Жастар ел қажетіне сай кәсіп игеруі тиіс

Жастар ел қажетіне сай кәсіп игеруі тиіс

Жастар ел қажетіне сай кәсіп игеруі тиіс
ашық дереккөзі
Бүгінгі таңда жастар үшін ең басты мәселе – жұмыс табу. Оқу бітірген түлектер екі қолға бір күрек таппай, сенделіп қалмас үшін «Нұр Отан» партиясы жастарға бағдар беру, қоғам қажеттілігіне сай мамандық таңдау, игеріп шыққан кәсібі бойынша қолайлы жұмыс табуға көмектесу бағытында түрлі іс-шаралар ұйымдастырып келеді.  Апта басында партияның Алматы қалалық филиалының конференц-залында «Жас Отан» Жастар қанаты «Сәтті қадам» жобасы аясында жоғары оқу орындары және колледж түлектері үшін «Өзіңе сенімді бол!» атты семинар-тренинг ұйымдастырды. Аталған шараның басты мақсаты – жас мамандардың жұмысқа орналасуына көмектесу. Семинар-тренинг аудиторияға келушілермен диалог түрінде өткізіліп, әдістемелік тренингпен аяқталды. Іс-шара барысында жастар Қазақстан Республикасының Еңбек кодексімен танысты. Оларға жұмысты қайдан және қалай іздеу керектігі, жұмысқа тұру жөніндегі хабарландыруларды ой елегінен өткізу үйретілді. Түлектер жұмысқа тұру үшін өткізілетін сұхбаттасуға қатысу және түйіндемелерін білікті кеңесшілерге жолдап, жауабын алу мүмкіндіктеріне ие болды. Спикерлер таныстырылып отырған ұжымдардың қызметі жайлы түсіндіріп, жастармен тәжірибе бөлісті. Мемлекеттік қызмет жайлы көптеген сұрақтар қойылды. Алматы қалалық «Жас Отан» Жастар қанатының төрағасы Мәди Ахметов мемлекеттік қызметте мансапқа жету үшін жоғары біліммен бірге Қазақстан Республикасының заңдарын білу керектігі жайлы түрлі кеңестер берді. – Заңнамалар жинағы бойынша емтиханнан өткен әрбір азамат бір жылдың ішінде өзінің мамандығы бойынша мемлекеттік қызметке тұра алады. Мемлекеттік емтиханнан өте алмай қалған азамат екі ай ішінде дайындалып, қайта емтихан тапсыра алады, – деді Мәди Ахметов. Семинар-тренинг кезінде «Жастар тәжірибесі» жайлы сұрақтар қойылды. Қатысушыларға бұл жоба бойынша жұмыс жасаған адамдар – пәтер ұтып алу байқауына қатысу мүмкіндігі бары туралы құлаққағыс жасалды. Кездесу соңына қарай «Кеңес орталығының» қызметкері Жазира Рахымжан түйіндеме жазудың үлгісі мен сұхбаттасу кезінде өзін қалай ұстау керектігі төңірегінде әдістемелік тренинг жүргізді. Тренингке қатысушылар жұмысқа орналасушы және жұмыс беруші адамдардың рөлін сомдап көрді. Қазіргі таңда елімізде жеңіл өнеркәсіп мамандары қат. Жастардың осы салаға қызығушылығын арттыру үшін жуырда Маңғыстау облыстық «Нұр Отан» партиясы әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасы балаларына арнап «Жамал-ай» тігін фабрикасына саяхат ұйымдастырды. Балалар фабриканың тыныс-тіршілігімен жақын танысып, қызықтырған сұрақтарына жауап алды. Фабрика туралы жастарға  материалдық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Гүлдариға Қожагелдиева баяндап берді. Фабрика жұмысшыларға арналған арнайы киім үлгілері мен аяқ киімдер шығарады. «Жамал-ай» фабрикасы да өз тауарларын «Қазақстанда жасалған» маркасымен шығаруда.  Өнеркәіп орнында 150 адам еңбек етеді. 2016 жылы фабрика тауарларына «Халық маркасы» атағы берілді, ал ағымдағы жылы фабрика  өнімдері «Қазақстанның үздік тауарлары» аймақтық байқау-көрмесіне қатысып, «Халыққа арналған үздік тауар» атағына ие болған. – «Жамал-ай» фабрикасы 1993 жылы іске қосылған. Елбасы елімізде жеңіл өнеркәсіпті дамытуға баса көңіл аударып келеді. Біздің тауарларымыз Елбасы атап өткендей ыңғайлы, әдемі, сапалы және қолжетімді болуы керек. Тауарларымызға республиканың  басқа аймақтарынан да сұраныстар келіп түседі. Мысалы, жақында  Петропавл және Өскемен қалаларына әскери қызметкерлерге арналған киімдердің ірі партиясын жібердік, – деді Гүлдариға Қожагелдиева. Фабриканың аяқ киім цехын басқаратын Ақшагүл Желабаеваның айтуынша, фабрика күніне 400 пар жұмысшы  аяқ киімін шығарады. Аяқ киімдер таза былғарыдан тігіледі. Сондықтан тауарлар халықтың сұранысына ие болып отыр.  Сонымен қатар, тұтынушылардың сұранысын қанағаттандыру үшін фабрика тауар түрлерін көбейтіп, кеңейтуде. Олардың әрқайсысының өз талаптары бар, сондықтан өндіріс шығарылатын тауарлардың сапасын қатаң  бақылап отырады. – Біздің фабрикаға кескіндеушілер, құрастырушылар, технологтар жетіспейді. Дәнекерлеушілер, электриктер, механиктер және басқа да мамандар керек, – деді ол. Фабрика қызметкерлері балаларды  болашақта жеңіл өнеркәсіпке қажетті мамандықтарды игеруге шақырды. Балаларға саяхат өте ұнады, олар фабрика шеберлерінің жұмыстарын үлкен қызығушылықпен бақылап,  сұрақтар қойды, суретке түсті.