлі валюталарына тәуелді емес, оның шегі жоқ, универсалды валюта деп айтуға болады. Соңғы кездері нарықта криптовалютаның бірнеше түрі қолданысқа енгізілуде. Соның бірі – биткоин. Мысалы, әлемде доллардың санын АҚШ белгілесе, биткоиндардың көлемі небәрі 21 милллион дана. Соңғы уақытта биткоинға сұраныстың артуына байланысты оның бағасы да он есе өсті. Меніңше, қазіргі сұраныс қолдан жасалған сияқты, өйткені биткоинмен есеп айырысу әлі де танымал емес. Қазір биткоин бар болғаны қаржы инструменті ғана, сондықтан оның құны артады деген үмітпен әлем жұртшылығы биткоин сатып алуда. Биткоинға сұраныс криптовалютаның басқа да түрлеріне сұранысты арттыруы мүмкін. Алайда бұл бос әурешілік. Криптовалютаның қай түрінің болса да құны төмендеуі де мүмкін. Сонымен қатар әлемдік резервті валютаның эмитент мемлекеттері биткоин қолданысына бірауыздан қарсы шығуына болады. Біраз уақыт бұрын виртуалды ақша компьютер ойындарындағы бір элемент қана болатын. Енді, міне, әлем мемлекеттері еркін айналымдағы ортақ валютаны қолдап отыр. Негізі, виртуалды әлемге біртіндеп көшу барлық салада жүргізіліп келеді. Виртуалды өтініш беру, хат жіберу, жауап алу, құжаттарды рәсімдеу компьютердің жадына көшірілуде. Бұл жаһанданудың тиімді жағы ма, әлде тиімсізі ме, бұл – келешектің еншісінде.