«Болашақ»: талапкерлерге талап күшейтілді
«Болашақ»: талапкерлерге талап күшейтілді
Кезекті оқу жылы тәмам. Сынақтар да аяқталды. Мектеп түлектері жоғарғы оқу орнына түсудің, ЖОО түлектері білімін әрі қарай шыңдау үшін магистратура, докторантураға түсудің қамына кірісті. Олардың арасында шетелде білім алуға ынталылар көп. Статистикалық деректерге сүйенсек, елдегі 29 жасқа дейінгі жастардың 45 пайызы шетелге құмар көрінеді: оқы десеңіз оқуға, жұмыс істе десеңіз, оған да құлшынып тұр. Талапшыл, ізденімпаз жастардың шекара асуға құмартуының тағы бір себебі – «Болашақ» бағдарламасы. Білім қуғандардың қалауын дөп басқан бұл бағдарламаның төңірегінде шу көп соңғы уақытта: қашып кеткен, ел қазынасын шашып кеткен және де әдептен асып кеткендердің төңірегінде дау толастар емес.
Даудың басы – «Болашақ» президенттік білім беру бағдарламасын басқаратын «Халықаралық бағдарламалар орталығы» қызметкерлері жазған арыз. Жуырда Мемлекеттік мекеменің қызметкерлері Президент Әкімшілігіне, Бас прокуратураға, білім және ғылым министрлігіне арыз жазып, оны ақпарат құралдарында жариялаған болатын. Қызметкерлердің сөзіне сүйенсек, президенттік бағдарламаға қауіп төніп тұр. Олар бұған Орталықтың топ-менеджментін, оның ішінде басшы Жанболат Мелдешов пен оның үш орынбасарын айыптады. Арыз авторларының айтуынша, орталық басшысы «өз адамдарына орын босату үшін қажетсіз қызметкерлерді жұмыстан шығуға мәжбүрлеген». Сондай-ақ, 25 адамның қолы қойылған арызда Орталық басшылығы тарапынан жасалып отырған бірқатар құқықбұзушылықтар жіпке тізілген. Арызбен қоса ақпараттық сайттарда «Халықаралық бағдарламалар орталығында» өткен жиналыста басшылардың бірі «Болашақ» стипендиясы иегерлеріне тіл тигізгендігі түсірілген видео жарияланды. Арызданушылар видеода болашақтықтарды «қойға» теңеген адам орталық президенті Жанболат Мелдешовтің өзі екенін айтты.
Өз атына үйіп-төгілген айыптаулар үнсіз қалдырсын ба, Жанболат Мелдешов те ақпарат құралдары арқылы дау тудырған мәселе туралы өз нұсқасын айтты. Мелдешовтің айтуынша, бірқатар мемлекеттер мен ондағы университет үшін білім беру бизнеске айналып отыр және олар ақша үшін кімді болсын оқуға қабылдауға дайын. Университеттер шәкірттерді ақша үшін қабылдайды, екі-үш айдан кейін шығарып жіберетінін айтқан орталық басшысы «жиын кезінде «қой» деп «Болашақтың» стипендиаттарын емес, ақшаға құныққан шетелдік университеттерді айттым» деп ақталды.
Көп ұзамай арызданушылар өз мақсаттарына жету үшін, яғни Мелдешовті қызметінен аластату үшін арызға жалған қолдарды қойып жібергені белгілі болды. Тіпті, хатқа шетелде тұратын, Қазақстанға келмегеніне біраз жылдың жүзі болған азаматтардың да қолы қойылған. «Бұл хат мен үшін мүлдем күтпеген жәйт болды. Біріншіден, мен қазір орталықта қызмет етіп жүрмін. Екіншіден, хат жайында БАҚ көздерінен білдім, демек хатты алдын ала оқып, қол қоятындай еш мүмкіндігім болған жоқ», – дейді Халықаралық бағдарламалар орталығы конкурстік процедуралар департаменті директоры Самал Қамарина. «Болашақ» ХБО бұрынғы қызметкері Ілияс Тілеубергенов те өз қолы қойылған хат жайында ақпарат құралдарынан біліпті.
Екі тараптың тартысы қоғамда қызу талқыланып, арты үлкен дауға ұласқан соң, министрлік бұл мәселені тексеруге алып, ішкі тергеу жүргізді. Бірақ арызда жазылғандай директордың туыстары мен жақындарын жұмысқа қабылдағаны және қызметкерлерге қоқан-лоққы көрсеткені дәлелденбеген. Сондықтан министрлік қызметінен уақытша шеттетілген Мелдешовті өз орнына қайта отырғызды. Тек қызметтік этиканы бұзғаны үшін қатаң сөгіс жариялады. Сондай-ақ, министрлік ішінен құрылған комиссия осы дау аясында жұмыстан шығып қалған мамандарды да қызметіне қайтару туралы шешім қабылдады.
Борышкер болашақтықтар
Бұл даудың қыр-сыры бізге беймәлім. Бірақ бір анығы – Мелдешов болашақтықтарға құйылған мемлекет қаржысын ел игілігіне айналдыруды көздеді. Өйткені соңғы жылдары бағдарлама бойынша білім алып, шетелден қайтпай қалған стипендианттардың қарасы көбейген. 2005 жылдан бері шәкіртақы саны артып, 3 мың шәкіртке тағайындалып келеді. Сол уақыттан бері «Болашақ» иегері атанып, елге оралмай қалғандардың саны 155 адамға жеткен. Олардың мемлекетке қарызы – 1,9 миллиард теңге. Бұл қаржының шамамен 500 миллион теңгесі ғана қайтарылған. Бағдарлама талабы бойынша оқуы тәмамдалған соң, елге оралмай қалған білімгерлер бөлінген қаражаттың тиынына дейін түгендеп, мемлекетке қайтаруы тиіс. Өйтпеген жағдайда кепіл ретінде қойылған мүліктерінен айырылып қана қоймай, заң алдында жауап беруі мүмкін. Мемлекетке қыруар қаржы қарыз болып отырған болашақтықтардың өз уәжі бар. Борышкерлердің бірі Мақсат Қалқабай «Болашақ» бағдарламасы бойынша Малайзияда білім алған. 2006 жылы ол білім қуып шет елге аттанған еді. 2010 жылы дипломын қолына алған Мақсат білім алуы үшін мемлекеттен бөлінген қаржыны өтеу мақсатында елге оралады. «Salam Study» компаниясына 50 мың теңге жалақыға сандық технологиялар менеджері болып жұмысқа орналасады. Өзінің қарым-қабілеті мен білім-білігінің жоғары екенін дәлелдеген «Болашақ» түлегі біраз уақыттан кейін компания менеджері қызметіне тағайындалады. Уақыт өте Халықаралық бағдарламалар орталығына Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметінен Мақсат мырзаның шет елге көп шығатыны туралы мәлімет түседі. Осыдан бастап, Халықаралық бағдарламалар орталығында М.Қалқабай қағаз жүзінде жоғарыда аталған компанияның жұмыскері болғанымен, іс жүзінде шет елде тұрып жатыр деген күдік туындайды. Сол себепті Мақсат Қалқабай шәкіртақыдан айырылып, білім алуы үшін жұмсалған қаржыны мемлекетке қайтаруға міндеттеледі. – Менің жұмысым шынында да шет елге көп шығып тұруымды талап етеді. Келісімшартта да шет елге шығуға тыйым салынатыны туралы сөз қозғалмаған. Жарайды, егер келісімшартқа қарама-қайшы келетін әрекет жасап жатқан болсам, жазбаша немесе ауызша ескерту жасаса да болар еді ғой. Мен стипендиядан айырылдым да, соттың көмегіне жүгіндім. Тіптен ол жақтағы заң қызметкерлері де мені қолдады. Егер келісімшартта бұл туралы көрсетілмесе, мені себепсіз стипендиядан айыруға ешқандай құқықтары жоқ деп ойлаймын. Әділеттілік қайда? Білесіз бе, тіпті сотқа өткен қағаздардың өзінде қателіктер кеткен. Мен Малайзияда білім алғаныма қарамастан, АҚШ-та оқыды деп көрсеткен. Түсінгенім, оларға сен қай елде оқыдың, қайда жұмысқа орналастың – бәрібір, тек сенен ақша өндіріп алса болғаны, – деп қынжылады «Болашақтың» түлегі. Мұндай жағдай тағы бір болашақтық Саида Литошты да айналып өтпеген екен. Саида 2009 жылы аталмыш бағдарламаның стипендиаты атанған болатын. Елге келген соң әлемдік «Thomson Reuters» компаниясына жұмысқа орналасып та үлгерген еді. Саиданың айтуынша, Қазақстанның БАҚ-тарында алтынның бағасына болжам жасап жүріпті. Бұл қызмет те шет елге көп шығуды талап ететін көрінеді. Қазақстанда жұмыс істеуге міндеттелген бес жылының 27 айын шет елде өткізуге тура келсе керек. Нәтижесінде, Саида Литош та мемлекетке қарыз болашақтықтардың қатарына қосылды. Пенде болған соң, денсаулығыңның сыр бермей тұрмайтыны анық. Оның үстіне шет елдің климатына бейімделуге де уақыт керек шығар. АҚШ-қа білім алуға кеткен Қымбат Айжарқынның да денсаулығы сыр беріп, сабақ үлгерімі нашарлап, қажетті баллын жинай алмай қалады. Шет елде жүріп ауыр науқасқа ұшыраған бұл студенттің жағдайы Халықаралық бағдарламалар орталығын мазалай қоймайды. Өйткені «Болашақ» бағдарламасымен шет елде оқуға қажетті құжаттардың арасында денсаулығында ешқандай кінәрат жоқ екендігі туралы анықтама болуы қажет. Ал науқастана қалған жағдайда, орталыққа тағы да біраз анықтама қағаздары жеткізілуі тиіс. Алайда бұл талапты орындай алмаған Қ.Айжарқын мемлекетке 33 миллион теңге қарыз болып шыға келген. Қымбат денсаулығы сыр бергендіктен борышкерлер тізіміне қосылған жалғыз шәкірт емес. Тағы бір студент науқастанып, дәрігерлер оған «Шизоаффективті психоздың депрессиялық түрі» деген диагноз қойған. Бұл науқасы туралы анықтаманы «Халықаралық бағдарламалар орталығына» дер кезінде жеткізсе де, төрт миллион теңге көлемінде қарыз арқалапты. Студенттердің бір бүккені бар ма, әлде орталық қызметкерлері расында да заңсыздыққа жол беріп жүр ме – мұның бәрі министрліктің кешенді тексеруінен соң анықталады. Алайда болашақтықтардың арасында мемлекетті алдап соққысы келетіндердің бар екенін жоққа шығара алмаймыз. Бірнеше жыл шет елде білім алып, елге оралғысы келмей, онысымен қоймай, мемлекетке қарызын төлеуден бас тартып, Қазақстандағы қызметі шетелде тұруға мәжбүрлейтінін айтып ақталатындар, емтихандардан аз балл алып қалса, арнайы медициналық анықтамаларды сатып алып жататындар да аз емес көрінеді. Сондықтан мемлекет болашақтықтарға бақылауды күшейткен. Бағдарлама бойынша білім алатын әрбір стипендиатқа жылына он мың доллардан астам қаражат жұмсалады. Аз ақша емес, оның қайтарымы болуы керек.Бағдарлама талаптары күшейтілді
Қазіргі уақытта 25 елде 1 277 стипендиат оқып жатыр. Бағдарлама құрылған 23 жыл ішінде ұлттық экономика салаларында 9 339 маман дайындалған. Олардың 2 мыңнан астамы инженерлер, екі мыңға жуығы мектеп және ЖОО оқытушылары, 600-і дәрігер, 400-і мемлекеттік қызметкер, 200-і шығармашылық саласындағы мамандар және 2 мыңнан астамы ұлттық және жеке компаниялардың маманы. «Халықаралық бағдарламалар орталығының» мәліметінше, «Болашақ» түлектерінің 98 пайызы жұмыспен қамтылған. Олардың ішінде 56 пайызы мемлекеттік ұйымдар мен мекемелерге, 29 пайызы жеке секторға, 12 пайызы халықаралық ұйымдарға және тек 1 пайызы ғана ұлттық компанияға орналасқан. Жұмысқа орналастырылмаған 2 пайызы – оқуын аяқтап, шетелдік дипломының түпнұсқасын күтіп отырған түлектер. «Болашақ» – жақсы жұмыс, жоғары жалақының кепілі. Өйткені жұмыс берушілер үшін шетелдің озық оқу орындарына білім алып, жат жұрттың тәжірибесін меңгеріп келгендер елде білім алған қатарластарынан көш ілгері тұрады. Сондықтан «Болашақ» иегерлері болуға ниетті жастардың қатары жылдан жылға артып келеді. Талапкерлер көбейген сайын оларды іріктеу де қиындай беретіні түсінікті. Шәкіртақыны лайықтыларға беру үшін биыл бағдарлама талаптары күшейе түсті. Академиялық бағдарламалар үшін (магистратура, докторантура, резидентура) үміткерлердің барлық санаттарына іріктеудің жаңа қағидаларына сәйкес бакалавр немесе маман дипломының орташа балына қойылатын талаптар 3.0-ден 3.3 (4.0/4.33-тен) GPA деңгейіне дейін өзгертілді. Бұдан бөлек, «магистратура» бағдарламасы бойынша үміткерлердің барлық үлестік санаттары үшін ағылшын тілін меңгеру деңгейінің өлшемшарттары IELTS жүйесі бойынша 5.0 балдан 5.5 балға дейін көтерілді. Сонымен бірге, IELTS 6.5 және одан жоғары сертификаты бар, сондай-ақ GPA 3.3 және одан жоғары дипломы бар тұлғаларға конкурсқа қатысу үшін «жалпы конкурс» жаңа санаты енгізілді.Үміткерлердің осы санаты үшін жұмыс өтілі мен жұмыс беруші өтінімінің болуына талап қойылмайды. Осы санат магистр дәрежесін алу үшін стипендиаттардың басқа санаттарымен қатар, оқу елінің білім беру және әлеуметтік-мәдени ортасына бейімделу мақсатында 2 айға дейінгі мерзімде оқу алдындағы даярлықтан (pre-master’s) өтуге мүмкіндік береді. Шәкіртақы тағайындау үшін үміткерлерді конкурстық іріктеу рәсіміне де өзгерістер енгізілді. 2017 жылдан бастап конкурс 6 (алты) кезеңнен тұратын болады. Қолданыстағы жүйе үміткердің бейінді даярлығы деңгейін, қажетті біліктіліктер, білімдер мен дағдылардың болуын, сонымен қатар олардың психологиялық қасиеттерін анықтайтын кешенді тестімен ауыстырылды. Стипендиаттар бұған дейін әлемдегі 70 үздік жоғарғы оқу орындарында оқуға мүмкіндік алып келсе, бұдан былай бұл тізімге Назарбаев университеті де енуі мүмкін. Жуырда осы университеттің түлектерімен кездескен Елбасы «Болашақ» бағдарламасы бойынша жастарды Назарбаев университетінде оқытатын мезгіл жеткенін айтты. «Бұл университет – біздің жаңа жаһандық талапқа стратегиялық жауабымыз. Болашақ» бағдарламасына бөлінетін қаржының бір бөлігін осы университетте оқытуға жұмсайтын кез келді. Нарыққа өз идеялары мен технологияларын ұсынатын жас ғалымдарға ақыл-кеңес, бастапқы капитал, кеңсе, маркетингтік және заңгерлік көмек түріндегі кешенді қолдау жасалуы тиіс», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Аз уақыт ішінде білім көкжиегінде өз орнын қалыптастырып үлгерген Назарбаев университеті ғылыми һәм техникалық әлеуеті, білім сапасы жөнінен шетелдің озық университеттерінің дейгейіне көтеріле білді. Сондықтан өзгенің үлгісіне ауыз ашып, көз жұма бермей, өз еңбегіміздің игілігін көретін, өз жетістігімізбен мақтанатын уақыт туды.