Жаңалықтар

Өзімізде жұмыс күші жетпей ме?

ашық дереккөзі

Өзімізде жұмыс күші жетпей ме?

Газетіміздің өткен санында «Шетел асқан шырайлымдар немен айналысады?» (24.06.2017, №21) атты шағын зерттеу мақала жарияланған-ды. Онда жұмыс іздеп, шетел асқан қаракөздер туралы жазған едік. Газеттің осы санында елімізге шетелден келетін жұмыс күшінің үлес салмағы туралы тарқатпақпыз. Жыл басынан бергі бес айдың ішінде шетелдіктердің жұмыс істеуіне 10 мыңнан астам рұқсат берілген екен. Бұдан былай шетелден жұмыс күшін тартқан кәсіпорындар арнайы салық төлейтін болады. Шын мәнінде, жұмыс істеуге берілетін рұқсаттың басым көпшілігі құрылыс саласына келетін алашапанды ағайындардың үлесінде. Тоқсан күнде бір жаңартылып отыратын рұқсатты қайталап алуға байланысты.  3 мыңнан астам адам 5 айдың ішінде 10 мыңнан астам рұқсат алып отыр. Оның ішінде кәсіби біліктілігі жоғары мамандар да бар. Еліміздің сырттан маман шақыруының өзіндік себептері көп. Биылдан бастап Қазақстанға шет елдерден жоғары білікті мамандарды жұмысқа шақыру жеңілдетілді. ҚР Бас мемлекеттік еңбек инспекторы Ақмади Сарбасов мәлімдегендей, ҚР Көші-қон саясаты ішкі еңбек нарығын қорғау мен оны отандық мамандар үшін сақтауға, сонымен қатар жоғары білікті шетелдік жұмыс күшін тартуға негізделіп отыр. Шетелден маман шақыру мәселесін жуырда Астанада өткен Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тағы да нақтылай түсті. «Тарихи Отаныма еңбек сіңіремін деген әр талантты қазақты елге жеке шақырамын. Кез келген мемлекет кәсіби жаңашыл мамандарға мұқтаж. Ғалым болып, зертханаларда жұмыс істеп жүрген азаматтарымыз бар. Меніңше, олардың елге келетін ынтасы бар», – деді Мемлекет басшысы. ҚР Президенті сол азаматтарды елге шақырып, еңбек етуге жағдай жасау қажеттігін баса айтты. «Үкімет осындай азаматтарды елге тартып, мамандығына, мүмкіндігіне қарай жағдай жасаудың тетіктерін қарастырсын. Бірақ кейде шақырамыз, келеді. Анда жүреді, мында жүреді, ешқайда қабылданбай қайтып кетеді. Ел басқарып отырған азаматтарға, министрлерге осыны тапсырамын», – деді Елбасы. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің мәліметінше, елге кірудің басты шарты – шетелдік маманның білімі мен біліктілік деңгейінің жоғарылығы. Сонымен қатар 2017 жылғы қаңтардан бастап шетелдік жұмыс күшін тарту үшін жұмыс берушілерге рұқсат беру шаралары қайта қарастырылады. «Енді квота жұмыс берушілердің сұранысын, аймақтардағы жұмыс күшіне деген сұранысты, жұмыссыз азаматтар санын, өткен жылғы шетелдік жұмыс күшін пайдалану тиімділігін бағалау мен еңбек ресурстары есебінен жұмыс күші сұранысын қанағаттандыруды ескере отырып, экономикалық қызмет түрлеріне қарай берілетін болады. Шетелдік жұмыс күшін тарту квотасы еңбек миграциясы мен еңбек ететін мигранттарды әлеуметтік қорғау жөніндегі ынтымақтастық туралы ҚР ратификациялаған халықаралық келісімшарттар болған жағдайда беріледі. Жеке тұлғаларға қызмет ету мақсатында еңбек мигранттарын тарту квотасын (үй шаруашылығында қызмет көрсету, еңбек ету) ҚР ІІМ келер жылғы сұраныс болжамына сай жасайтын болады», – деп түсіндірді Ақмади Сарбасов. Сонымен бірге, келесі жылдан бастап шетелдік жұмыс күшін тартуға келісім алу үшін жұмыс берушілер салық төлейтін болады. Шетелдік жұмыс күшіне құмартып отырғандар тіпті арнайы салық төлеуге де даяр. Оның көлемі сырттан келетін жұмыскерлердің санаты мен жұмыс істейтін саласына қарай сараланбақ. Ішкі корпоративтік ауысулар рәсімдерін жеңілдету ісі Дүниежүзілік сауда ұйымының шарттарына сәйкес жүзеге асырылады. Жалпы алғанда көші-қон саясатын жетілдірудің жоғарыда ұсынылған шаралары еліміздің тұрақты әлеуметтік-экономикалық өсіміне ықпал етеді. Елімізде жұмыс берушілерге шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат беру, ұзарту, сондай-ақ ұжымішілік ауыстыруды жүзеге асыру қағидалары мен шарттары заңмен бекітілген. Кез келген жұмыс беруші шетелден маман шақыруына болады. Еңбек және әлеуметтік даму министрлігі хабарлағандай,  ҚР Үкіметі, ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында, 2016 жылы елге шетелдік мамандарды шақыруға экономикалық белсенді халықтың 0,7 пайызы көлемінде квота белгілеген. Бұл өз кезегінде 63 мың бірлікті құрап отыр. «ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың айтуынша, 2017 жылдың 5 айында жергілікті атқару органдар тарапы Қазақстан Республикасына шетелдік жұмыс күшін тарту үшін 3 мың 813 жұмыс берушіге 10 мың 658 рұқсат құжатын беріп, жарамдылық мерзімін ұзартты. Олар өз кезегінде 3,2 миллиард теңге көлемінде салық төледі. 2017 жылдың басында ел бойынша шетелдік жұмыс күшін тартуға 29,3 мың рұқсат беру күшінде болса, оның 23,1 мыңын 1-3 санаттардағы жұмысшылар құраса, 545 адам корпоративтік ауысу аясында жұмылдырылды», – делінген хабарламада. Ал ағымдағы жылдың мамыр айындағы жағдай бойынша, 28,5 мың рұқсат берілген, оның 77 пайызы 1-3 санаттардағы мамандарға табысталды. Шетелдік жұмыс күшін тартқан 3 мың 768 кәсіпорында 470,4 мың қазақстандық азамат істеп, бұл жұмысшылардың жалпы санының 94 пайызын құрайды екен. Осы орайда, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру мақсатында, заңда АҚШ, Канада, Австралия елдеріндегідей шетелден жоғары білікті мамандарды тартуға қолайлы жағдай жасау қарастырылған. Мысалға, 2017 жылдың 1 қаңтарынан шетелдік жұмыс күшін тарту, өзіндік жұмысқа тұру және ішкі корпоративтік ауысу тәртібі өзгерді. Жаңа жеңілдетілген шетелдік жұмыс күшін тарту тәртібінде жұмыс рұқсаттарын беру мерзімі қысқартылып, әкімшілік талаптар алынып тасталды. Ескі қағидаттардың орнына жұмыс беруші салық алымдарын төлеуі тиіс. Осыдан бірнеше жыл бұрын Чехия шетелден жұмыс күшін тартуды қолға алды. Атап айтқанда, Чехияның еңбек және әлеуметтік істер министрі өз еліне шетелдік жұмыс күштерін тартуға бағытталған «Шетелдік кәсіби мамандарды іріктеу» атты пилоттық жобаны жүзеге асыра бастады. Еуропаның басқа мемлекеттері сияқты Чехияда да тұрғылықты халқының қартаюы, ал жастардың аз болуы, жұмыс күшінің тапшылығын тудырып отыр. Сондықтан жұмысшы қатарын көбейту елдің даму стратегиясының бір бағытына айналды. Айталық, арнаулы орта және кәсіби білім игерген 35 жасқа дейінгі жастарды отбасы мүшелерімен бірге Чехияның кәсіпорындарындағы жұмыс күші жеткіліксіздігін толтыруға тарту. Сөйтіп Чехия қоғамына интеграциялануға жағдай жасалды. Чехияның Еңбек министрлігінің мәліметіне сүйенсек, 2030 жылдары елдің еңбек нарығында жұмыс күшінің тапшылығы 420 мың адамды құрайды деп болжануда. Сондықтан бұл жоспарды жүзеге асыра бастағанда Қазақстан, Болгария және Словения жастарын жұмысқа шақырған болатын.