Есті ақынның елі бар елейтұғын

Есті ақынның елі бар елейтұғын

Есті ақынның елі бар елейтұғын
ашық дереккөзі

Ақын Есенқұл Жақыпбектің жары Меңсұлумен сыр-сұхбат

Демеу болар ағайын көп десек те,

Сенен басқа жоқ екен-ау, ешкімім... 

Е.Жақыпбек, «Әйеліммен әңгіме» өлеңінен

Өнерін халық сүйген белгілі айтыскер, ақын, журналист Есенқұл Жақыпбектің өмірден озғанына да аттай үш жыл өте шыққан екен. Сағынышқа айналған сабаз ұлдың асыл жары Меңсұлу Нағашыбек ақынның артында қалған мұраларын жинастырып, Бірлік ауылындағы ақының ата-анасымен бірге тұрған үйін мұражайға айналдыруға талпынып жүр. Қазақтың ақын ұлымен бір шаңырақ астында 36 жыл ғұмыр кешкен аяулы жар, асыл ананың сағынышқа толы сыр сұхбатын назарларыңызға ұсынамыз. ‒ Есенқұл аға өмірден өткелі де біраз жыл өтіпті. Ақынның шығармашылық кештері жиі өтіп тұратын көрінеді. ‒ Есенқұл өмірден өткелі жыл сайын туған күнінде аудан орталығындағы мәдениет үйлерінде шығармашылық кеші өткізіліп жүр.  Биылғы қаңтардың орта шенінде Қаскелең ауданы жақсы кеш өткізді. Алдында Жамбыл ауданының азаматтары әдемі кешін жасады. Мектептерде  ұстаздардың, оқушылардың дайындауымен Есенқұлды еске  алуға арналған шығармашылық кештер өтіп тұрады. Ұйымдастырушылар шақырса барлығына да мүмкіндігінше қатысып қайтамын. Кештерде естеліктер айтылады, әндері шырқалады, өлеңдері оқылады. Сағынасың, жылайсың... Есенқұл дүниеден өткен соң екі томдық шығармалар жинағы шықты. Бір томы поэзия, екіншісі шығармашылық жазбаларына арналған. ‒ Ол кісі соңғы рет «Айтылмаған әңгіме» бағдарламасының түсіріліміне қатысып келгеннен кейін дүние салды.  Сол күнгі көңіл-күйі қалай еді?  ‒ Үйге жап-жақсы оралған, көңіл-күйі де тамаша.  Одан айырылып қаламыз деп ойлаған жоқпыз. Бағдарламаның түсірілімінен кештеу шыққандықтан, оны күтіп отырдым. Ұзынағашқа жеткенше жол-жөнекей аудандағы шәкірттерімен бірге тамақтанып келгендігін айтты. «Шөл басатын салқын шәйің болса, берерсің, шаршап тұрмын, жатып демалайын» деді. Есенқұл көптен бері намаз оқитын,   жуынып алды да, сол күні қарбаласта қаза кеткен намазын оқып, бір кесе шәй ішті де, демалуға бет алды. «Бәйбіше, әңгімені ертең шәй ішіп отырып айтамыз» деген еді. Сыртқа шығып, қора жақтарды қарап келсем, шаршаған болар, ұйықтап кетіпті. Өзі де басы жастыққа тисе болды қорылдап ұйықтайтын, қатты ұйықтап жатқасын мазасын алмайын деп, шаруаларымды тындырып, түнгі сағат екіден асқанда залдағы диванға қисая кеттім. Таңғы сағат 5 болыпты. Есенқұл қатты қиналып жатыр екен. Жүгіріп қасына барып: «Есенқұл, Есенқұл», ‒ дедім. Тынысы тарылып, жүрегі қысылып жатыр екен. Ары-бері аунаттым, оянбай қойды. Жүгіріп барып, ас үйден қасық әкеліп, аузына қасық салғанымда «уһ» деп тыныстады. Содан бірден жедел жәрдемге қоңырау шалдым. Әрине, кешігіңкіреп келді. Мүмкін, ертерек келгенінде аман алып қалар ма еді деп ойлаймын... Менің жәрдемім көмектеспеді. Өкінішті. Таңғы сағат бес жарымда бізбен, пәни жалғанмен қоштасып кете барды. ‒ Есенқұл аға екеуіңіз қалай таныстыңыздар? ‒ Біз отыз алты жыл бір шаңырақ астында бірге тұрыппыз. Бір қыз, бір ұл тәрбиеледік. Есенқұл екеуміз алғаш рет 1977 жылдың 7 қарашасы күні танысқан едік. 1977 жылы осы Ұзынағаштағы «Красная армия» көшесі, қазіргі Мақатаев көшесінде орналасқан редакцияның қасында аға-жеңгемнің үйі бар болатын. Жеңгем Есенқұл жұмыс істейтін «Екпінді еңбек» газетінде машинистка еді. Біздің үйіміз редакцияға жақын орналасқан. Әкем ерте қайтыс болып кетті. Мен оқуға түсе алмай қалдым. Анамыз екеуміз үйде бірге тұратынбыз. Күнкөріс үшін сол тұста қағаз шығаратын комбинатта жұмыс істейтінмін. Күнделікті жүретін жолым редакцияның алдынан өтетіндіктен Есенқұл  үнемі көріп жүреді екен. Бір күні жеңгеме келіп: «Осы қызға үйленсем қайтеді?», ‒ депті. Жеңгем: «Сен Меңсұлуға үйленсең, бағыңның жанғаны ғой, ол жалғыз шешесін бағып отырған қыз», ‒ деп қайын сіңлісін мақтапты. Бір күні таныстық, содан сөйлесіп жүрдік. Әрине, ол мені ұнатқаннан кейін кезекті бір мерекеде Бірлік ауылында тұратын бір досын туған күнінде достарымен бірге құттықтап шығамыз деп үйден ертіп шықты. Еріп барған үйім Есенқұлдың өз үйі екен. Алданған екенмін, үйдегі үлкен кісілер орамал салып, келін қылып алып қалды. Содан 24 жасымда Есенқұлға тұрмысқа шықтым. Үйленгеннен кейін екі-үш айдай анамның қасында тұрдық.  Онан кейін Есенқұлға екі бөлмелі пәтер берілді. Екеуміз де жұмыс істедік. Оның жас кезі ғой, газетке фельетонды көп жазатын. Бір жолы фельетон жазам деп, жұмыстан да шығып қалды. ‒ Не туралы жазды екен? ‒ Есенқұлды жұмыстан шығарып жіберген сол фельетонды өзім де таппай қойдым. Ол өзі ұқыпты болса, бұлай іздемес едім. Соңғы кездері оның шығармаларын жинастыру мақсатында Кітап палатасының мұрағатын ақтарып жүрмін. Фельетон жазамын деп жұмыстан қуылған соң, Алматы қаласына жұмысқа тұрды. Бірақ онда пәтеріміз болмағандықтан, барып-келу қиын болғандықтан, ұзақ істей алмады. Біраз уақыт мектепте де қызмет істеді. Кейіннен «Атамекен» газетіне жұмысқа орналасты. Содан өмірінің соңына дейін осы газетте еңбек етті. ‒ Ол кісі шығарма жазғанда, шабыты келгенде қандай бап талап ететін? Есіңізде қалған сәттерді айтып беріңізші... ‒ Есенқұл шығарма жазуға отырғанда оған сөйлей алмайтынмын, себебі ол ешкімді естімейді, көрмейтін де еді. Оның шабыты таңға жақын келетін. Таң намазын оқып алып, таңғы шәйға дейін көсіліп өлең жазатын. Жазып болған соң: «Ал, бәйбіше, шай ішейік» дейтін. Содан шәй үстінде не жазғанын айтып беретін, өлеңін оқитын еді. Менің де асыға күтетінім осы сәттер болатын. Амал қанша, соңғы рет төсегіне жатар алдында ертең бағдарламаның түсірілімі жайлы айтып беремін деп еді. Мен де соны тыңдамақ едім. Ең соңғы рет сол әңгімесін айта алмай көз жұмды ғой. Халыққа кең тараған «Біздің елдің жігіттері» және «Алдай- ау» деген біраз әндері бар. «Біздің елдің жігіттерін» 80-жылдары жазды ғой деймін. Анық есімде жоқ. Сол кезде біздің ауылда бір оқиға болып, Жәкен Омаров «Ой, сіздің ауылдың жігіттері қандай?» деп соған тамсанып жүрген екен, «Онда сен әнін жаз, мен сөзін жазайын» деп екеуі осы әнді өмірге әкелді. Ал, «Алдай- ау» әні  одан бұрын шықты. Себебі Есенқұл бірде қатты ауырды.  Ауырып дәрігерлерге көп қаралды. Арқасы бар адам көп ауырады екен ғой! Содан кейін Қастек деген жерде бір емші бар деп, сол емшіге барды. Ол қарапайым қазақы шал екен. Кәдімгі Құран дұғаларымен, ескіше емдейтін көрінеді. Сол емші шал «Аллам-ай» дегенді «Алдай-ау» деп айтады екен. Емшінің жасы тоқсанға келіп қалған кісі. Сол кісі емдеп жүргенде осы әнін өмірге әкелді. Содан соң, маған арнаған «Әйеліммен әңгіме» деген өлеңі бар. Қайта құру басталды ғой бір кездері. Екеумізде көп уақыт айлық алмадық. Ол кезде ол мектепте жұмыс істейтін. Өмір сүру керек қой. Не істейміз?! Үйде айтыстан келген жаңа теледидарлар бар еді, оны саттық, 5-6 кілемдерім бар еді, оны да саттық. Не бар, бәрін сатуға тура келді. Бір туысқан інімнің  егін егетін жерлері бар-тын. Олар арпа, бидай егіп, қол диірменмен тартып, базарға сата бастады. Содан кейін: «Сендердің ұн сатушыларың мен-ақ болайын. Базарда сатып беремін», ‒ деп айттым. Олар ертеңгісін маған ұнды әкеп беретін, сөйтіп базарда сатушы болдым. Күнде 20-30 қап ұн әкеп тастайды. Сонда әр қаптан 50-ақ теңгеден пайда көретін едім. Халықта да жағдай жоқ кез. Үйде балалар бар, екеуі де оқиды. Сабақтан кейін маған болысып, арба сүйреуге көмектесетін. Ұн алғандардың затын көлігіне дейін апарып беріп жүрді. Есенқұл қолы боста базарда қасымда жүретін. Оған: «Сен үйге қайта берші», ‒ деймін. Ол үйге барып пеш жағатын. Ас үйдегі пештің күлін базардан келгенімше қоярда қоймай шығарып тастайтын. Әрине, толтырып салған күлі шашылып жататын. Оны қайта жинаймын. Оған: «Айналайын, пеш жақпай-ақ қойшы, жан-жақты шашып тастапсың», ‒ деймін. Ол: «Кешке әйелім келгенде үй жылы тұрсын дегенім ғой», ‒ дейтін. 1982 жылдан бері осы үйде тұрамыз. Шығармаларының көбісі осы шаңырақта туды. Содан бір күні пешке от жағып қойып, пеш түбінде жатып «Әйеліммен әңгіме» деген өлеңін жазыпты. Онда: Жайлап алып жаны жылы пеш түбін, Шүңкілдесіп отырамыз кешқұрым. Демеу болар ағайын көп десек те, Сенен басқа жоқ екен-ау, ешкімім.   Белің сынып кететіндей күтірлеп, Барған сайын бара жатсың бүкір боп. Менің тақыр тауқыметім тұрғанда, Саған осы өле-өлгенше күтім жоқ, ‒ деп жазған. Соңғы шумақтарында   әзілі аралас, әдемі назы бар өлең. Жас күнімде біраз өлеңдер арнады. Орыс  мектебінде  оқығандықтан, алғаш танысқан кездерімізде өлеңдерін түсіне алмай, тіпті онымен сөйлесуге жетпей қалатын қазақшамнан ұялатынмын. Шешем татар қызы, әкем қазақ болды. Бір кездері  сотта қылмыстық істерді жүргізуде хатшы болып жұмыс істедім, сол жерде қазақша жазып және үйленгесін Есенқұлдың өлеңдерін машинкада теріп, қазақ тілін жап-жақсы меңгеріп алдым. ‒ Есенқұл аға айтыс сахнасында да өнер көрсетті. Шәкірттері көп шығар... ‒ Айтыс сахнасында 25 жылдай жүрді. Айтысты қойып кеткен себебі бір жағынан жасы келіп қалды, оның үстіне айтыспен көп жүрем деп жазба шығармашылығы қалып қоятын болды. Одан бөлек, айтыста көптеп жастар шыға бастады. Соларға да жол берейін деген болар. Есесіне, көптеген өлеңдерін жазып қалдырды. Үйге достары көп келетін, қонақ келсе қуанатын. Айтысқа бірге барып жүрген Шорабек, Серік Қалиев және басқа да ақын-жазушылар көп келіп тұратын. Үйге қонақ шақырғанды жақсы көретін, әңгімелесетін. Сосын алысқа айтысқа кететін, үйде ұстап отыра алмайсың, бірақ қызғанбайтынмын. Айтыс саханасына біраз шәкірттер тәрбиеледі. Олар да үнемі Есенқұлды қуантып, жақсы нәтижелер көрсетіп жүрді. Ол көбінесе махаббат туралы жазды. Менің білуімше, маған дейін жақсы көрген қызы болған екен. Бұл әскерге кеткенде ол қыз тұрмысқа шығып кетіпті. Сол қыз шығармашылығына басты прототип деп ойлаймын. Ал енді өмірдегі қиыншылық, қуанышты, әрине, жары ретінде менімен бөлісіп отырды. Әсіресе соңғы 10 жылда қыз тұрмысқа шықты, ұл қызмет бабымен бөлек отау болып кеткесін  бір-бірімізбен жиі сыр бөлісіп, бақытты ғұмыр кештік. ‒ Ақынның артында қалған мұрасын, шығармашылығын насихаттау үшін қандай жоспар құрдыңыздар? ‒ Есенқұлдың мұрасының барлығы қолымда. Шәкірті Меруерт те  реттесіп жүр. Оның өлеңдеріне жазылған әндер көп. Қарасай ауданы соған байланысты ән кешін ұйымдастырды. Алдағы уақытта сол кештің таспасын да  шығармақшы. Концертті екі композитор азамат ұйымдастырған екен.   Қазір Алматыдағы мұрағатқа барып жүрмін, Есенқұлдың 1980 жылдары жазған дүниелерін, кейбір басылымда жарық көрмей қалған еңбектерін алдағы уақытта  жарияламақшымын. Жоғарыда айттым ғой, Есенқұл кезінде  сықақ әңгімелер жазған. Қазір соларды іздеп жүрмін. Болашақта бәрін жинақтап, бір кітап шығармақшымыз. Айтыстарын, өлеңдерін бір кітап етіп шығару ойда бар. ‒ Ол кісі өнерге адал болды. Қандай да құрметке лайықты жан деп білеміз. Өзі оқыған мектеп пен туған ауылындағы көшеге атын беру  ойларыңызда жоқ па? ‒ Иә, ондай жоспарлар бар. Есенқұлға арнап музей ашу  арманым. Бірақ, көшеге оның есімін беру мен музей ашу үшін қайтыс болғанынан бес жыл толуы шарт екен. Өзі туып-өскен ауылға атын берсе деген ниеттемін. Есенқұлдың да айтып кеткен арманы еді. Ол ауылда ата-анасының үйі бар. Сол үйді кейін музей қылыңдар деп айтып жүрді... – Әңгімеңізге рахмет! 

Сұхбаттасқан Жәнібек ҒАЛЫМ